Евразия24Редакция бағаныЭнергетика қаржы нарығының шырмауында

Энергетика қаржы нарығының шырмауында

|

|

Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту еліміздің ұлттық басымдығы ретінде белгіленді. Алайда бұл бағыттардың негізінде электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі жатыр.Шетелдік инвестиция тартуға да басымдық беріліп отыр.Осы орайда энергетика саласын, жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту мен дамытуға отандық және шетелдік инвестицияларды қоса есептегенде қанша қаражат қажет?

Қолданыстағы жоспарлар мен жобаларға тоқталайық: а) Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғырту жөніндегі 2029 жылға дейінгі ұлттық жобаға 13,6 трлн теңге қарастырылған; ә) 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың электр энергетикасына қатысты бөлігінде 13 трлн теңге көзделген; б) 2029 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған.

Осылайша, аталған үш бағыт бойынша жалпы қаржы көлемі 34,6 трлн теңгені құрайды. Биылғы жыл мен 2029 жылды қоса есептегенде, төрт жылға бөлінген бұл қаражаттың жылдық орташа көлемі шамамен 8 трлн теңгеге тең.

Енді бұл көрсеткіштерді электрмен жабдықтау және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер нарығының қазіргі көлемімен салыстырайық. Бірінші жартыжылдықтағы деректер бойынша электр және жылу энергиясымен жабдықтау қызметтерінің көлемі 1,3 трлн теңгені, сумен жабдықтау қызметтері 0,2 трлн теңгені құраған. Жалпы көрсеткіш – 1,5 трлн теңге. Жылдық есеппен бұл сома шамамен 3 трлн теңгеге жетеді. Аталған қаражатты халық, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік субъектілері төлеген.

Үкімет инвестиция тартуды тарифтер есебінен қайтару тетігі арқылы жүзеге асыруды көздеп отыр. Мұндай жағдайда 2029 жылға дейін жоспарланған инвестициялардың толық өтелуін қамтамасыз ету үшін тарифтік түсімдер қазіргі жылдық 3 трлн теңгені ғана емес, оған қосымша шамамен 8 трлн теңгені де қамтуы қажет. Автордың есебінше, жалпы қажетті түсім көлемі шамамен 12 трлн теңгеге жетіп, қазіргі деңгейден төрт есеге жуық артады.

Бұл есепке коммерциялық қарыздар бойынша пайыздық төлемдерді тариф арқылы өтеу шығындары енгізілмеген. Ал мұндай шығындарды ескерген жағдайда шетелден тартылатын қарыз қаражатының жалпы құны да кемінде екі есеге ұлғаюы мүмкін.

Әрине, мұндай жағдай энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларының өзіне де ауыр зардап әкелуі мүмкін. Тарифтердің күрт өсуі төлемдердің уақытылы жүргізілмеуіне және тұтыну көлемінің қысқаруына алып келеді. Мұның салдары жалпы экономикаға да әсер етіп, Қазақстандағы қоғамдық-саяси тұрақтылыққа қауіп төндіруі ықтимал.

Үкіметтің бұл мәселеге қатысты өз түсіндірмесі бар. Инвестициялар ұзақ мерзімге тартылады, ал нысандар пайдалануға берілгенге дейін жеңілдік кезеңі қарастырылады. Сондықтан тарифтердің өсуі шамамен 25 жылға бөлініп, тұтынушыларға айтарлықтай салмақ түсірмейді деген болжам жасалуда.

Бұған тағы бір жайтты қосуға болады. Тарифтердің қысқа мерзім ішінде күрт өсуіне жол бермейтін факторлардың бірі – үш ұлттық жоба бойынша қаражаттың игерілу деңгейі жоспарланған көлемнің, ең қолайлы есептің өзінде, төрттен бірінен аспауы. Нақты іске асырылу қарқынына қарағанда, 2029 жылға дейін жоспарланған инвестициялық жобаларды орындау мерзімі тағы бір президенттік кезеңге созылуы мүмкін.

Алайда мұндай болжамдармен қатар ескерілуге тиіс маңызды мәселе бар. Кеңес Одағынан қалған энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның қолданыстағы ресурсы сарқылып келеді. Сондықтан бұл салаларды жаңғырту мен олардың қуатын арттыру жұмыстары 2029 жылмен шектелмей, 2050 жылға дейін және одан кейін де үздіксіз жүргізілуге тиіс.

Осыған байланысты тарифтер есебінен қайтарылатын коммерциялық қарыз қаражатын тарту да тұрақты қаржыландыру тетігіне айналуы ықтимал. Оның басым бөлігі шетелдік қаржы көздерінен алынбақ. Өйткені автордың бағалауынша, Ұлттық банктің жүргізіп отырған саясаты салдарынан Қазақстанда қажетті көлемдегі ішкі инвестициялық ресурс қалыптаспаған. Бұл жеке секторға да, мемлекетке де қатысты.

Демек, шетелдік инвестициялар мен қарыз қаражатын тарифтер есебінен қайтару міндеттемелері 2029 жылға қарай емес, одан кейінгі тағы бір президенттік кезеңде айтарлықтай ұлғаюы мүмкін. Әртүрлі мерзімде салынған энергетикалық және коммуналдық нысандарға тартылған қаржыны өтеу кезеңдері бір-бірімен тұспа-тұс келіп, төлемдердің жалпы көлемін арттырады. Соның нәтижесінде тарифтер жоғарыда есептелгендей, қазіргі деңгейден кемінде төрт есе өсуі ықтимал.

Мұны болашаққа қатысты негізсіз қауіп ретінде қабылдауға болмайды. Мәселенің өзектілігі қазірдің өзінде айқын байқалады. Шетелдік қаржыландыру есебінен бірқатар энергетикалық нысан салынып жатыр, кейбірі пайдалануға берілген. Сонымен қатар сырттан жаңа қарыз тарту қарқыны күшейіп келеді. Қарыздарды өтеу міндеттемелері алдағы президенттік кезеңдерге қалдырылғанымен, болашақ төлемдердің көлемі бүгіннен бастап қалыптасуда.

Енді ел ішіндегі инвестициялық әлеуеттің жеткіліксіздігіне қайта оралайық. Автордың пікірінше, бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап отыруы себеп болып отыр. Мұндай жағдайда қарыз қаражатының қымбаттығы экономиканың нақты өндірістік секторы үшін елеулі кедергіге айналады. Жоғары пайызбен алынған кредит кәсіпорындардың дамуына ықпал етудің орнына, олардың қаржылық жағдайын одан әрі қиындатуы мүмкін.

Ішкі нарықтағы қаржы ресурстарының құны сыртқы қаржыландырумен салыстырғанда төрт есе жоғары екені айтылуда. Мұндай айырмашылық инфляцияны тежеу қажеттілігімен түсіндіріледі. Алайда автордың пайымынша, Қазақстандағы инфляция деңгейі де инвестиция тартылатын елдердің көрсеткіштерінен шамамен төрт есе жоғары және оның негізгі себептері ақша айналымындағы үдерістермен байланысты.

Атап айтқанда, ұлттық валютадағы ақша көлемінің ұлғаюына сыртқы валюта нарығынан келетін қаражат ықпал етеді. Бұл нарыққа шетелдік инвестициялар мен қарыздар есебінен де едәуір қаржы түседі. Автордың тұжырымдауынша, осы қаражаттың ішкі ақша айналымына әсері инфляциялық қысымды күшейтіп, ұлттық валютадағы бағалардың өсуіне алып келеді.

Бұл жүйе жан-жақты ойластырылып, белгілі бір мақсатқа сай қалыптастырылған. Қазақстан сыртқы нарық үшін, негізінен, шетелдік компаниялар игеретін шикізат көздері мен оны экспортқа шығаратын аумақ, сондай-ақ халықаралық транзиттік тасымал дәлізі ретінде ғана қызығушылық тудырады. Сондықтан шетелдік тараптарға қажетті салалар сыртқы инвестициялар мен кредиттер есебінен қаржыландырылады. Ал олардың мүддесіне тікелей қатысы жоқ бағыттарға қаржы жұмсамау үшін ел ішінде отандық өндірісті кредиттеу, әсіресе ұлттық инвестицияларды дамыту мүмкіндіктері шектелген.

Электр энергетикасы мен коммуналдық инфрақұрылымды сыртқы қаржы есебінен осылайша жаңғыртудың нәтижесі де белгілі бір экономикалық мүдделерге тәуелді болмақ. Шетелдік қаржыландыруға, сырттан жеткізілетін негізгі жабдықтар мен олардың құрамдас бөлшектеріне негізделген Қазақстанның жаңа энергетикалық жүйесі ең алдымен сыртқы нарыққа бағдарланған салалардың қажеттіліктеріне бейімделеді. Соның салдарынан электр энергиясының тарифтері экспортқа жұмыс істейтін кәсіпорындар мен осы салаларда еңбек ететін халықтың бір бөлігі үшін ғана қолжетімді деңгейде қалуы мүмкін.

Мұндай тарифтік саясат Қазақстанның халықаралық нарықтағы шикізат жеткізуші ретіндегі орнын түпкілікті бекіте түседі. Ал цифрландыруды дамыту, әсіресе осы саладағы өнімдер мен қызметтерді экспортқа шығару мүмкіндіктері айтарлықтай шектеледі.

Бұл мәселеге қатысты қалыптасқан түсініктерден арылу қажет. Ұлттық валютаның экономикалық мүмкіндіктерін шектеу және ішкі инвестициялық тетіктердің дамуына тосқауыл қою арқылы сыртқы экономикалық тәуелділікті күшейту жүйесі Қазақстан үшін арнайы әзірленген жоқ. Мұндай тәсіл кезінде «үшінші әлем» деп аталған, бүгінде «дамушы елдер» ретінде сипатталатын мемлекеттердің барлығына арналған.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Қазақстан экономикасы да осы қалыптасқан үлгі бойынша дамушы елдер қатарына қосылды. Қазақстанның өзгелерден айырмашылығы – көпвекторлы сыртқы саясат ұстана отырып, аталған экономикалық үлгіні барынша жүйелі әрі белсенді жүзеге асыратын, тіпті осы тұрғыдан үлгі боларлық дамушы мемлекетке айналуы.

Әзірге бұл мәселенің шешімі табылмай отыр. Ұлттық инвестициялық әлеуетті қалыптастыру да, Еуразия елдерінің энергетикалық машина жасау саласын біріктіретін ортақ кеңістікке қосылу да экономикалық емес, жоғары саяси деңгейде қабылданатын шешімдерді талап етеді. Алайда мұндай шешімдердің қашан қабылданатыны әзірге белгісіз.

Соған қарамастан, Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) тарапынан артық бақылау мен араласуға жол бермей, елдің инвестициялық ресурстарын басқаруға мүмкіндік беретін нақты шешім бар.

Ол – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) инвестициялық әлеуетін пайдалану.

1 қазандағы жағдай бойынша қорда 26,9 трлн теңге жинақталған. Бұл қаражат бүкіл инфрақұрылымды жаңғыртуға жеткілікті болар еді. Алайда жинақталған қаржының нақты экономика үшін тым қымбатқа түсуі оны тиімді пайдалануға кедергі келтіріп отыр.

Мұны табиғаттағы бір құбылыспен салыстыруға болады. Өрмекшінің қалай тіршілік ететінін бәріміз білеміз. Ол тор құрып, оған түскен шыбынның денесіне уы мен ас қорыту сөлін енгізеді. Содан кейін өз панасына кетеді. Торға түскен жәндік басқа тіршілік иелері үшін қорек болудан қалады. Ал өрмекші жемтігінің ішкі мүшелері біртіндеп ыдырап, қоректенуге дайын болғанын күтеді.

Бұл – табиғаттағы құбылыс. Ал Қазақстанда мемлекет жұмыс істейтін азаматтардың келісімін сұрамай, олардың ресми табысының он пайызын ай сайын міндетті зейнетақы жарнасы ретінде БЖЗҚ-ға аударады. Бұл қаражат азаматтардың отбасылық бюджетінен тікелей алынады және қорға ешқандай пайыздық үстемесіз түседі.

Ал БЖЗҚ-ға түскен қаражаттың кейінгі айналымы мүлде өзгеше. Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын Ұлттық банк бұл қаржыға шетелдік және отандық бағалы қағаздарды, негізінен Қаржы министрлігінің мемлекеттік облигацияларын сатып алады. БЖЗҚ болса, зейнетақы жинақтарының есебін жүргізеді.

Осылайша, тұтыну нарығынан ешқандай пайыздық шығынсыз алынған қаражат қаржы нарығында жылдық кірістілігі 15 пайыздан асатын активтерге айналады. Ал инвестицияға мұқтаж нақты экономика үшін мұндай жоғары мөлшерлеме елеулі қаржылық ауыртпалық туғызады. Керісінше, қаржы нарығындағы алыпсатарлық операциялар үшін бұл қаражат табыс табудың тиімді көзіне айналып отыр.

Енді зейнетақы жарналары қаржы нарығындағы алыпсатарлық операцияларға жұмсалмай, тікелей жаңғыртуды қажет ететін электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына бағытталды деп елестетейік. Оның қаржылық мүмкіндігін есептеп көрейік.

1 қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың табысынан аударылған зейнетақы жарналарының көлемі 2,2 трлн теңгеге жеткен. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 3 трлн теңгені құрауы мүмкін. Бұл қазіргі кезде инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын жобалау-сметалық құжаттамамен, құрылыс жұмыстарымен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мүмкіндігінен де жоғары. Демек, жобалау және құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыру жеткілікті, ал оларды қаржыландыруға қажетті қаражат тұрақты түрде түсіп отырады.

Енді бұл қаражаттың қалай қайтарылатынын қарастырайық. 1 қазанға дейін зейнеткерлерге төленген зейнетақы төлемдері мен зейнетақы аннуитеті бойынша аударымдардың жалпы көлемі 0,85 трлн теңгені құраған. Жылдық есеппен бұл сома 1,1 трлн теңгеге жетеді. Яғни зейнеткерлерге жұмыс істейтін азаматтардан жиналған қаражаттың шамамен жартысы ғана төленеді. Қалған 1,1 трлн теңге БЖЗҚ-ның жинақталған активтерін одан әрі ұлғайтуға бағытталады. Алайда бұл қаражаттың қазіргі қаржы нарығындағы айналымы нақты экономикаға қажетті инвестициялардың қолжетімділігін шектеп отыр.

Бұған қоса, қорға «инвестициялық кіріс» деп аталатын қаражат та қайта салынады. Оның едәуір бөлігі Қаржы министрлігінің мемлекеттік қарыз міндеттемелері арқылы бюджет қаражаты есебінен қалыптасады. 1 қазандағы жағдай бойынша осы жолмен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 0,8 трлн теңге түскен. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден асуы мүмкін. Осылайша, аталған қаражат та нақты өндірісті қаржыландырудың орнына қаржы активтерін одан әрі ұлғайтуға жұмсалады.

Бұл ретте мынадай жағдай қалыптасқан. Алдыңғы айларда БЖЗҚ-ның инвестициялық кірісі 1,2 трлн теңгеге дейін жеткен еді. Алайда кейін теңгенің нығаюына байланысты шетел валютасындағы активтердің құны қайта есептеліп, кіріс көлемі төмендеді. Өйткені шетел валютасымен есептелетін активтердің теңгедегі құны азайды. Қаржы нарығының жұмыс істеу заңдылықтары нақты экономикадағы үдерістерден едәуір ерекшеленеді.

Енді инвестиция мәселесіне қайта оралайық. Электр энергиясы мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтер нарығының қазіргі жылдық көлемі 3 трлн теңгені құрайды. Осы көрсеткішті негізге алғанда, зейнеткерлерге төленетін ағымдағы төлемдерді қамтамасыз ету үшін тарифтерді 37 пайызға арттыру жеткілікті болар еді.

Демек, тарифтерді төрт еседен астам өсірудің орнына, 37 пайызға ғана арттыру жеткілікті болмақ. Сонымен қатар салынған қаражатты қайтару мерзімі 10–25 жылмен шектелмей, азаматтардың бүкіл еңбек жолын қамтитын 35–50 жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл ретте коммерциялық кредиттерге тән қосымша пайыздық шығындар болмайды. Зейнет жасына жеткен азаматқа оның жинақтаған қаражаты сатып алу қабілеті сақталған күйінде қайтарылып, оған жыл сайын қосымша 2–3 пайыз кіріс есептеледі. Соның нәтижесінде зейнетақы жинақтарына елеулі қосымша қаражат қосылады.

Осылайша, ұлттық инфрақұрылымды елдің өз қаражаты, дәлірек айтқанда, халықтың жинақтары есебінен қаржыландыруға көшу үшін экономикалық емес, саяси сипаттағы бір мәселені шешу қажет. Ол – жинақтаушы зейнетақы жүйесін қаржы нарығындағы алыпсатарлық операциялардың ықпалынан шығару.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Францияның қаржы дағдарысы еуроаймаққа қалай әсер етеді?

Францияның орасан зор мемлекеттік қарыз мәселесін өз күшімен шешуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Париж Еуропалық орталық банктен (ЕОБ) ауқымды қаржылық көмек күтуде. Алайда еуропалық қаржы реттеушілері «Монетарлық саясаттың берілу тетігін қорғау құралы» (Transmission Protection Instrument, TPI) деп аталатын төтенше шараны қолдануға құлықсыз. Өйткені мұндай қадам еуроның жағдайын әлсіретуі мүмкін. Дегенмен Еуропалық орталық банктің басқа амалы қалмай отыр. Францияға шұғыл көмек көрсетілмесе, оның зардабы бүкіл Еуропалық одаққа, әсіресе еуроаймақ елдеріне әлдеқайда ауыр тиюі ықтимал.

Су тапшылығымен күрес: Қазақстан ШЫҰ елдеріне тәжірибесін таныстырды

«Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында суды үнемдеуге негізделген егіншілікті дамыту жөніндегі бастамаларын ұсынды. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова бастаған делегация Қытайдың Шэньси провинциясында өткен 33-ші Янлин ауыл шаруашылығы көрмесі аясындағы іс-шараларға қатысты.

Қорғаныс министрлігі әскери реформаның негізгі бағыттарын таныстырды

Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданған кешенді әскери реформа жүзеге асырыла бастады. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, реформа аясында Қарулы күштердің құрылымы, әскери басқару жүйесі, әскерлерді даярлау, әскери қызмет өткеру тәртібі мен әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау тетіктері жаңартылады. Реформа барысында Қарулы күштердің құрылымы мен құрамын жетілдіру, қорғанысты жоспарлау жүйесін жаңарту, жұмылдыру даярлығын күшейту және резерв жасақтау ісін дамыту көзделген.

Қашаған дауы: халықаралық төрелік сот Қазақстанның 12 млрд долларлық талабын қабылдамады

Бұл туралы алғашқы ақпарат Bloomberg агенттігінде өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып жарияланды . Агенттіктің хабарлауынша, халықаралық төрелік сот Қазақстан үкіметінің Қашаған кен орнындағы даулы шығындарға байланысты ExxonMobil компаниясына және жобаға қатысушы өзге де компанияларға қойған шамамен 12 млрд АҚШ доллары көлеміндегі талабын жарамсыз деп таныған.