Құрылтай депутаты Татьяна Савельева мәлімдеді: «1 тамыздағы жағдай бойынша банктердің жоғары өтімді активтері 23,2 трлн теңгені құрады. Бұл – банк жүйесіндегі барлық активтің үштен біріне жуығы. Сонымен қатар Ұлттық банк нарықтағы 7 трлн теңгеге дейінгі бос өтімділікті айналымнан алып отыр. Бұған қоса, мемлекеттің өзі де ішкі нарықтан белсенді түрде қарыз тартып келеді. Тек шілде айында Қаржы министрлігі кірістілігі 18,93%-ға дейін жететін мемлекеттік облигациялар арқылы 750 млрд теңге тартты. Мұндай жағдайда банктер үшін таңдау түсінікті: қаражатты кірістілігі жоғары әрі тәуекелі төмен мемлекеттік қаржы құралдарына салу бизнесті ұзақ мерзімге несиелеу тәуекелін мойнына алғаннан әлдеқайда тиімді. Ал теңгемен берілетін бизнес несиелерінің орташа мөлшерлемесі 21,5%-ды құрайды. Соған қарамастан мемлекет мұндай несиелерді пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру және даму институттары арқылы қосымша қолдап отыр. Нәтижесінде банк жүйесінде қаражат бар, мемлекет сол қаражатты жоғары кірістілікпен өзі қарызға алады, ал бизнес үшін несие әлі де қымбат. Кейін оны қолжетімді ету үшін мемлекет тағы да өз қаражатын жұмсауға мәжбүр. Әрине, мұндай жағдайдың қалыптасуына базалық мөлшерлеме, банк секторын реттеу талаптары, ақша құны, несиелік тәуекелдер және жобалардың сапасы секілді бірқатар фактор әсер етеді. Алайда мемлекеттік қаржы тұрғысынан басты мәселе мынада: қазіргі жүйе мемлекетке қосарланған қаржылық салмақ түсіріп отырған жоқ па? Бір жағынан – мемлекеттік қарыздарға қызмет көрсету шығындары, екінші жағынан – экономиканың нақты секторын несиелеуді қолдауға жұмсалатын қосымша қаражат».
Еуразия24 пікірі:
Иә, Татьяна Михайловна, мұндай сауалдың туындауына негіз бар. Дегенмен банктер бизнесті мүлде несиелемейді деп кесіп айтуға болмайды. 2026 жылғы шілдеде банктер бизнеске 2,1 трлн теңге көлемінде жаңа несие берді . Оның ішінде ірі бизнесті несиелеу көлемі 40,8%-ға артқан.
Дегенмен қазіргі жағдайда банктер қаражатты табысы жоғары, тәуекелі төмен бағыттарға салуды жөн көреді. Банктер қаражатты негізінен кірістілік, тәуекел, мерзім және реттеушілік талаптар тұрғысынан өзіне барынша тиімді бағыттарға орналастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік бағалы қағаздардың шартты түрде 18,9% кірістілігі мен бизнеске берілетін несиенің 21,5% мөлшерлемесін тікелей салыстыруға болмайды. Өйткені 21,5% – банктің таза пайдасы емес. Одан қаражат тарту құны, операциялық шығындар, резервтер мен несиелік тәуекелге байланысты шығындар шегеріледі.
Сондықтан мәселені бұдан да кеңірек қойған жөн: неліктен банк жүйесі қаражатын өзі үшін ең тиімді әрі тәуекелі аз бағыттарға салуға ұмтылады да, мемлекет осы кезде бизнесті несиелеуді жандандыру үшін пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, кепілдік беруге және даму институттары арқылы қосымша қолдау көрсетуге мәжбүр?




