Астана. 12 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан мен Бельгия көлік және логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы дүйсенбі күні Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы екі елдің көлік және логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге мол мүмкіндігі бар екенін атап өтті», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұл мәселе Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия королі Филипп және патшайым Матильдамен Астанада кеңейтілген құрамда өткізген келіссөзінде талқыланды.
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 13 қазанда өтетін Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысын асыға күтетінін айтты.
«Бұл бастаманың жаңа мүмкіндіктерді іске асырып, нақты әрі ұзақ мерзімді нәтижелерге қол жеткізуге жол ашатын тиімді алаңға айналып келе жатқаны қуантады. Біз Бельгиямен Еуропалық одақ аясындағы және көпжақты халықаралық алаңдардағы ынтымақтастықты да жоғары бағалаймыз. Әлемдегі тұрақсыздық күшейген қазіргі кезеңде сенімге, құрмет пен өзара түсіністікке негізделген серіктестіктің маңызы айрықша артып отыр», – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынаста әлі талай маңызды жетістікке қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.
«Осы сапар барысында жасалған келісімдердің толық жүзеге асуы үшін өз тарапымнан бар күш-жігерімді жұмсаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның Бельгияны Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі санайтынын атап өтті.
«Келесі жылы елдеріміз арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толады. Сіздің сапарыңыз осы айтулы датаға дайындыққа тың серпін беріп, ынтымақтастығымызды нақты істермен нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, Бельгия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі әрі елімізге ең көп инвестиция салған он мемлекеттің қатарында.
«Мұны Қазақстан экономикасының болашағына деген сенімнің айқын дәлелі деп білемін», – деді Президент.
Өз кезегінде Бельгия королі Филипп жасанды интеллект, энергетика және атом энергетикасын екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары ретінде атады.
Келіссөз барысында тараптар ұсынылған бастамалардың ауқымына оң баға беріп, нақты жобалар бойынша бірлескен жұмысты одан әрі дамытуға дайын екенін растады.
Бельгия королі мен патшайымының бұл мемлекеттік сапары – олардың Қазақстанға ғана емес, жалпы Орталық Азияға жасаған алғашқы тарихи сапары.




