Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті миллиардтаған теңгеге бағаланған астыққа қатысты ірі заңсыз схеманың жолын кесті.
«Тергеу деректеріне сәйкес, Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын 130 мың тоннаға жуық астық экспортталған. Өнім Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға жөнелтілген. ҚМА мәліметінше, сырттан әкелінген астықты Қазақстанда өндірілген өнім ретінде көрсету үшін арнайы схема қолданылған. Ол үшін алдын ала номиналды басшылардың атына коммерциялық ұйымдар тіркеліп, кейін олар мен қазақстандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алу жөнінде жалған шарттар жасалған деген күдік бар. Соның арқасында импорттық өнім Қазақстанда өндірілген астық ретінде рәсімделіп, жеңілдетілген тарифпен тасымалданған», – делінген ҚМА хабарламасында .
Істе осындай бес ЖШС – «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» аталады. Тергеу мәліметінше, осы компаниялар арқылы жүзеге асырылған схеманың салдарынан мемлекет пен ұлттық тасымалдаушыға залал келтірілген.
Тергеу нұсқасы бойынша, анықталған бес күдікті салық берешегін өтеуден және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтаруға әрекеттенген. Осы мақсатта бақылауындағы экспорттаушы компаниялардың шоттарындағы қаражат үлестес фирмалардың шоттарына аударылып, кейін банкроттық рәсімі басталған.
Осылайша, мемлекет мүддесіне 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Ал транзиттік тарифтің төленбеуінен «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС 1 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылған.
Бұл схемада Қазақстанда өндірілген өнім мәртебесін пайдалану арқылы экономикалық жеңілдіктерге қол жеткізудің ерекше тәсілі қолданылған. Негізінде мұндай жеңілдіктер астық расымен отандық өнім болған жағдайда қазақстандық өндірушілерге берілуге тиіс еді. Алайда сырттан әкелінген астықты қазақстандық өнім ретінде көрсету үшін жалған құжаттар рәсімделіп, оған еліміздегі бірқатар шаруашылық субъектісі тартылған. Нәтижесінде схеманы ұйымдастырушылар жеңілдіктер есебінен пайда тапқан. Енді ҚМА бұл қаражатты мемлекет мүддесіне келтірілген залал ретінде бағалап отыр.




