Соңғы күндері ел ішінде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – Мемлекет басшысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін қайта құру туралы шешімі болды.
Бір қарағанда, бұл шешім күтпегендей көрінді. Себебі Агенттік соңғы жылдары өзін сенімді институционалдық орган ретінде көрсетіп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда келтірілген залалды өтеу көлемі үш есе артса, соңғы үш жыл ішінде заңсыз шетел асқан 1 триллион теңгеден астам қаражат елге қайтарылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған шешімге дейін бірнеше күн бұрын өзінің Әкімшілігіне және Қауіпсіздік кеңесіне құқық қорғау органдарындағы проблемаларды бір апта ішінде егжей-тегжейлі зерттеуді тапсырған болатын. Сол сәттен көп ұзамай Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құқық қорғау органдары қызметін талдау туралы ресми ақпарат жариялады.
«Кейбір күштік құрылымдарға ғана тән кемшіліктермен қатар, барлық құқық қорғау органдарына ортақ жүйелі проблемалар анықталды. Бұл мәселелер олардың жұмыс тиімділігіне тікелей әсер етеді. Осы талдау нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірленді. Жауапты мемлекеттік органдар оларды қысқа мерзім ішінде іске асыруы тиіс», – делінген ақпаратта. Дегенмен бұл хабарламада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің аты аталмаған, нақты қандай құрылымдар туралы сөз болғаны да нақтыланбаған.
Құқық қорғау жүйесіндегі жүйелік кемшіліктер мен проблемалық бағыттар жайлы қоғамға ашық айтылмауы әбден мүмкін. Себебі Мемлекет басшысы бұл мәселелерді саралау қорытындылары жабық форматта қаралатынын бастапқыда-ақ ескерткен болатын.
Ал 2023 жылы президенттен «сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес» үшін кең өкілеттік алған Антикормен не болды? Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол кезеңдегі мәлімдемесін еске салайық:
«Сыбайлас жемқорлықтың барлық түріне қарсы табанды күрес — елімізді дамытудың негізгі басымдықтарының бірі. Жемқорлық, тамыр-таныстық, телефон құқығы сынды кеселдер ұзақ жылдар бойы азаматтардың мемлекетке деген сенімін әлсіретті. Әділетке деген үміт те сөне бастады. Сондықтан менің алғашқы сайлауалды уәделерімнің бірі — жемқорлықты түбегейлі жою жолында ымырасыз күрес жүргізу болды. Бұл бағыттағы басты жауапкершілік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүктелуі тиіс».
Екі жыл өтпей жатып, дербес Агенттік болып келген Антикор ҰҚК құрамындағы Жемқорлыққа қарсы қызметке айналды. Бұл жаңалыққа белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев былай деп пікір білдірді:
«ҰҚК Антикорды жұтты. Бұрын арнайы қызметтер Шекара әскерін (1999 жылы) және Сыртқы барлау қызметін (екі рет – 1998 және 2019 жж.) өзіне қосып алған. Жемқорлыққа қарсы агенттік 1994 жылдан бері түрлі атаумен жұмыс істеп келді (салық полициясы, қаржы полициясы), бір кезеңде Мемлекеттік қызмет агенттігімен біріктірілді, ал 2019 жылы Президент оны қайтадан дербес орган етіп құрды. Соңғы уақытта Антикор мен Қаржылық мониторинг агенттігін біріктіру жайлы сыбыс болғанымен, Тоқаев басқажолды таңдады. Нәтижесінде бір-бірімен ұзақ уақыт бойы бәсекелес болып келген екі құрылым бірікті. 2019 жылдан бері Президенттің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен, Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК төрағалығына келгенСагимбаев – Тоқаевтың ең сенімді серіктерінің бірі. Енді оның қолына бұданда үлкен өкілеттіктер шоғырланды. Бұл алдағы бірнеше жылда саяси және элиталық процестерді басқару тұрғысынан аса маңызды фактор», – деп жазды сарапшы өз Telegram-арнасында.
Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды бақылау тетігін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсыруы, іс жүзінде Антикордың дербестігін шектеуі – өзге де себептерге байланысты болуы мүмкін.
2025 жылғы қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы министрлер кабинетінің шешім қабылдаудағы батылсыздығынсынға алған еді. Сол жиында айтылған бір сөз, бәлкім, қазіргі жағдайды толығымен сипаттайды:
«Келісу және шешім қабылдау рәсімдерінің тым ұзаққа созылуы – мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілікті өз мойнына алуға деген құлқымен батылдығының жетіспеушілігінен. Бұл мәселені ашық айту керек. Не болды сонша? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган бәрін басып-жаншып, үркітіп қойды ма? Осыны да анықтап алайық. Шешім қабылдау керек қой. Әрі мен үкіметке кең өкілеттіктер берілетінін айтқанмын. Қазір Президент әкімшілігінің Үкіметтің жедел жұмысына араласуға құқығы жоқ. Онда өздеріңіз шешім қабылдаңыздар».
Шын мәнінде, Антикордың жүргізіп жатқан жұмысы туралы ақпарат күн сайын жарияланып келеді. Тек 30 маусым күні, яғни Агенттік қайта ұйымдастырылған сәтте, бұқаралық ақпарат құралдары ресми өкіл Данияр Бегайдаровтың мәліметіне сүйене отырып бес түрлі жаңалық таратты:
– Алматы қаласы бойынша мемлекеттік мүлік департаментінің басшысына 1 миллиард теңге көлемінде залал келтірген алаяқтық фактісі бойынша күдік келтірілгені;
– «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының бұрынғы қолбасшысы алаяқтық ісі бойынша қамауға алынғаны;
– аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін бұрынғы судья Карлығаш Таткееваға іздеу жарияланғаны;
– Талдықорған қаласының бұрынғы полиция бастығы Марат Күштібаевтың (зорлау ісі бойынша 11 жылға сотталған) жұбайына жәбірленушіге жалғанайғақтар үшін пара бергені жөнінде күдік келтірілгені;
– бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың 9 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы үкім шыққаны.
Осы фактілерді ескерсек, Антикорды тиімсіз жұмыс істеді деу қиын. Керісінше, оны тым белсенділігі үшін қайта құрылымдаған болуы мүмкін. Ал мұндай белсенділікті бақылауда ұстау қажеттігі туындағанда, бұл міндеттіеліміздегі ең ықпалды күштік құрылым – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мойнына алғаны таңғаларлық емес.