Павлодар облысында кәмелетке толмаған апалы-сіңлілі екі қызды зорлап, оларға АИТВ жұқтырған ер адамға сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«А. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі және 120-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Оған 121-баптың 4-бөлігі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. 120-баптың 4-бөлігі бойынша да өмір бойына бас бостандығынан айырылып, педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылсын». ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, мұндай үкімді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жанна Нығыбаева шығарды.
Бұл сұмдық оқиғаның қай тұсын алсаңыз да, жан түршігеді. 48 жастағы «өгей әке» 2014 және 2015 жылдары туған қыздардың анасымен бақандай сегіз жыл бірге тұрған. Демек, балалар оны өз әкесіндей көрген болуы әбден мүмкін. Өйткені 2018 жылы анасы осы жауызбен бірге тұра бастағанда, апалы-сіңлілі қыздардың бірі небәрі үште, екіншісі төрт жаста еді.
БАҚ мәліметінше, екі қыздың да ақыл-ой дамуында кінәрат бар. Өгей әкесі олардың осы осал тұсын пайдаланған. Қылмыс 2025 жылдың желтоқсанында болған. Сол күні анасы қыздарын бірге тұратын ер адамға қалдырып, үйден кеткен. Ал ол ішімдік ішіп, кейін балаларға жыныстық зорлық көрсеткен.
Күдікті 2026 жылдың мамырында ұсталды. Екі қызға да АИТВ жұқтырғаны сол кезде анықталған болуы мүмкін. Осылайша, зорлықшы балалардың онсыз да ауыр психологиялық жағдайын одан әрі ушықтырып қана қоймай, денсаулығына да орны толмас зиян келтірген.
Шынымызды айтсақ, әйелдің өмірлік серік ретінде ішімдікке әуес, жазылмайтын жұқпалы дертке шалдыққан адамды таңдағаны бізді қатты таңғалдырды. Ол ер адамның диагнозынан хабардар болды ма? Зорлық-зомбылық құрбаны болған қыздардың анасы өзі қандай өмір салтын ұстанды? Өкінішке қарай, жастары шамалас екі қызының да денсаулығында, сірә, туғаннан бері кінәрат барын ескерсек, анасының да ішімдікке әуес болуы мүмкін деген күдікті жоққа шығара алмаймыз.
Соңы қайғылы аяқталған ауыр оқиға. Біздің ойымызша, мұның бәріне ішімдік себеп болған.




