Евразия24Еуразия патриоттарыРесейге кірудің жаңа тәртібі: RuID мен QR-код міндетті талапқа айналады

Ресейге кірудің жаңа тәртібі: RuID мен QR-код міндетті талапқа айналады

|

|

KazTAG хабарлайды: «2026 жылы 1 шілдеден бастап Ресейге жұмыс істеуге немесе оқуға баратын қазақстандықтар «Госуслуги RuID» мобильді қосымшасын пайдалануға міндеттеледі. Бұл туралы Қазақстанның Санкт-Петербургтегі бас консулдығының баспасөз қызметі мәлімдеді. «2026 жылы 1 шілдеден бастап Ресей Федерациясының аумағына жұмыс істеу немесе білім алу мақсатында келетін Қазақстан Республикасының азаматтары үшін «Госуслуги RuID» мобильді қосымшасын пайдалану міндетті болып енгізіледі. Шетелдік азаматтар «RuID» қосымшасында дербес профиль ашуға және шекарадан өту жоспарланған уақытқа дейін 72 сағаттан кешіктірмей Ресей Федерациясына келу туралы электронды өтініш беруге міндетті. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша қосымшада жеке QR-код қалыптасады, ол елге кіру құқығын растайтын құжат болып табылады», — делінген сейсенбідегі хабарламада. Қалыптасқан QR-код өтініш берілген күннен бастап 90 күн ішінде жарамды болады».

Еуразия24 пікірі:

Идеяның өзі жаңа бір дүние емес — елге кіруге арналған цифрлық алдын ала рұқсат көптеген мемлекеттерде қолданылады. Еуропалық Одақ елдерінде ETIAS жүйесі (сапар алдында алдын ала тіркелу) енгізілуде, АҚШ-та ESTA жүйесі жұмыс істейді, сондай-ақ ұқсас тетіктер Канада, Аустралия және Азияның бірқатар елдерінде бар. Бірақ Ресейдегі шекарадан өту алдындағы рұқсат алу талаптарының жүзеге асырылуында өзіндік «ерекшеліктер» бар. Әлемдік тәжірибеде мұндай тіркеу бір ғана құралмен шектелмейді. Интернеттің қарыштап дамыған заманында келушілерге өтінішті сайт арқылы, турагенттіктер көмегімен, тіпті кейде тікелей шекарада беру мүмкіндігі қарастырылады. Ал ресейлік нұсқада бәрі тек мемлекеттік қызметтер қосымшасы арқылы жүзеге асуы тиіс. Ресей бағытындағы адам ағынының өте көптігін ескерсек, қосымшаның істен шығуы, авторизация кезіндегі қателіктер немесе интернетке қатысты қиындықтар туындау қаупі жоғары. Соның салдарынан қолында билеті бар адамның, кіруге 72 сағат қалғанда қатаң түрде алуы тиіс QR-коды болмаса, шекарадан өте алмай қалуы әбден мүмкін. Ең қызығы, «еуразияшылдық» өзін адамдардың еркін қозғалысына арналған аймақ деп жариялағанымен, ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтары үшін ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. 1 шілдеге дейін әлі уақыт бар, бұл мәселенің туғызған резонансын ескере отырып, қандай да бір өзгерістер енгізілуі де ғажап емес.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Азық-түлік бағасы төмендеді

Сауда және интеграция министрлігінің уәжіне сүйенсек, бағаның оң серпініне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – баға белгілеуді әкімшілік жолмен бақылау. Бұған сауда үстемесінің белгіленген шекті мөлшерінің сақталуын қадағалау, сондай-ақ жеткізу тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту жатады.

Балабақшадан тараған ең мейірімді тренд

«Астанадағы балабақшалардың бірінде тәрбиешілер күннің соңында бүлдіршіндердің шашын түрлі күлкілі үлгіде сәндеп, ата-аналарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Күтпеген тосынсый аналар мен әкелердің жүздеріне күлкі үйіріп, видео әлеуметтік желілерде тез тарады. Қолданушылар дәл осындай қарапайым әрі шынайы сәттер балалық шақты бақытты ететінін жазуда», – деп хабарлайды kztodaynews .

Көші-қон саясаты: білікті мамандарға басымдық

Еңбек министрлігі іске асырып жатқан Көші-қон саясатының тұжырымдамасы маңызды бастама деуге болады. Себебі мемлекет көші-қонды енді тек әлеуметтік мәселе ретінде ғана емес, экономикалық дамудың да тиімді тетігі ретінде қарастыра бастады.

ҚНРДА несиелеу жүйесін жаңартып, халықтың борыштық жүктемесін азайтуды көздейді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) тәуекелге бағдарланған мінез-құлықтық қадағалау мен қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін іске қосатын ауқымды заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер пакетін бекітті. Бұл өзгерістер қаржы ұйымдарын тек формальды талаптардың орындалуы тұрғысынан бақылаудан бас тартып, азаматтарды қаржы өнімдерінің бүкіл өмірлік циклі бойында алдын ала қорғауға бағытталған жаңа тәсілге көшуді көздейді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық күшіне енетін жаңа талаптар банк секторының жұмыс қағидаттарын түбегейлі өзгертуді мақсат етеді. Мұндай қадам халықтың қарыз жүктемесі тарихи ең жоғары деңгейге жеткен кезеңде қабылданып отыр. Ел тарихында алғаш рет жеке тұлғалардың берешегі нақты экономика секторына берілген кредиттердің жалпы көлемінен 1,5 есе асып түсті.