Евразия24Редакция бағаныЖаңа Конституция және ескі экономикалық жүйе

Жаңа Конституция және ескі экономикалық жүйе

|

|

Жаңа Конституцияның күшіне енуі елдің ішкі саяси жүйесіне елеулі өзгерістер әкелгенімен, осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстан экономикасының жаһандық нарыққа кірігуіне негіз болған қағидаттарға айтарлықтай ықпал еткен жоқ. Ал дәл осы әлемдік нарық бүгінде бүкіл жаһандық жүйені, соның ішінде Қазақстанды да қамтыған құрылымдық дағдарыстың салдарынан барған сайын тұрақсыз сипат алып келеді.

Сондықтан жаңаша қалыптасқан мемлекеттік басқару жүйесі әлемдік экономика мен геосаясаттағы үдей түскен құбылмалылыққа, сондай-ақ Қазақстанның өз ішіндегі әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлерге тиімді жауап бере алуы үшін жаһандық жүйелік дағдарыстың себептеріне және оның елімізге қалай әсер етіп отырғанына тереңірек үңілген жөн.

Алғашқы кезекте дамыған елдердің үкіметтерін алаңдатып отырған негізгі мәселелерге назар аударсақ, олардың қатарында мемлекеттік бюджет пен экономиканың жалпы борыштық міндеттемелеріне қызмет көрсету құнының шектен тыс өсуі және инфляцияның жылына қалыпты саналатын 2–3 пайыздық деңгейден асып кету қаупі тұр.

Ал Қазақстан билігін алаңдатып отырған басты жайт – инфляцияның қалыпты саналатын 8–10 пайыздық межеден асып кетуі және ЖІӨ тұрақты өсіп отырғанына қарамастан халық табысының төмендеуі. Қазақстандықтардың әл-ауқатының әлсіреуі бүгінде жаңа әрі алаңдатарлық құбылысқа айналды. Өйткені елімізде бағаның қымбаттауы бұрыннан қалыпты жағдай саналғанымен, ЖІӨ өсіп, сонымен қатар халықтың нақты табысы төмендеген жағдай бұрынғы Қазақстанда болған емес.

Бір қарағанда, бұл алаңдаушылықтардың сипаты ұқсас көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде олардың табиғаты мүлде бөлек, тіпті қарама-қайшы. Бұл айырмашылық Қазақстанның көпвекторлы, шикізаттық және қаржы жүйесі тұрғысынан дамыған елдердің шеткері бөлігі ретіндегі орны мен өнеркәсіптік және қаржы орталықтарының жағдайы арасындағы алшақтық сияқты айқын байқалады.

Сонымен, бұрынғы әлемдік тәртіптің қайтымсыз ыдырауына алып келген негізгі себептердің бірі – жаһандық борыш көлемінің шектен тыс ұлғаюы және соның салдарынан қаржы нарығының шамадан тыс кеңеюі. Бұл құбылыс, ең алдымен, дамыған мемлекеттерге тән.

Мәселен, әлемдік жалпы ішкі өнімнің, яғни адамзат тұтынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жиынтық құны шамамен 110 трлн долларды құрайды. Ал осы нақты экономиканың барлық қатысушылары – үй шаруашылықтары, шағын және орта бизнес, корпорациялар мен мемлекеттердің жиынтық қарызы бұдан екі еседен де көп. Оның көлемі шамамен 250 трлн доллар болса, кейбір деректерде 350 трлн долларға дейін жететіні айтылады.

Оның үстіне, үздіксіз ұлғайып отырған осы қарызды өтеуге жұмсалатын шығын нақты экономикадан қаржы ресурстарын тартып алып, қаржы нарығына бағыттайды. Соның нәтижесінде қаржы нарығының көлемі де шектен тыс ұлғайып барады. Бұл үрдіс, ең алдымен, дамыған елдерге тән. Бір ғана акциялар мен облигациялар нарығының көлемі әлемдік екі-үш ЖІӨ-ге тең. Ал туынды қаржы құралдарын қоса есептегенде, бұл көрсеткіш бірнеше есе артады.

Қазақстандағы жағдай салыстырмалы түрде өзгеше. Елдің сыртқы борышы 182 млрд долларды құрайды. Бұл биылғы болжамды ЖІӨ-нің (320 млрд доллар) шамамен 57 пайызына тең. Мұны АҚШ немесе Қытай сияқты елдердің көрсеткіштерімен салыстыруға келмейді.

Биылғы жылы мемлекеттік қарызды өтеуге жұмсалатын шығындар шамамен 3,5 триллион теңгені құрайды. Бұл — айтарлықтай қомақты сома, бірақ шығыс бөлігі 26,3 триллион теңге болатын 2026 жылғы республикалық бюджет үшін аса қауіпті емес.
Қазақстанның қаржы нарығы — бұл банк активтерінің шамамен 70 триллион теңгесі және бағалы қағаздар нарығы капитализациясының шамамен 50 триллион теңгесі. Яғни, бұл да дамыған елдердегідей еселеп есептелмейді, ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнімнің) белгілі бір үлесін ғана құрайды.

Бірақ мынадай бір жұмбақ бар: бүкіл дамыған әлемді шошытып отырған инфляция қатері — нақ осы нақты нарықтың төбесінде төніп тұрған, одан бірнеше есе үлкен қаржылық көпіршіктің салдары. Ондағы ақша нарыққа барған сайын көбірек «сыналап еніп» жатыр, ал егер (дәлірек айтсақ, қашан) ол жарылатын болса…

Ендеше, бізде, яғни Қазақстанда қаржылық жүктеме бірнеше есе аз бола тұра, инфляция неліктен олардан бірнеше есе жоғары?!

Мәселеге тереңірек үңілсек, Батыстағы қаржы нарығы банк секторының толықтырушысы ретінде капитализмнің алғашқы дәуірінде-ақ пайда болған. Оның басты қызметі нақты экономикада жиналған өсімқорлық пайызды капиталға айналдыру болды. Өсімқорлық үлгінің мағынасы мынадай: нарыққа ақша қайтарымды әрі ақылы негізде беріледі, сондықтан бұрынғы несиені жабу үшін жаңа әрі көлемі үлкен несие алуға тура келеді. Соның нәтижесінде нақты нарықтағы ақша көлемі тауарлар мен қызметтер ұсынысынан үнемі артық болады. Бұл өндіріс пен тұтынудың болашақ өсіміне есептеледі. Сондықтан мұндай нарықта инфляциялық толқын әрдайым жүріп жатады: ол экономиканың нақты өсімінен озып, оны өзімен бірге ілестіріп әкетеді.

Сондай-ақ, бұл толқынның ең оңтайлы деңгейін монетарлық реттеуші (Ұлттық банк) анықтайды: бас банк екінші деңгейлі банктерге базалық мөлшерлеме бойынша кеңейтілген несие береді. Бұл мөлшерлеме неғұрлым төмен болса, экономиканы ақшамен қоректендіру соғұрлым жоғары болады, ал жоғары болса — керісінше. Бұған қоса, реттеуші бас банк екінші деңгейлі банктердің өз шоттарындағы активтерінің бір бөлігін кіріссіз сақтау нормативін белгілейді: осылайша коммерциялық активтердің қаншалықты аз бөлігі бұғатталса, бүкіл экономикадағы несиелік мультипликация соғұрлым жоғары болады және керісінше.

Реттеудің тағы бір маңызды қағидаты мынадай: қаржы нарығындағы операциялардың табыстылығы нақты тауарлар мен қызметтер нарығындағы табыстылықтан жоғары болуы тиіс. Алайда бұл айырмашылық шамадан тыс болмауы қажет. Сонда нақты экономикада қалыптасқан бос ақша қаражаты қаржы нарығына бағытталып, сонымен қатар өндірісті дамыту үшін қажетті қаржы ресурстарын осы нарықтан тартуға мүмкіндік сақталады.

Енді отандық проблемалардың туындау себептерін айқындайтын, нақты тауарлар мен қаржылық құралдардан тұратын екі деңгейлі капиталистік нарықтың басты қасиетіне тоқталайық. Егер нақты нарықтағы ақша массасының шағын өсімі бағаның біршама қымбаттауына әкелсе, дәл сондай ақша массасының қаржы нарығындағы айтарлықтай жоғары көлемі инфляцияны емес, капиталдандыруды тудырады. Акциялар мен басқа да бағалы қағаздардың құны қарқынды өседі және бұл үдеріс кері әсерін тигізбейді, қайта оң нәтиже ретінде қабылданады. Себебі қазіргі әлемдегі негізгі активтер борыштық міндеттемелер түрінде рәсімделгендіктен, міндеттеме көлемінің артуы олардың иелерінің капитал көлемін ұлғайтады.

Бұл жағдай жаһандық және отандық негізгі проблеманың басты себебін түсіндіреді. Дамыған экономикалар үшін қаржы нарығын шектеусіз ұлғайту осы уақытқа дейін өз ішіндегі инфляцияны сыртқа ағызу құралы болып келді. Бұл ретте инфляция біз сияқты дамушы экономикаларға бағытталды.

Мұның екі құрамдас бөліктен тұратын өте қарапайым механизмі бар: біріншісі — ұлттық валюта бағамының әлсіреу үрдісі бар құбылмалы режимі, екіншісі — оның толық конвертациялануы, яғни доллар, еуро, рубль, юань және кез келген сыртқы валютаның теңгемен баламалы түрде елге кедергісіз кіруі мен шығуы.

Соның салдарынан мұндай экономикада инфляцияның тұрақты жоғары деңгейі қалыптасады. Бұған, бір жағынан, ұлттық валюта құнсызданған сайын импорттың қымбаттауы әсер етсе, екінші жағынан, валюта нарығындағы сатып алу-сату операциялары ықпал етеді. Шын мәнінде, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан, ЖІӨ өсімін қамтамасыз етіп отырған және үкімет өз жетістігі ретінде көрсететін логистикалық әрі өнеркәсіптік жобалардың басым бөлігі – теңгеге айырбасталатын шетелдік инвестициялар. Оның үстіне, бұл инвестициялар ең алдымен сыртқы мүддеге бағытталған.

Осындай жағдайда инфляцияны тежеу құралы ретінде ұсынылатын Ұлттық банктің шамадан тыс жоғары базалық мөлшерлемесі, біздің ойымызша, керісінше инфляциялық қысымды күшейтеді. Мұның себебі түсінікті: Ұлттық банктің несие беру белсенділігін шектеу туралы сөз қозғаудың өзі қиын, өйткені мұндай белсенділік іс жүзінде жоқ. Ал жергілікті нарықта ақша құнының жоғары болуы өндірушілердің шығынын арттырып, ақыр соңында бұл шығын өнім бағасына қосылады.

Ал монетарлық инфляцияға келсек, Ұлттық банк несиелеуді барынша шектеуге тырысқанына қарамастан, Қазақстандағы ақша массасының өсімі инфляция деңгейінен шамамен бір жарым есе жоғары болып отыр. Мұның себебі қарапайым. Коммерциялық несиелеу әлсірегендіктен, үкімет экономикаға бюджет қаражаты мен қарыз қаражатын бағыттайды, ал еліміздегі логистикалық және өнеркәсіптік жобаларға мүдделі шетелдік инвесторлар өз капиталын әкеледі. Бұл қаражаттың бәрі Ұлттық банктің бақылауымен валюта нарығында теңгеге айырбасталады. Сондықтан халық пен қысымға ұшыраған шағын және орта бизнес қаржы тапшылығын сезінгенімен, жалпы экономикадағы ақша көлемі жеткілікті.

Ал көлемі салыстырмалы түрде шағын Қазақстанның қаржы нарығы ақша құнының жоғары болуына және қаржы операцияларының табыстылығы дамыған елдердегіден әлдеқайда жоғары болуына байланысты нақты сектордағы қаржы ресурстарын өзіне тартып отыр. Сонымен бірге ол қаражаттың табысы төмен топтардан ауқатты топтарға қайта бөлінуіне де ықпал етеді.

Яғни қолданылып отырған модель сырт көзге дамыған елдердің тәжірибесіне ұқсайды. Бірақ оның жұмыс істеу қағидаты мүлде басқа. Соған қарамастан дамыған елдер де, дамушы экономикалар да бірдей жүйелік дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр. Жаңа Конституция жағдайында назар аударуға тиіс мәселелердің бірі де – осы.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Көптен күткен жоспар: Үкімет халықтың табысын қалай өсірмек?

Көптен күткен жаңалық. Қазақстан үкіметі мамыр айында қабылдауға уәде берген, бірақ іс жүзінде 10 маусымдағы қаулымен бекіткен 2026–2029 жылдарға арналған халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар енді көпшілікке қолжетімді болды. Бұл құжат елдегі экономикалық ахуал күрделене түскен кезеңде жарияланып отыр. Өйткені 2025 жылы қазақстандықтардың нақты табысы айтарлықтай төмендеп, инфляция екі таңбалы деңгейге жетті, ал халықтың несие жүктемесі бұрынғыдан да ауырлай түсті. Осындай жағдайда ұсынылған шаралар қаншалықты тиімді болмақ? Олар шын мәнінде халықтың әл-ауқатын жақсарта ала ма? Осы сауалдарға талдауымызда жауап іздейміз.

Қызанақ импортына тыйым

Тағы да сол жағдай қайталанды. Мемлекет отандық өндірушілердің арзанырақ өнім тарапынан бәсекелестікке тап болғанын мойындап, нарықты уақытша жабу туралы өтініштерін қанағаттандырды. Алайда, бұл қарапайым схемада нарықтың негізгі субъектісі — тұтынушы неліктен екені белгісіз, тасада қалды.

NIS 2025 жылға дивиденд төлемейді

Сербияның NIS энергетикалық компаниясының («Газпром нефть» тобына кіреді) акционерлері жылдық жалпы жиналыста өткен жылдардағы бөлінбеген пайданы 2025 жылғы шығынды жабуға бағыттау туралы шешімді мақұлдады. Соған байланысты компания 2025 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төлемейді.

Қазақстан мен Грузия стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады

Қазақстан Грузияны стратегиялық маңызы бар дәстүрлі серіктес ретінде қарастырады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидземен өткен келіссөздер барысында мәлімдеді.