Евразия24Басты бетСу саласындағы жоспардың артығымен орындалуы: ресми деректерге талдау

Су саласындағы жоспардың артығымен орындалуы: ресми деректерге талдау

|

|

13 қаңтарда Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2025 жылға арналған сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жаңғырту жөніндегі жоспардың артығымен орындалғанын мәлімдеді. Бұл ақпарат, Қазақстанда сумен жабдықтау деңгейі әлі де 100 пайызға жетпегенін ескерсек, көңіл қуантады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау деңгейі 99,3 пайызды, ал ауылдық елді мекендерде 97,5 пайызды құрайды. Осыған байланысты бюджет қаражаты есебінен нақты қандай нысандардың және қай өңірлерде салынғанын егжей-тегжейлі анықтап көрмекпіз.

ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН ҚҰРЫЛЫС НӘТИЖЕСІН БЕРДІ

«2025 жылы министрлік (Су ресурстары және ирригация министрлігі — ред.) республиканың 9 өңірінде сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жаңғырту бойынша 30 жобаны іске асырды. Ведомство белгіленген мақсатты индикаторларға қол жеткізіп қана қоймай, оларды артығымен орындады. Жыл қорытындысы бойынша жоспарланған 9 жобаның орнына 15 жоба аяқталды, олардың екеуінде іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 1 599 шақырым су құбыры желілері мен 8 су құбыры нысанының алаңы салынды. Бұл 277 елді мекенде тұратын 514 мың адамды сумен қамтуға және сумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Аталған елді мекендердің 73-інде, жалпы саны 115,5 мың адам алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізді», — деп мәлімдеді министр Нұржан Нұржігітов 13 қаңтар күні жасаған баяндамасында.

Оның айтуынша, 2026 жылы 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 142 ауылдық елді мекенді немесе шамамен 540 мың адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар елдің үш облысында іске асырылатын бес жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Аталған жобалар аясында ірі топтық су құбырларының бас нысандарын салу көзделген.

Өз кезегінде министрлік пен әкімдіктердің күш-жігерінің нәтижесінде 2025 жылы аяқталған нақты жобалар жөнінде сандық көрсеткіштермен қатар түсіндірмелер берілсе, ведомство ұсынған ақпаратты талдау едәуір жеңіл болар еді.

Алайда, өкінішке қарай, осы жобалардың барлығын қамтитын бірыңғай толық тізім ашық дереккөздерде жарияланбаған. Жыл бойы әртүрлі ақпараттық ресурстарда жекелеген жұмыстар туралы мәліметтер ғана кездеседі, олар жалпы алғанда Су ресурстары министрлігінің сумен жабдықтау жобаларын тек қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде жүзеге асырып жатқанын көрсетеді.

«Ақмола облысында Красная Поляна, Петриковка және Арбузинк ауылдарында топтық су құбырының құрылысы жүргізілуде. Қызылорда облысында Байқожин топтық су құбыры қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар Арал–Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Қоссаман–Ақбасты су құбыры желісін салу жобасы іске асырылып жатыр, сондай-ақ Ақбасты ауылын орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосу көзделген. Жаңақорған ауданында Талап топтық су құбырының қуатын арттыру мақсатында қосымша ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан облысында Бұлаев және Есіл топтық су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр. Ұлытау облысында Есқұла топтық су құбырының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жоба Сәтбаев қаласын және оған іргелес барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Қызылорда облысында жаңа су қоймасы мен каналдар салуды жоспарлап отырғаны хабарланды. Сондай-ақ екі гидроторап пен төрт гидротехникалық нысанды қайта жаңғырту көзделген», — деп «Капитал» басылымы хабарлаған.

Бұл деректер 2025 жылы 13 ақпанда Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен Үкімет отырысынан кейін айтыуы әбден мүмкін. Аталған жиында Қазақстанның көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығы мәселесі талқыға түскен еді.

Алайда 2025 жылы ақпандағы кеңес пен 2026 жылы қаңтар айында өткен талқылаулардың арасында 11 ай уақыт өтті. Осы кезең ішінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңестерде сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері бірнеше мәрте көтерілді.

ҰЖЫМДЫҚ ЖҰМЫС

Мәселен, 2025 жылғы 1 шілдеде өткен Үкімет отырысына арналған ақпараттық-анықтамалық материалдар жарияланды.  Онда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, су үнемдеу және цифрлық технологияларды енгізу бойынша жоспарланған және атқарылған жұмыстардың толық тізбесі қамтылған.

Аталған есепте Су ресурстары және ирригация министрлігі желісі бойынша ведомствоның «2025 жылы Ақмола, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Ұлытау өңірінде топтық сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жаңғырту жөніндегі 31 жобаны іске асырып жатқаны» көрсетілген.

Жоспардан бір жобаның және бір өңірдің түсіп қалуы белгілі бір дәрежеде түсініксіз көрінгенімен, жалпы алғанда көрсеткіштер өзара сәйкес келеді. Алайда қаржыландыру көлемі бойынша айырмашылық бар. Атап айтқанда, 2025 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігіне жоспарланған іс-шараларды іске асыру үшін 100,9 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 38,2 млрд теңге — Ұлттық қордан, 59,3 млрд теңге — Арнаулы мемлекеттік қордан, ал 3,4 млрд теңге республикалық бюджеттен қарастырылған.

Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі желісі бойынша республикалық бюджет пен Арнаулы мемлекеттік қордан 445 жобаны іске асыруға 188 млрд теңге бөлінген.

Бұл айырмашылық екі министрлікке әртүрлі мақсатта бағытталған, бөлек қаржыландыру бөлінуімен түсіндірілуі мүмкін.

«Бөлінген қаржыландыру аясында сумен жабдықтау қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған шаралар да қабылданды. Ұзындығы 8,5 мың шақырымнан асатын қолданыстағы желілерді қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілді. Бірқатар ірі қалаларда ауыз судың сапасы мен тапшылығы мәселелері су тазарту нысандарын салу және жаңғырту арқылы шешілді. Атап айтқанда, Астанада сорғы-сүзгі станциясының құрылысы және магистральдық су құбырының қайта жаңғыртылуы, Атырауда сүзгілеу станциясын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ Қостанай мен Көкшетауда су тазарту құрылыстарын жаңғырту жобалары жүзеге асырылды», — делінген Өнеркәсіп министрлігі жүргізген жұмыстар туралы ақпаратта.

Инфрақұрылымдық жобаларды бюджет қаражаты есебінен іске асыру туралы ақпарат ашық жарияланғанымен, жауапты ведомстволар арасындағы үйлесімнің әлсіздігі ақпаратты түсінуді қиындатады. Өңірлер бойынша сумен қамтамасыз ету саласында қандай түйткілдер бар екені, алдағы кезеңде нақты қандай жұмыстар атқарылуы тиіс, қай шаралар ұзақ мерзімге жоспарланғаны және олардың құны қанша екені — су құбырлары, топтық су желілері мен ауыз су инфрақұрылымының ажырамас бөлігі саналатын ірі су қоймаларын салу және жөндеу шығындарын қоса алғанда — жинақталып көрсетілген біртұтас құжат жоқ.

Сонымен қатар сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жаңғырту жоспарының артығымен орындалғанын мәлімдеген Су ресурстары және ирригация министрі су қоймаларына мүлде тоқталған жоқ. Бұл нысандар министрлік әлі аяқтамаған жобалардың құрамына кіре ме, әлде бөлек бағыт ретінде қарастырыла ма — бұл жағы нақты көрсетілмеген.

СУ ҚОЙМАЛАРЫ — ТҰЩЫ СУДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Бұл неліктен маңызды? Су ресурстары және ирригация министрлігі елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жерасты су көздеріне кезең-кезеңімен көшуге басымдық беріп отырғанымен, бірқатар өңірлерде су қоймалары әлі де тұрмыстық мақсатта пайдаланылып келеді. Бұдан бөлек, шалғай орналасқан елді мекендер үшін су қоймалары көпфункциялы нысан ретінде бірден бірнеше негізгі міндетті атқара алады: халықты сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы алқаптарын суару және су тасқынынан қорғау.

Сірә, министрлік сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жаңғырту жобаларын су қоймаларына қатысты жобалардан бөлек қарастыратын болса керек. Алайда бұл бағыттардың екеуі де мемлекеттік қаржыландырусыз жүзеге асуы екіталай.

2025 жылы қазанда Нұржан Нұржігітов Жетісу облысының тұрғындарымен кездесу барысында 2028 жылға дейінгі су саласын дамытудың кешенді жоспары Ақсу, Көксу, Панфилов, Сарқан, Алакөл аудандарында және Талдықорған қаласында сегіз жаңа су қоймасын салуды көздейтінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, нысандар Биен, Бижe, Қорғас, Үсек, Тышқан, Балықты, Жаманты және Басқан өзендерінде бой көтереді. Сонымен қатар үш су қоймасын және жалпы ұзындығы 2 930 шақырым болатын каналдарды қайта жаңғырту, сондай-ақ 236,8 шақырым каналдарды автоматтандыру жоспарланған. Бұдан бөлек, 17 гидротехникалық нысанда көпфакторлы тексерулер жүргізіледі.

2025 жылы қараша айында Су ресурстары және ирригация министрлігінің Жамбыл облысындағы жоспарлары туралы ұқсас ақпарат жарияланған болатын. Атап айтқанда, өңірде 10 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы үш су қоймасын қайта жаңғырту, сондай-ақ 45 гидротехникалық нысанда көпфакторлы зерттеу жүргізу көзделгені хабарланған.

Алайда бұл жұмыстардың нақты басталған-басталмағаны және олардың 2025 жылға арналған жоспардың артығымен орындалуы жөніндегі есепке кірген-кірмегені белгісіз күйінде қалып отыр.

Осылайша, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшылығымен әрі бақылауымен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы бір-бірімен толық үйлеспейтін, бытыраңқы деректер жиынтығы қалыптасып отыр. Мұндай ақпарат негізінде тұтас әрі айқын қорытынды жасау қиын. Дегенмен 2023 жылы қыркүйекте су ресурстары және құрылыс салалары бойынша жекелеген министрліктердің құрылуы ағымдағы проблемаларды түсінуді де, оларды шешу перспективасын да едәуір жақсартқаны анық. Алайда елдегі сумен қамтамасыз ету саласында негізгі үйлестіруші орган қайсы екені әлі де нақты айқындалмаған.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан Президенті Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Бұл туралы сейсенбі күні қазақстандық көшбасшының баспасөз қызметі хабарлады.

Үндістанның сауда министрі АҚШ-пен сауда келісімі бойынша келіссөздер әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді

Үндістан мен АҚШ арасындағы сауда келісімі бойынша келіссөздер соңғы кезеңге жеткенімен, әзірге толық аяқталған жоқ. Бұл туралы сейсенбі күні Үндістанның сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоял мәлімдеді.

АҚШ Президентінің арнайы өкілі Израиль премьер-министрімен кездесу үшін елге келді

АҚШ Президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф Израильге келді. Бұл туралы израильдік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Норвегия парламенті монархияны сақтап қалуды қолдап дауыс берді

Сейсенбі күні Норвегия парламенті монархиялық басқару нысанын сақтап қалу жөнінде шешім қабылдады.