Almaty Today басылымының хабарлауынша, Қазақстанда ағынды сулар құрамында есірткі заттарының бар-жоғына тексеріле бастады. Бұл туралы Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов мәлімдеді. Оның айтуынша, сынамалар Алматы, Павлодар, Маңғыстау облысы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облысындағы мектептер, жоғары оқу орындары, колледждер мен түнгі клубтардан алынған. Жалпы 18 нысанның ағынды сулары зерттелген. Сараптама барысында олардың құрамынан есірткі және психотроптық заттар, соның ішінде «дизайнерлік есірткілер» анықталған. Сондай-ақ сот-медициналық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Назгүл Имамбаева ағынды суларды зерттеу жұмыстары құқық қорғау органдарының тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқанын айтты.
Еуразия24 пікірі:
Ағынды сулардағы есірткі заттарын анықтау тәжірибесі ақыры қолға алынды. Бұл әдіс Нидерланд, Аустралия, Италия, АҚШ және басқа да елдерде бұрыннан бері қолданылады. Ол қала, аудан және жастар шоғырланған ортадағы есірткі тұтыну деңгейін бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеу тұтыну көлемін ұсталғандар саны немесе мойындаулар арқылы емес, қоршаған ортада қалған объективті биологиялық іздер негізінде анықтайды. Әсіресе мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында жүргізіліп жатқан зерттеулер маңызды. Мемлекет тек есірткі қолданушыларын анықтауды емес, сонымен қатар қауіп жоғары аймақтарды белгілеп, алдын алу жұмыстарын, психологиялық қолдауды және ата-аналармен түсіндіру шараларын күшейтуді көздеп отыр. Сонымен қатар «дизайнерлік есірткілердің» іздерін анықтау мүмкіндігі де маңызды. Бұған дейін зертханалар мен сот сараптамасының техникалық мүмкіндігі жеткіліксіз болғандықтан, мұндай заттарды анықтау қиын еді. Соның салдарынан олар тұтынушылар арасында жылдам таралып кеткен.




