Zakon.kz басылымының хабарлауынша: «Қазақстанда 2026 жылы 21 қарашадан бастап оқушылардың сабақтан қалуын бақылау күшейтіліп, буллингке қарсы іс-қимыл тәртібі өзгереді. Алматы қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының мәліметінше, елімізде 0–18 жас аралығындағы балалардың бірыңғай дерекқоры жүргізіледі. «Дерекқорға мектеп оқушылары, мектеп жасына дейінгі балалар, біліммен қамтылмағандар, сондай-ақ сабаққа дәлелді себепсіз жүйелі түрде қатыспайтын оқушылар туралы мәліметтер енгізіледі», – деп басқарманың баспасөз қызметі хабарлады. Сабақты жүйелі түрде босататын оқушылар туралы ақпарат ай сайын полицияға тексеру үшін жолданады. Бұл мәліметтер әр айдың 10-ына дейін Ұлттық білім беру дерекқорына енгізілуі тиіс. Сонымен қатар буллинг жағдайларына қатысты шара қабылдау тәртібі де өзгереді. «Білім беруді басқару органдары буллинг туралы келіп түскен ақпаратты бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті». Мектептерге балаларға психологиялық қолдау көрсетуді ұйымдастыру міндеті де жүктеледі».
Еуразия24 пікірі:
Жуырда Құрылтайда үкімет сағаты өтіп, онда балалардың білім алуына қатысты мәселелер де талқыланған болатын. Бұл туралы толығырақ біздің материалдан оқи аласыздар.
Іле-шала оқушылардың сабаққа қатысуын бақылаудың жаңа тәртібі енгізілетіні хабарланды. Бұл – құптарлық шешім. Енді мемлекет балалардың мектепте білім алуына нақты не кедергі келтіріп отырғанын анықтай алады. Оқушылар ересектерден жасырып, сабақтан өздері қалып жүр ме, әлде ата-аналары оларды үй шаруасына жұмсап, мектепке жібермей ме – осының бәрі белгілі болмақ.
Дегенмен мәліметтерді ай сайын полиция деректерімен салыстырудың нақты тәртібі әзірге түсініксіз. Бәлкім, бұл кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың қарауындағы, балалары қараусыз қалатын тұрмысы қолайсыз отбасыларды есепке алуға қатысты болар. Бір қызығы, білім беру жүйесі мен Ішкі істер министрлігі арасында кәмелетке толмағандар туралы мәліметтерді осылай салыстырып отыру 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қарастырылған еді.
Егер мұндай ынтымақтастық сабақтан қалған балалардың санын тіркеумен шектелмей, оның себептерін анықтауға және отбасыларға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік берсе, жаңа тетіктің тиімділігі туралы айтуға болады.




