Астана. 12 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дүйсенбі күні барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
«Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылсын», – делінген Президенттің ресми сайтында жарияланған жарлықта.
Мемлекет басшысы Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оған дайындықты ұйымдастыру және өткізу жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Үкімет пен әкімдерге кезектен тыс сайлауды ұйымдастыру, материалдық-техникалық және қаржылық жағынан қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде Президент елде мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі жаңарып жатқанын атап өткен болатын. Оның айтуынша, бұл ауқымды өзгерістер барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өткізумен аяқталады.
Сол кезде Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының басым көпшілігі Amanat партиясының атынан сайланғанын еске салды. Аталған партия 2026 жылдың жазында «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатқан еді.
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының соңғы сайлауы 2023 жылғы наурызда өтті. Мәслихат депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.




