Астана. 12 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан мен Бельгия арасында ешқандай саяси келіспеушілік жоқ. Бұл екі елдің барлық саладағы ынтымақтастығын кеңейтуге берік негіз қалайды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Біз Қазақстан мен Бельгия арасындағы жан-жақты серіктестікті нығайтуға деген ортақ ниетімізді растадық. Елдеріміз арасында саяси келіспеушіліктер де, шешімін таппаған мәселелер де жоқ. Бұл барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев дүйсенбі күні Астанаға мемлекеттік сапармен келген Бельгия королі Филипппен келіссөзден кейін журналистерге.
Президенттің сөзі Мемлекет басшысының баспасөз қызметі таратқан хабарламада келтірілген.
«Экономикалық ынтымақтастық екіжақты қарым-қатынасымыздың басты тіректерінің бірі болып қала береді. Бельгия – Қазақстанға ең көп инвестиция салатын елдердің бірі. 2005 жылдан бері Бельгиядан еліміздің экономикасына тартылған инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асты», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, корольмен өткен келіссөз барысында тараптар көлік және логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларындағы ынтымақтастықты жандандырып, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға келіскен.
«Бельгияның жетекші компаниялары өкілдерінің осы тарихи сапарға қатысуын құптаймын. Бұл Бельгияның Қазақстан экономикасының әлеуетіне сенім артатынын айқын көрсетеді. Үкіметіміз бельгиялық инвесторлардың еліміздегі қызметін кеңейтуіне және жаңа, келешегі зор жобаларды жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауды жалғастырады. Бұл жобалардың толық әрі уақытылы орындалуын өзім тікелей қадағалаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ертең өтетін Қазақстан-Бельгия бизнес-форумы, жоғары оқу орындары ректорларының форумы және аса маңызды минералдарға арналған дөңгелек үстел екі елдің ортақ жоспарларын нақты іске асыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңдар болатынын атап өтті.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған іс-шаралар қорытындысында ондаған екіжақты келісім мен құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Бұл уағдаластықтар Қазақстан мен Бельгия арасындағы серіктестіктің одан әрі дамуына тың серпін бермек.




