Соғысқа дайындықтың өзі қыруар қаржыны талап етеді. Ал экономикалық қиындықтар көбейіп, мемлекеттік қарыз ұлғайып, бюджет тапшылығы күшейген шақта әскери шығынды қалай өтеуге болады? Солтүстік Атлантика альянсы бұл мәселені НАТО банкін құру арқылы шешпек. «Қорғаныс, қауіпсіздік және тұрақтылық банкі» (DSRB) деп аталатын қаржы ұйымы құрылтайшы мемлекеттердегі саяси биліктің ауысуына қарамастан, қорғаныс саласына үздіксіз қаржы тартуды көздейді. Бұл бастама 2019 жылы көтерілгенімен, қаражат тапшылығынан оны жүзеге асыру ісі баяу жүріп жатыр.
Алайда НАТО-ның DSRB (Defence, Security and Resilience Bank) банкін құру бастамасы Батыстағы соғысқұмар күштердің ортақ мүддесінен ғана туған жоқ. Бұл жоба олардың өзара бәсекесінің де қаншалықты күшейгенін көрсетеді.
Бұл бастаманы іс жүзінде жүзеге асыруға Канада, Ұлыбритания, Албания, Бельгия, Грекия, Түркия, Румыния, Латвия, Люксембург және Украина дайын. Қаржы консорциумының штаб-пәтері Канаданың Монреаль қаласында орналасады.
Жаңа банкке мемлекет қаржысымен қатар жеке инвесторлардың да қаражатын тарту көзделген. Оның үстіне қаржы тек Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінен ғана жиналмайды. Мәселен, өткен аптада Жаңа Зеландия DSRB-ге қосылудан бас тартты. Одан мүшелікке өту үшін небәрі 56 миллион доллар жарна сұралған еді.
НАТО банкі арқылы әскери шығындарды қаржыландырудың тағы бір мақсаты бар. Бұл – қорғанысқа бөлінетін қаражатты саясаткерлердің қарсылығы мен халықтың наразылығына қарамастан сақтап қалу. Билікке қандай үкімет келсе де, мемлекетаралық міндеттемелер мен облигациялар бойынша алған міндеттерін орындауға тиіс болады. Инвесторлар облигацияларды сатып алады, ал әскерилер түскен қаржыға қару-жарағы мен техникасын жаңартады.
Уақыт та тығыз. Өйткені еуропалықтардың өздері Ресеймен соғыс 2029–2031 жылдар аралығында басталуы мүмкін деген мерзімді белгілеп қойған. Алайда ірі державалардың өзара қайшылығы да жойылған жоқ. Мемлекеттік қарызы 4,3 триллион долларға жеткен Франция мен 3,5 триллион доллар берешегі бар Германия өз қаражатын англосакстардың бақылауына бергісі келмейді. Екі ел де ақшасын өздері жұмсауды жөн көреді. Дегенмен Франция мен Германия ұсынған бастамалардың ешқайсысы ұйымдық құрылымы мен саяси қолдау тұрғысынан НАТО банкі жобасындай ілгерілей алған жоқ.
Алайда қорғаныс саласындағы тапсырыстарды қаржыландыру тәртібі әлі де түсініксіз. Қағаз жүзінде DSRB арқылы жұмсалатын қаражат мемлекеттердің қаржылық жағдайына тікелей әсер етпейтіндей көрінеді. Бірақ НАТО банкінің міндеттемелері үшін түптеп келгенде үкіметтер жауап береді. Өйткені олар банкке капиталдың екі түрін ұсынады: нақты төленетін және қажет болған жағдайда талап етілетін капитал.
Нақты төленетін капитал банкке мүше болған кезде бірден аударылады. Бұл қаражат банктің төлем қабілетін қамтамасыз етіп, жұмысын бастауына мүмкіндік береді. Жарна мемлекеттік қарызға қосылғанымен, жылдық бюджет тапшылығына әсер етпейді екен. Неліктен бұлай екені түсініксіз. Сірә, ресми қаржылық есеп жүргізудің өзіндік айла-тәсілдері болса керек.
Ал талап етілетін капитал дегеніміз – банк дағдарысқа ұшыраған жағдайда мүше мемлекеттердің оған қаржылай көмек көрсету міндеттемесі. Мұндай кепілдік банктің ең жоғары AAA кредиттік рейтингін алуы үшін қажет.
Осы тұста жағдай тіпті күрделене түседі. Мәселен, Ұлыбританияның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімінің 100 пайызына жуықтады. Ал кейбір сарапшылар қарыз ЖІӨ-нің 80 пайызынан асса, елдің қаржылық жағдайын түзету аса қиынға соғады, мұндай көлемдегі міндеттемелерді орындау мүмкін болмайды деп есептейді. Оның үстіне Standard & Poor’s агенттігі Ұлыбританияның кредиттік рейтингін AA деңгейінде бағалап отыр. Демек, Лондонның өзінде ең жоғары AAA рейтингі жоқ.
НАТО банкі құрылтайшы елдер алдындағы міндеттемелерін орындауы үшін Ресей Федерациясын соғыста жеңіп, байлығын талан-таражға салуы керек. Бірақ соғыстан түскен олжаны бөлісу тәртібін банктің жарғысына енгізу екіталай. Өйткені бұл – болашақ соғысқа қатысушылардың өзара келісімі емес, халықаралық қаржы ұйымы.
DSRB жобасының өзі бір нәрсені анық көрсетіп отыр: билік басындағы топтар соғыс ашуға бел буса, қаражаттың жоқтығы оларды тоқтата алмайды. Олар ақша тапшылығын шешуге болатын мәселе деп қабылдап, қажетті қаржыны табудың жолдарын белсенді түрде іздестіреді.
Қазақстан үшін Батыстың жаппай қарулануының қауіпті тұсы да осында. Еуропа мен Солтүстік Америка саясаткерлері халықаралық шиеленісті барған сайын күшейтіп барады. Соның салдарынан қақтығысқа араласуды қаламайтын бейтарап елдердің өзі кез келген жағдайға сақадай сай болуға, қорғаныс шығындарын арттыруға мәжбүр.




