«Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, қазір қолданылып жүрген сағатына 100 теңге тариф 2016 жылдан бері өзгермеген. Соңғы он жылда қаладағы автокөлік саны 1 миллионнан асып, жол желісі мен автотұрақтарға түсетін жүктеме едәуір артты. Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – бос тұрақ орындарының қолжетімділігін арттырып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау. Қазір жүргізушілер тұрақ орнын іздеуге көп уақыт жұмсайды, бұл жол қозғалысына қосымша салмақ түсіреді», – деп хабарлады Алматы әкімдігі .
Осылайша, көлік қозғалысы салыстырмалы түрде төмен аумақтарда тариф сағатына 100 теңге болып қалады. Автотұраққа сұраныс орташа аумақтарда оның құны сағатына 150 теңгені құрайды. Ал тұрақ орны тапшы әрі көлік қозғалысы қарқынды аумақтарда тариф сағатына 200 теңге болады.
Өзгерістер автотұрақ маңындағы үйлердің тұрғындарына қатысты болмайды. Олар тұрғылықты жері бойынша берілетін арнайы рұқсатпен көлігін бұрынғыдай тегін қоя алады. Жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін де автотұрақты пайдалану жеңілдіктері сақталады.
Біздіңше, екі есе жоғары тариф «алтын шаршы» аумағында, ірі сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар мен базарлар маңында, сондай-ақ веложолдар салынған және BRT желілері өтетін біржақты көшелерде енгізілуі мүмкін.
Ақылы тұраққа көлігін қойып, жұмысқа келетіндер үшін шығын айтарлықтай артады. Осылайша, Алматы билігі тұрғындарға қоғамдық көлікті пайдалансаңыздар, шығынды азайтасыздар деген ишара жасап отырғандай.
«Сараланған тарифтерді енгізу тұрақ орындарының айналымын арттыруға, бос орын іздеуге кететін уақытты қысқартуға, тоқтау және көлік қою ережелерін бұзу жағдайларын азайтуға, сондай-ақ қаладағы автотұрақ кеңістігін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді деп күтілуде», – деп хабарлады әкімдік.
Бұл шара көздеген нәтижесін беруі де мүмкін. Алайда екі есе қымбат тариф жүргізушілерді ескі ықшамаудандардағы тұрғын үйлердің аулаларына ығыстыруы ықтимал. Ондағы тұрақ орындары онсыз да жергілікті тұрғындардың сұранысын толық өтей алмай отыр. Сырттан келетін көліктер көбейсе, жағдай одан әрі қиындауы мүмкін.




