Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісіне орнатылған бейнебақылау камерасынан алынған жазба тарады. Онда белгісіз адамдардың басына қап кигізілген адамды сыртқа көтеріп алып шыққаны көрінеді. Енді бұл оқиғаның адам өлтіру қылмысына қатысы бар екені белгілі болды.
ҚазТАГ агенттігінің дереккөзі Алматыда 61 жастағы ер адамның өліміне байланысты төрт күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Қазір полиция олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Бұған дейін көршілері 30 қыркүйекте белгісіз адамдардың ес-түссіз жатқан ер адамды басына қап кигізіп, үйдің кіреберісінен көтеріп алып шыққанын айтқан. Бұл жайт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ал 10 қазанда ер адамның пәтері сатылып кеткені белгілі болған.
Күдікке ілінген төрт адамның барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істі Ішкі істер министрі жеке бақылауына алды.
Әрине, мұндай қылмыстың министрдің назарынан тыс қалуы мүмкін емес деп ойлаймыз. Қазақстанда адамның басына қап кигізіп, күштеп әкету күнде бола бермейді. Оқиғаны жасырмай, дабыл қаққан үй тұрғындарына алғыс айту керек. Солардың арқасында жұртшылық бұл жағдайдан хабардар болып, полиция іске араласты.
Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге қарағанда, қаскөйлер жәбірленушіні бірнеше күн бойы аңдыған. Олар үйдің кіреберісіне қайта-қайта келіп жүрген. Ақыры ер адамды ес-түссіз күйінде үйден алып кеткен.
Бұған дейін де Қазақстанда пәтерді иемдену үшін адам өлтіруге дейін барған қылмыстық топтар әшкереленген. Алайда ол кезде қылмыскерлер көбіне жалғызбасты немесе қарт адамдардың өлімін табиғи жағдайдан болғандай етіп көрсетуге тырысатын. Ал бұл жолы жәбірленушіні түн ішінде басына қап кигізіп, үйінен алып шыққан.
Мәселен, 2025 жылдың наурызында Алматыда қарттар мен психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдардың пәтерлерін заңсыз иемденумен айналысқан қылмыстық топ мүшелеріне үкім шықты. Құрамында 20-дан астам адам болған топтың 37 қылмысқа қатысы бары анықталып, кінәлілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Бұдан ертерек, 2013 жылдың шілдесінде Алматыда баспана үшін тоғыз адамды өлтірген қылмыстық топ мүшелері сотталған еді. Олар 2006–2012 жылдар аралығында осындай ауыр қылмыстар жасаған. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы өмір бойына бас бостандығынан айырылып, тағы үш сыбайласы ұзақ жылға түрмеге қамалды.
Әрине, жалғыз тұратын әрбір зейнеткердің қасына жеке полиция қызметкерін бекіту мүмкін емес екенін түсінеміз. Бірақ күмәнді жылжымайтын мүлік мәмілелерін жүзеге асыруды қиындататын тиімді бақылау жүйесі қажет екені анық. Сондай-ақ бейнебақылау камераларына түскен зорлық-зомбылық белгілері туралы хабар түскен бойда құқық қорғау органдары дереу әрекет етуге тиіс.
Мемлекет 65 жастан асқан азаматтардың көлік жүргізу құқығын сақтау үшін тұрақты медициналық тексеруден өтуін міндеттеді емес пе? Ендеше осыған ұқсас тәртіпті жылжымайтын мүлік мәмілелеріне де енгізуге не кедергі? Мәселен, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар баспанасын сатқанда немесе басқа біреудің атына рәсімдегенде, олардың мүддесін қорғайтын, сенімге лайық әрі арнайы тексеруден өткен адамдардың қатысуын қарастыруға болар еді. Мұндай өкілдерге мүлікке билік ету құқығы берілмеуі керек. Әйтпесе, олардың өздері де пайда табуға қызығуы мүмкін. Есесіне, мәміленің қауіпсіздігіне қатысты пікір білдіріп, күмәнді жағдайларды тиісті органдарға жеткізуге құқылы болғаны жөн.




