Евразия24Басты бетҚазақстанда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны өсті

Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны өсті

|

|

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2025 жылдың қорытынды қылмыстық есебін жариялады. Мәліметтерге сүйенсек, қуанарлық жағдайлар да жоқ емес: жалпы қылмыс саны мен аса ауыр қылмыстардың деңгейі төмендеген. Алайда, осы оң динамиканың аясында балалар арасындағы қылмыс пен балаларға қарсы жасалған қылмыстардың күрт өсуі ерекше көзге түседі. Мұның себебі неде? Мәселенің мәнісін саралап көрейік.

ҚЫЛМЫС КӨРСЕТКІШІ: ЖАЛПЫ ДИНАМИКА

Қазақстандағы қылмыстық ахуалды тереңірек түсіну үшін жалпы көрсеткіштерге тоқталайық. Елімізде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 6,6%-ға төмендеді: егер 2024 жылы 132,7 мың дерек тіркелсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 123,9 мыңға дейін азайған. Әсіресе аса ауыр қылмыстардың 60,5%-ға бірден азаюы айтарлықтай нәтиже болды — өткен жылғы 3 мыңнан астам дерек биыл 1,2 мыңға дейін кеміді. Жалпы оң динамикаға тек ауыр қылмыстардың 7,6%-ға өсуі көңіл көншітпейді. Өткен жылы бұл санатта 40 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелді.

Жалпы алғанда, Қазақстанда қылмыстың ашылу деңгейі 2,4%-ға жақсарып, 53,1%-ды құрады. Бұл әлемдік деңгейдегі жаман көрсеткіш емес. Мәселен, 2023 жылы АҚШ-та кісі өлтіру қылмыстарының ашылуы 50%-дан төмен болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бірнеше жылдан бері 70%-дан асып келеді, ал 2025 жылы тіпті 98%-ға жетті.

Айта кетерлігі, 2025 жылы Қазақстанның құқық қорғау органдары «Бандитизм» бабы бойынша бірде-бір қылмысты тіркеген жоқ. Сонымен қатар, қарақшылық пен тонау деректері 20%-дан астамға азайды. Ұрлық, соның ішінде пәтер тонау мен ұялы телефондарды жымқыру жағдайлары 23,9%-ға төмендеген.

Алайда, алаяқтық секілді зияткерлік қылмыс түрлеріне келгенде, Қазақстан полициясы әзірге қауқарсыз болып тұр. Ресми деректер бойынша, 47 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркелсе, соның 30 мыңға жуығы — интернет кеңістігінде орын алған. Бұл саладағы құқықтық статистика 26,2%-дық өсімді көрсетіп отыр. Ең сорақысы — жалған банктерден келетін СМС-хабарламалар мен төлем карталары арқылы жасалатын алаяқтық көрсеткіштері барлық рекордтарды жаңартты. Олар тиісінше 89%-ға және 120,3%-ға өскен. 2025 жылы мұндай қылмыстардың саны 7 мыңнан асты. Ал олардың ашылу деңгейі әлі де төмен — небәрі 36,8%.

Қазақстандықтардың «бұзақылық» жасауға деген әуестігі едәуір басылған: өткен жылы бұл бап бойынша қозғалған істер 2024 жылмен салыстырғанда 9,2%-ға азайды (1615 деректің орнына 1466 жағдай). Алайда, есірткі саудасына қатысты жағдай керісінше — мұнда заңсыз айналым көрсеткіші 9,3%-ға өсіп, 2,6 мың қылмыс тіркелді.

Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігін қорғау бағытында жазаның қатаңдатылуы статистикаға оң әсерін тигізе бастағаны анық. Балаларды зорлау дерегі 4,4%-ға, ал жыныстық сипаттағы өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерінің тіркелу саны бірден 24,6%-ға азайды.

Тағы бір назар аударарлық жайт – бұрын сотталған ересектер тарапынан жасалатын қылмыстар саны азайған. Алайда балалар қылмысы бірден 30,5%-ға өсіп отыр: егер алдыңғы жылы 1,9 мың дерек болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,5 мыңға жуықтаған. Оның ішінде 199 бала кезекті қылмысқа барған кезде олардың алынбаған немесе өтелмеген соттылығы болған. Мұндай «қайталанған» қылмыстардың саны 2024 жылмен салыстырғанда 79,3%-ға артып кеткен. Сонымен қатар, балаларға қарсы жасалған қылмыстар да 1,1%-ға өсіп, 3,3 мыңнан асты.

Қоғамдық орындарда, оның ішінде көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтардың азайғаны тіркелді. Бірақ отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында, керісінше, қылмыс саны шамамен 10%-ға өскен.

Ересектер арасындағы суицид көрсеткішіне келсек, ерлер арасында – 3,6%-ға, ал әйелдер арасында – 13,4%-ға төмендеу тіркелді. Айта кетерлігі, Қазақстандағы барлық өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының үштен екісі ересек ер адамдарға тиесілі: жалпы 3215 деректің 2593-і солардың үлесінде. Ал балалар мәселесі әлі де күрделі жағдайда қалып отыр – 2025 жылы кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны алдыңғы жылмен салыстырғанда өскен (175-тен 199-ға дейін).

Жалпы алғанда, 2026 жылы Қазақстандағы қылмыс деңгейі әр 10 мың тұрғынға шаққанда 61 оқиғаны құрады. Бұл – қалыпты көрсеткіш. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша әлемдік қылмыс деңгейі рейтингінде Қазақстан 148 елдің ішінде 76-орында тұрды.

«ОТЫРЫП – ШЫҚТЫМ» БУЫНЫ

Жалпы алғанда қылмыстық ахуал салыстырмалы түрде тұрақты болып көрінгенімен, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуі алаңдатпай қоймайды. 2025 жылы қандай жағдай орын алды, не себепті жасөспірімдердің көбі қылмыстық ортаға тартылды?

Болжам түрінде айтсақ, қылмыстық жауапкершілік жасы саналатын 14 жасқа 2020–2021 жылдардағы пандемия кезеңінде әлеуметтік оқшаулануда болған және цифрлық ортаға шамадан тыс тәуелді болып өскен жасөспірімдер жеткен. Қазіргі таңда бұл жасөспірімдерде бетпе-бет әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларына қатысты қиындықтар байқалады. Сонымен қатар олар интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтарға – дропперлікке, алаяқтыққа, тыйым салынған заттарды жасыру және тарату әрекеттеріне жиі тартылуда. Балалар санасында қылмыс ұғымы, әдетте, нақты бір адамға келтірілген физикалық зиянмен ғана байланыстырылатынын да ескеру қажет. Ал «мен ешкімді ұрған жоқпын» деген түсінік болған жағдайда, мұндай әрекеттер кәмелетке толмағандардың тарапынан қылмыс ретінде қабылданбайды.

Сонымен қатар 2025 жылы инфляцияның үдеуі аясында қазақстандықтардың нақты табысы айтарлықтай төмендеді. Отбасылардың қарыз жүктемесінің артуы, қосымша жұмыс арқылы кірісті бұрынғы деңгейге жеткізуге ұмтылыс ата-аналардың балаларына бөлетін уақытының қысқаруына сөзсіз әсер етті. Яғни, 2025 жылы балалар қылмысының өсуі – балалық шақтың дағдарысы емес, керісінше ересектерге тиесілі институттардың: отбасының, цифрлық реттеудің және алдын алу жүйесінің әлсіреуінің көрінісі.

Бұл тұжырымды 2025 жылы қыркүйекте жарияланған Балалар құқықтары жөніндегі өкілі Динара Зәкиеваның кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуі туралы айтқан пікірлері жанама түрде растайды.

«Көбіне жеке тұлғаға қарсы жасалатын көптеген қылмыстардың түпкі себебі — мәселені елемеу, буллингтің алдын алу шараларының болмауы, әсіресе білім беру ұйымдарында, сондай-ақ отбасымен жүйелі жұмыстың жүргізілмеуі. Жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға бағытталған жүйелі шараларды енгізу мақсатында соңғы екі жылда буллингтің алдын алуға арналған «Dosbollike» бағдарламасы, балаларды тәрбиелеуге арналған «Адал Азамат» бағдарламасы және қауіпсіздік сабақтары әзірленіп, еліміздің барлық мектептерінде кезең-кезеңімен енгізіле бастаған. Сонымен қатар буллинг, бопсалау фактілері бойынша күнделікті екіден онға дейін хабарлама түсетін QR 111 жүйесі іске қосылып, буллинг үшін жауапкершілік белгіленді», — деді балалар құқықтары жөніндегі өкіл.

2025 жылы қазанда Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Ішкі істер министрлігінің үкіметтік сағатында 2024 жылғы статистикаға назар аударды .

Депутаттың айтуынша, әйелдер тарапынан жасалатын қылмыстардың (14,6%), кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың (36,5%), сондай-ақ бұрын сотталып, соттылығы жойылмаған адамдар қатысқан қылмыстардың көбеюі ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл ретте аталған деректер 2025 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген өсім есепке алынбай беріліп отыр. Яғни жағдай одан әрі нашарлағанын көрсетеді.

Психолог Гүлжан Гусманова агрессивті немесе заңға қайшы мінез-құлықтың артында, әдетте, ішкі және сыртқы себептердің қатар жүретінін атап өткен болатын.

«Ішкі факторларға өзін-өзі бағалаудың төмендігі, импульстарды бақылаудың әлсіздігі, эмоцияны дұрыс білдіре алмау жатады. Мұндай балалар көбіне ерте жастан-ақ «мен ыңғайсызбын», «менде бір кемшілік бар» деген сезіммен өседі. Бұл кей жағдайда неврологиялық ерекшеліктермен (мысалы, зейін тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы, бейімделу бұзылыстары) байланысты болса, енді бірде эмоционалдық жетіспеушіліктің салдары болуы мүмкін. Яғни баланы жеткілікті тыңдамау, оның сезіміне мән бермеу, уайымын жоққа шығару сияқты жағдайлар әсер етеді. Ал сыртқы факторлардың негізін әлеуметтік орта құрайды: отбасындағы зорлық-зомбылық немесе тұрақсыздық, тұрмыстық қиындықтар, қауіпсіз кеңістіктің болмауы, ата-анамен қарым-қатынастың әлсіздігі. Бұған қоса, достары тарапынан көрсетілетін қысым, мектепке бейімделе алмау, кибербуллинг, ал жасөспірім шақта – қолайсыз орта мен теріс ықпал ететін топтардың әсері де маңызды рөл атқарады», — деп психологтың пікірін бұқаралық ақпарат құралдары келтірді.

Жуырда, 30 қаңтар күні, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кәмелетке толмағандар арасындағы тәуекелдердің алдын алу мәселесіне арналған кеңес өткізді. Ол өңірлердегі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың құрамын жаңартуды тапсырып, формалды әрекеттен бас тартып, алдын ала және нысаналы профилактикаға көшу қажеттігін атап өтті.

Қазақстанда кәмелетке толмағандар қылмыстық әрекеттерге кей жағдайда қылмыстық схемаларға жәбірленуші ретінде тартылғандықтан, әсіресе «цифрлық» құқық бұзушылықтар аясында балаларды киберқылмыстан қорғауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Жуырда Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (UNICEF) онлайн форматтағы балаларды сексуалдық қанау мен зорлық-зомбылыққа қарсы күреске (ОСЭНД) бағытталған халықаралық жобасына қосылды. Бұл бастама мақалада сөз болып отырған мәселелермен тікелей сәйкес келмегенімен, балалар қылмысының алдын алу бағытында да осы аяда жүйелі жұмыс жүргізілуі әбден мүмкін.

Жасөспірімдердің психикасы толық қалыптаспағандықтан, қылмыстық сипаттағы мінез-құлық олардың санасында көбіне құқық бұзушылық ретінде бағаланбайды, ал қолданылатын жаза құқық бұзушылыққа тартылған тұлғалар үшін кездейсоқ шара ретінде қабылдануы мүмкін. Осыған байланысты құрамдары жаңартылатын өңірлік кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар балалар құқық бұзушылықтарының алдын алу тетіктерін жетілдіруде шешуші рөл атқарады деп күтілуде.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан Президенті Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Бұл туралы сейсенбі күні қазақстандық көшбасшының баспасөз қызметі хабарлады.

Үндістанның сауда министрі АҚШ-пен сауда келісімі бойынша келіссөздер әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді

Үндістан мен АҚШ арасындағы сауда келісімі бойынша келіссөздер соңғы кезеңге жеткенімен, әзірге толық аяқталған жоқ. Бұл туралы сейсенбі күні Үндістанның сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоял мәлімдеді.

АҚШ Президентінің арнайы өкілі Израиль премьер-министрімен кездесу үшін елге келді

АҚШ Президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф Израильге келді. Бұл туралы израильдік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Норвегия парламенті монархияны сақтап қалуды қолдап дауыс берді

Сейсенбі күні Норвегия парламенті монархиялық басқару нысанын сақтап қалу жөнінде шешім қабылдады.