Евразия24Басты бетЖоюды заңдастыру: иттердің тағдырын ақша шешті

Жоюды заңдастыру: иттердің тағдырын ақша шешті

|

|

8 сәуірде Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген түзетулерді қабылдады. Бұл өзгерістер елдің гуманистік бағыттағы ұстанымын әлсіретіп, қаңғыбас иттерді жаппай жою тәжірибесіне қайта оралуына әкелді. Енді бұл шаралар «қайтарымсыз аулау» деген жаңа атаумен жүзеге асырылмақ. Алайда осыдан небәрі бес жыл бұрын Қазақстанда жануарлар санын реттеудің өркениетті тәсілдеріне көшу мәселесі кеңінен талқыланған еді. Соның нәтижесінде 2021 жылғы заң редакциясы қабылданған болатын. Өкінішке қарай, мемлекет бұл нормаларды тиімсіз деп танып, жергілікті жерлерде гуманистік талаптардың сақталмау деректеріне тиісті назар аудармады. Себебі зарарсыздандыру және чиптеу талаптары болғанына қарамастан, ұсталған қаңғыбас жануарларды көшелерден бұрынғыдай қатыгез тәсілдермен жою жалғаса берді. Бұл өз кезегінде қалалардағы жануарлар санының едәуір артуына кедергі бола алмады.

ТАЛАПТАРДЫҢ ОРЫНДАЛМАУ ДЕРЕКТЕРІ

Тарихи тұрғыдан алғанда, әлемдік тәжірибеге сүйенген Қазақстан 2021 жылы таңдау алдында тұрды: қаңғыбас иттерге жауапсыз қарау тәжірибесін жалғастыру немесе халықаралық деңгейде мойындалған АЗВҚ жүйесін (аулау – зарарсыздандыру – вакцинациялау – қайтару) енгізу. Таңдау екінші нұсқа пайдасына жасалды, алайда бұл уақытша шешім болып шықты. Себебі АЗВҚ жүйесін іске асыруға жауапты адамдар мен ұйымдар қажетті инфрақұрылымды қалыптастырып, жүйелі есеп жүргізудің орнына тек белсенді қызметтің көрінісін жасаумен шектелді. Соның салдарынан мемлекет 2026 жылы қатаң шараларға көшуге мәжбүр.

Жуырда Kazakhstan Press Club алаңында өткен баспасөз конференциясында INUCOBO қауымдастығының жетекшісі әрі заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Лилия Сарсенова 2022 жылдан бері (заң күшіне енген кезден бастап) оның талаптары 90% жағдайда орындалмағанын, ал жануарларды жою бұрын қалай жүргізілсе, қазір де солай жалғасып жатқанын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұрын қабылданған АЗВҚ стратегиясының тиімсіздігі туралы тұжырымдар негізсіз. Зооқорғаушылардың айтуынша, іс жүзінде жергілікті атқарушы органдар гуманистік заңның жүзеге асуына мүмкіндік бермейтін жағдай қалыптастырған — үш жыл ішінде елде небәрі екі мемлекеттік панажай ғана салынған.

Лилия Сәрсенова өңірлік ветеринария басқармаларының ресми жауаптарына негізделген статистикалық деректерді келтірді. Мәселен, Ақмола облысында 2019–2025 жылдар аралығында ауланған жануарлардың жалпы санының (87 923 бас) 77 096-сы жойылған, бұл шамамен 88%-ды құрайды. Мұндай жағдайда депутаттар айтып отырған «гуманизмнің сәтсіздігі» туралы сөз қозғаудың өзі күмәнді, өйткені бұл тәсіл іс жүзінде толыққанды енгізілмеген. Тағы бір мысал Түркістан облысынан келтірілді: 2022 және 2023 жылдары бөлінген бюджет қаражатының 100%-ы (тиісінше 102,3 млн және 95,4 млн теңге) тек «аулау және жою» шараларына жұмсалған. Ал вакцинациялау мен зарарсыздандыру бағдарламалары қаржылық есептерде мүлде көрініс таппаған.

Мәжілісте түзетулерді таныстыру барысында депутат Еділ Жаңбыршин қазіргі жүйені «қисынсыздық» деп атады: «Мемлекет қауіп көзін өз қолымен қоғамдық ортаға қайта қайтарып отыр, қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, бұл модель сын көтермейді».

Алайда, нағыз «қисынсыздық» зарарсыздандырылған иттерді табиғи ортасына қайтаруда емес, мемлекеттің бес жыл ішінде мәселенің түпкі себебімен күресе алмауында болып отыр. Атап айтқанда, жануарларды көшеге тастайтын адамдарға бақылау орнатылмады. Мәжіліс ең оңай, бірақ ең қатыгез жолды таңдады. Ветеринария саласындағы жемқорлықпен күресу және жауапсыз иелерді жазалаудың орнына, өзін қорғай алмайтын тіршілік иелерін өлтіруге рұқсат берілді.

ҚАЙТАРЫМСЫЗ АУЛАУ ЭКОНОМИКАСЫ

Баспасөз конференциясында зооқорғаушылар ұсынған баяндамадағы цифрларды талдау барысында мынадай заңдылық анықталды: мәселені шешуге неғұрлым көп қаражат бөлінген сайын, қаңғыбас иттердің саны соғұрлым арта түскен. Бұл жануарлардың өлімін пайда көзіне айналдырған сыбайлас жемқорлықтың классикалық үлгісіне ұқсайды. Ал жаңа түзетулер ветеринарлық қызметтерді «ізгілікті» процедуралар үшін есеп беру міндетінен босатып, бұл қаржы ағынын заңдастырып бермек. Негізінде, олар заңға өзгерістер енгізілгенге дейін де бұл міндетті аса құлықсыз орындап келген болатын.

Қалай болғанда да, сарапшылар ұсынған мәліметтер, сондай-ақ «Аулау – Стерилизациялау – Вакцинациялау – Босату» нормаларының жүзеге асырылу барысы аудиторлық тексеруді қажет етеді. Біз бұл жарияланымда баспасөз конференциясында ашық айтылған ақпаратқа сүйенеміз. Мемлекет тарапынан тиісті жауап болады деп үміттенеміз.

Лилия Сарсенова ұсынған деректер негізінде Абай облысын қарастырайық. 2022 жылы өңірде 12 539 жануар ауланып, оған 25,6 млн теңге жұмсалған. 2024 жылға қарай ауланған жануарлар саны 21 256-ға жетсе, 2025 жылға арналған бюджет 84,3 млн теңгені құрады. Қарапайым есептеулер көрсеткендей, бір жануарды жою «қызметінің» құны 2022 жылы 4 711 теңге болса, 2025 жылға қарай ол 11 089 теңгеге дейін өскен. Панажайларға қаражат жетіспейді деген мәлімдемелер аясында бұл көрсеткіштің үш есеге жуық өсуі байқалады.

Басқа өңірлерде де жағдай осыған ұқсас. Қарағанды облысында 2020 жылы «аулау және жою» шараларына 68,9 млн теңге бөлінген. «Гуманистік» заң қабылданғаннан кейін, 2023 жылы дәл осы мақсаттарға бөлінген қаржы 146,7 млн теңгеге дейін ұлғайған.

Алматы қаласында 2024 жылы «аулау және жоюға» 58,4 млн теңге қарастырылса, 2025 жылы бұл сома 84,9 млн теңгеге дейін өседі. Атырау облысында 2025 жылға жануарларды жоюға 64,8 млн теңге жоспарланған.

Осындай жағдайда Қазақстанда бюджет қаражатын жануарларды жоюға бөлу үздіксіз процеске айналды деген зооқорғаушылардың пікірі қаншалықты негізсіз?

Мәжіліс келтіретін жарақаттану статистикасы (жыл сайын ит қауып алған 41 мың адам, оның 23 мыңы — қаңғыбас иттерден) эвтаназияны негіздеудің эмоциялық құралына айналып отыр. Алайда осы деректердің қаншасы шын мәнінде қараусыз жүрген, бірақ иесі бар үй жануарларына тиесілі екені сарапталған ба? Мұндай жағдайда негізгі жауапкершілік жануар иесіне жүктелуі тиіс емес пе.

Соған қарамастан, адамдардың жауапкершілігін күшейтіп, қатаң санкциялар енгізудің орнына, Мәжіліс ең радикалды шешімді таңдады — қорғануға қауқарсыз жануарларды жоюды заңмен бекітуді жөн көрді.

САЯСАТТЫ ӨЗГЕРТУ ЖЕҢІЛІСТІ МОЙЫНДАУМЕН ТЕҢ

Қабылданған түзетулер ауланған жануарлардың өмір сүру мерзімін барынша қысқартуды көздейді. Бұрынғы заң нормалары оларды бұрынғы немесе жаңа иелеріне беру мүмкіндігін қарастырса, енді міндетті түрде ұстау мерзімі ең төменгі деңгейге дейін қысқартылды: қаңғыбас жануарлар үшін – 15 күн, ал иесі бар жануарлар үшін – 60 күн. Алайда мемлекеттік панажайлардың және тиімді мониторинг жүйесінің жоқтығын ескерсек, нәтиже көбіне бірдей — жануарлар ауланғаннан кейін екі апта өткен соң автоматты түрде жойылады.

Өз сөзінде Лилия Сарсенова мұндай шаралар Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы ұсынымдарына қайшы келетінін атап өтті.

INUCOBO қауымдастығының басшысы былай деп мәлімдеді: «Мәселені тек кешенді шаралар арқылы шешуге болады. Оған жануарларды есепке алу, сәйкестендіру, көбейтуге жатпайтын қаңғыбас және үй жануарларын зарарсыздандыру, сондай-ақ жануарларды қараусыз жіберу мен иесіз қалдыру салдарынан қалыптасатын популяцияның алдын алу кіреді. Сонымен қатар жануарларды өсіруді және олардың айналымын (сауда, өзге де беру түрлері, әкелу және әкету) бақылау қажет. Fondation Brigitte Bardot өкілдері бірнеше қалада әкімдіктермен кездесулер өткізіп, зарарсыздандыру және жануарларды мониторингтеу бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ олар құтырмаға қарсы егілген әрі зарарсыздандырылған иттердің аурудың таралуына тосқауыл қойып, жаңа жануарлардың көшуін шектейтінін түсіндірді», — деді ол. Оның әріптесі, KARE қорының жетекшісі, жануарларға қатысты жүйелі шешімдер саласының сарапшысы, 2021 жылғы заңды әзірлеуге және оның іске асырылуын мониторингтеуге қатысқан Юлия Коваленко өз кезегінде басқа бір мәселені атап өтті — жергілікті деңгейдегі басқару тәжірибесіне объективті бағалау жүргізудің жеткіліксіздігі.

Юлия Коваленко баспасөз конференциясында былай деп атап өтті: «Заң нормаларының ішінара немесе формалды түрде орындалу белгілері тіркелуде, нақты іс-әрекеттер мен жарияланған мақсаттардың арасында сәйкессіздік бар, сондай-ақ кешенді шараларды жүйелі түрде енгізу байқалмайды. Мұндай жағдайда мәселе тек орындауда ғана емес, сонымен бірге қаңғыбас жануарлар санын реттеудің қазіргі моделін айқындайтын басқарушылық шешімдердің сапасына да қатысты туындайды.

Әңгіме тиімсіз модельді таңдау және сақтап қалу үшін, тұрақты теріс нәтижелерге қарамастан оны түзетпеу үшін, нәтижені бағалаудың орнына процесті бағалаумен шектелу үшін, сондай-ақ заң мен оның іс жүзіндегі орындалуы арасындағы алшақтық үшін саяси жауапкершілік туралы болып отыр. Осындай бағалау жүргізілмейінше, тиімсіздіктің нақты себептерін анықтау және қай деңгейде іркіліс болғанын белгілеу мүмкін емес, демек тиімді реттеу жүйесін қалыптастыру да қиын», — деді ол.

Тағы бір назар аударарлық жайт — қаңғыбас жануарларды жою нормасы заңда түзетулер қабылданғанға дейін де болған. 15-бапта агрессия, құтырма және өзге де аурулар жағдайында эвтаназия қарастырылған. Алайда 2022 жылы ел бойынша 80 мыңнан астам жануар жойылып, небәрі 58 ит қана зарарсыздандырылғанын, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш барлық ауланған жануарлардың тек 12,6%-ын ғана құрағанын ескерсек, қаңғыбас жануарлардың «агрессивтілігі» қандай өлшемдер бойынша анықталғаны және олардың мінез-құлқына тәуелсіз сараптама жүргізілгені күмән тудырады. Яғни жою туралы шешімдер көбіне нақты негіздемесіз қабылданған.

Сонымен бұл бастаманың нәтижесі қандай болмақ? Бұл — жануарларды қатыгез түрде жоюға, сыбайлас жемқорлыққа бейім жүйе үшін тиімді әрі жауапкершілігі төмен қоғам үшін қолайлы шешім. Қауіпсіздікке бағытталған кезекті реформаның жануарларға эвтаназияны қолдаушылар тарапынан тартымды түрде ұсынылғанына қарамастан, оның бюджет қаражатын қайта бөлу тетігіне айналу қаупі бар. Мұндай жағдайда ең үлкен шығынға ұшырайтыны — қоғамның адамгершілік келбеті.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Журналист Әріп Әли мен саясаттанушы Қазыбек Жұмабекұлының маңызды сұхбаты

Журналист Әріп Әли мен саясаттанушы Қазыбек Жұмабекұлының маңызды сұхбаты. Елдегі өзекті мәселелер, саясаттағы өзгерістер және қоғамдағы шынайы жағдай — барлығы ашық талқыланды.

Ортақ экология – ортақ жауапкершілік: RES-2026 ЕАЭО мемлекеттерін біріктірді

Жаһандық деңгейде «жасыл» даму бағыты тұрақты трендке айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азия елдерінің атқарып жатқан жұмыстарын басқа өңірлердің тәжірибесімен салыстыра отырып бағалау орынды.

«Қазақфильм» айналасындағы дау

«Қазақфильм» ұлттық компания ретінде ұлттық кино өндірісіне қатысты мемлекеттік саясатты іске асыруда негізгі операторлардың бірі болып табылады. Сондықтан бұл бағыттағы жоспарлардың орындалуы тікелей оның қызметімен байланысты.

ЖІӨ өскенімен, қор азаюда

Белгілі бір дәрежеде тұйық цикл қалыптасады: Ұлттық қор экономиканы қолдайды, экономика өсім көрсетеді, алайда бұл өсім қор кірістерінің сәйкес деңгейде артуына алып келмейді, соның салдарынан қор қаражатын пайдалану жалғасады.