Тарих ізіндегі тұлғалар

|

|

«Майдан жолы» іздестіру жасағының мәліметінше, Павлодар қаласындағы «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағы тарихи жадты сақтау және Отан қорғаушылардың ерлігін ұлықтауға бағытталған «Батырлар жолымен» халықаралық патриоттық жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында Ұлы Отан соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен жерлестерді іздеуге арналған үш экспедиция ұйымдастыру жоспарланған. 2026 жылы барлық іздестіру экспедициялары Ұлы Отан соғысының соңғы кезеңі болған 1945 жылғы шешуші шайқастар өткен аумақтарда өтеді. Жобаның іске асырылуы бірқатар мерейтойлар мен атаулы күндермен байланысты — Ұлы Отан соғысының басталғанына 85 жыл толуына, сондай-ақ Қазақ КСР аумағында әскери бөлімдердің құрылған күніне орайластырылған.

Экспедициялардың мақсаты: Отан қорғаушы жауынгерлердің сүйектерін тауып, есімдерін анықтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту. «Майдан жолы» жасағының құрамында ИнЕУ Жоғары колледжі мен Павлодар политехникалық жоғары колледжінің студенттері, №9 жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары және №26 мектептің мұғалімі қатысады. Павлодар Ертіс өңірінің өскелең ұрпағы мен педагогтар қауымдастығының осынау маңызды да сауапты іске атсалысуын ерекше құнды деп санаймыз».

Еуразия24 пікірі:

Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағының командирі Александр Шитов пен оның серіктестері атқарып жатқан жұмысты тарихты сақтау және Қазақстаннан аттанған боздақтардың есімін ұлықтау жолындағы аса маңызды іс деп білеміз. Сондықтан іздестіру жасағының алдағы жоспарлары туралы хабарламасын толықтай назарларыңызға ұсынамыз.

«Бірінші экспедиция» – Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру жасағы «Ресей іздестіру қозғалысы» қоғамдық ұйымының қолдауымен 2026 жылдың 18 мамыры мен 2 маусымы аралығында Сахалинде өтетін «Қиыр Шығыс майданы – 2026» экспедициясына қатысады. Іздестіру жұмыстары 1945 жылдың тамыз айындағы кескілескен шайқастар өткен аймақтарда жүргізіледі. Мамандар кеңес жауынгерлерінің сүйектерін, сол кезеңдегі қару-жарақ пен жабдықтарды іздеумен қатар, Қиыр Шығыс қорғаушыларының ерлігін мәңгілік ету мақсатында әскери іс-қимылдардың интерактивті карталарын әзірлейді.

Орналасқан жері: Негізгі жұмыстар Оңтүстік Сахалинді азат ету жолындағы шешуші шайқастар өткен Смирныхов ауданында жүргізіліп жатыр. Қатысушылардың айтуынша, жетуі қиындық тудыратын жерлерде — шоқылар мен сай-салаларда жұмыс істеудің өзіндік ерекшелігі бар, бұл жазық даладағы іздестіру шараларымен салыстырғанда мүлдем бөлек әдістемені қажет етеді.

Тарихи жады: 1945 жылғы Оңтүстік Сахалин шабуыл операциясы. Қазақстандық жауынгерлер кескілескен ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтарда Оңтүстік Сахалин мен Куриль аралдарын азат етуге қатысып, Жапонияға қарсы шайқастарда ерен ерлік пен батылдық көрсетті. Оңтүстік Сахалин десанттық операцияларына тартылған 79-атқыштар дивизиясы мен өзге де бөлімшелер құрамында Кеңес Одағының түрлі ұлт өкілдерімен бірге қазақтар да шайқасты. Генерал-майор И. П. Батуровтың қолбасшылығындағы дивизия Оңтүстік Сахалин шабуыл операциясы кезінде негізгі соққыны бағыттады. Операцияда көрсеткен ерекше еңбегі үшін 1945 жылғы 14 қыркүйекте 79-дивизияға «Сахалиндік» құрметті атауы берілді.

Мұрағаттық құжаттар (мысалы, қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің мәліметтер базасы) Қазақ КСР аумағынан әскерге шақырылған көптеген жауынгерлердің Қиыр Шығыс шебінде, соның ішінде Сахалин облысында шайқасып, қаза тапқанын растайды:

  • Н. Д. Құрманов – 79-атқыштар дивизиясының 165-атқыштар полкіне қолбасшылық етті. Оның жетекшілігімен полк Харамитог (Котон) бекіністі ауданында жапон қорғанысын бұзып өтуді сәтті ұйымдастырды. Оның сарбаздары жаудың Хандаса тірек пунктінің тылына өту үшін жолсыз жерлер мен батпақтар арқылы өте күрделі айналма маневр жасады.
  • Бөлімшелердегі қазақстандықтар – 56-атқыштар корпусының дивизиялары мен өзге де бөлімдерінің қатарында иық тіресе шайқасқан жүздеген отандасымыз қызмет етті. Олар 1941–1943 жылдардан кейін Қиыр Шығыс майданының бөлімдерін толықтырған болатын.

Белсенді ұрыс қимылдары 1945 жылғы 11 тамызда басталды. Дәл осы күні 56-атқыштар корпусының кеңес әскерлері 50-параллельдегі шекарадан өтіп, жапондықтардың Котон бекіністі ауданына шабуыл жасауға кірісті.

Кеңес әскерлерінің Сахалиндегі сәтті ілгерілеуі Куриль аралдарына десант түсіруге қолайлы жағдай жасады. Шумшу аралына жасалған шабуыл кеңес-жапон соғысындағы ең қанды шайқастардың бірі болып саналатынын атап өткен жөн, өйткені бұл ұрыс Жапония 15 тамызда тізе бүгетінін (капитуляция) жариялағаннан кейін де жалғасты.
Қазіргі Сахалинде соғыс қаһармандарының есімі ерекше құрметтеледі. Олардың көбі ұрыс қимылдары аяқталғаннан кейін де аралда қалып, өмір сүрді.

«Екінші экспедиция» Ресей Федерациясының Калининград облысында 2026 жылдың 20-30 шілде аралығында өтеді. Бұл сапар Қазақстан Республикасындағы (Өскемен қ.) «Россотрудничество» өкілдігінің қаржылай қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Орналасқан жері: Негізгі жұмыстар 1945 жылдың басында кескілескен шайқастардың ошағына айналған Багратионов ауданында (бұрынғы Прейсиш-Эйлау округі) жүргізіледі.

Тарихи жады: Кенигсбергті алу. Шығыс Пруссия операциясын жүзеге асырған 3-Белорус майданының көптеген әскери бөлімдері мен құрамаларында қазақстандықтар да шайқасты. Олар 1945 жылдың сәуір айында Кенигсберг бекініс-қаласына жасалған шабуыл кезінде жаппай ерлік көрсетті.

Көптеген жауынгерлер Шығыс Пруссия аумағындағы ерліктері мен Кенигсбергті алу кезінде көрсеткен қаһармандықтары үшін жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды:

  • Сағадат Нұрмағамбетов (ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі) Кенигсбергке барар жолда жау бекіністерін бұзып өтуге қатысқан ротаға қолбасшылық етті. Ол 1924 жылы Трудовое ауылында (қазіргі Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Еңбек ауылы) дүниеге келген;
  • Ыдырыс Хайруллин (1917 ж.т.) осы аймақтағы шайқастарда қайсар байланысшы әрі барлаушы ретінде танылды. Ол 1917 жылы Ақсай ауылында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы) туған;
  • Төлеген Қабылов – Кеңес Одағының Батыры атағы қайтыс болғаннан кейін берілді. Ол Кенигсбергті алу кезінде аты шыққан ең танымал қазақстандық батырлардың бірі. Оның ерлігі соғыстың соңғы күндеріндегі жасқанбас ерліктің символына айналды.

Операция нәтижесінде немістердің Шығыс Пруссиядағы негізгі күштері талқандалды.
Неміс қолбасшылығы бекіністі қоршау жағдайында ұзақ уақыт бойы қарсылық көрсетуге дайындау үшін барлық мүмкін шараларды жасады. Кёнигсбергте жерасты зауыттары, көптеген арсеналдар мен қоймалар болды. Қорғаныс жүйесі кеңес әскерлері бұзып өткен сыртқы шептен және үш ішкі қорғаныс шебінен тұрды. Қала орталығында цитадель орналасты.

Неміс топтарын қоршауға алып, көзін жою үшін кеңес әскерлері Кёнигсбергке солтүстік пен оңтүстіктен бір мезгілде тоғыспалы бағыттар бойынша соққы беруі тиіс еді. Сондай-ақ жаудың Земланд тобына Пиллау (Балтийск) бағытында тежеуші соққы беру жоспарланды. Операция алдында артиллериялық дайындық жүргізілді.

Майдан әскерлерінің шабуылы 6 сәуірде басталды. Біздің жауынгерлер Отанға деген шексіз адалдықтың, рух асқақтығының, ерліктің, батылдықтың және ең күрделі ұрыс жағдайында жеңіске жете білудің үздік үлгісін көрсетті. Оларға гитлершілердің жанқиярлық қарсылығын басып, алынбастай көрінген бекіністі иелену үшін төрт тәуліктен де аз уақыт қажет болды.

1945 жылғы 10 сәуірге қараған түні Мәскеу қаласы Кёнигсбергті алу қаһармандарының құрметіне үш жүз жиырма төрт зеңбіректен жиырма төрт рет артиллериялық дүркін атты. Бұл салтанатты салют бүкіл әлемге кеңес жауынгерлерінің ерлігін, батылдығы мен әскери шеберлігін паш етті.

Кёнигсберг үшін болған шайқастарда олар қажырлылық, қайсарлық пен жаппай қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Төрт күнге созылған шабуыл кезінде 200-ден астам жауынгер ерен ерлік жасап, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Калининград облысында Ұлы Отан соғысына қатысты іздестіру экспедициялары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Себебі бұл аймақ (бұрынғы Шығыс Пруссия) 1944–1945 жылдары кескілескен қанды шайқастар өткен тарихи орын болып табылады.

«Үшінші экспедиция». 2026 жылдың 3 мен 20 тамызы аралығында Шумшу аралында «Куриль десантының ізімен» атты халықаралық іздестіру экспедициясы өтеді. Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру жасағы «Ресей іздестіру қозғалысы» қоғамдық ұйымының қолдауымен осы шараға қатысады.

Бұл экспедиция 1945 жылғы 18 тамызда Куриль тізбегіндегі Шумшу аралына түсірілген Куриль десантының рухына бағышталады. Аталған операция Кеңес-жапон соғысының құрамдас бөлігі болды және Куриль аралдарын азат етуді мақсат етті.

Жапония 15 тамыздың өзінде-ақ Екінші дүниежүзілік соғыста тізе бүгу (капитуляция) шарттарын қабылдауға келіскенімен, бұл туралы бұйрық жапон әскери бөлімдеріне жетпегендіктен, олардың қарулы күштері қарсылық көрсетуді тоқтатпады. Операцияны КСРО-ның 2-Қиыр Шығыс майданы мен Тынық мұхит флотының әскерлері жүзеге асырды.

Операцияның жоспары бойынша, Шумшу аралының (Куриль аралдарының негізгі тірек пункті) солтүстік-батыс бөлігіне теңіз десантын кенеттен түсіру қарастырылды. Басты соққыны Катаока әскери-теңіз базасына бағыттай отырып, аралды иелену және оны плацдарм ретінде пайдалана отырып, Парамушир, Онекотан және басқа да аралдарды жаудан тазарту көзделді.

Жапон тарапы Куриль аралдарында 80 мыңнан астам сарбаз бен офицерді шоғырландырып, жалпы сыйымдылығы 600 ұшаққа жететін 9 аэродром мен қону алаңын жабдықтады. Жапондықтардың қуатты артиллериясы кеңес кемелеріне оқ жаудырса, құрлықта жаяу әскер мен танк бөлімшелері десантшыларға шабуыл жасады.
18 тамызда Шумшу аралына әскер түсіру басталды. Бұл шайқастар өте кескілескен сипатта өтті: кеңес әскерлері 416 адамынан айырылды, 123 адам хабар-ошарсыз кетті (негізінен десант түсіру кезінде суға кеткендер), 1028 адам жараланды, жалпы шығын 1567 адамды құрады. Жапондықтардың өлідей және жаралылай шығыны 1018 адам болды. 23 тамызда Шумшу аралы мен өзге де Куриль аралдары жапон әскерлерінен толықтай азат етілді. Барлығы 50 442 жапон сарбазы мен офицері, соның ішінде 4 генерал тұтқындалды. Сондай-ақ 300-ден астам зеңбірек пен миномет, 1000-ға жуық пулемет, 217 автокөлік пен тартқыш олжаланды. Алайда Куриль десантының басты нәтижесі — барлық Куриль аралдарына толық бақылау орнатылуы болды.

Куриль десанттық операциясы Екінші дүниежүзілік соғыс барысындағы Қызыл Әскердің соңғы ірі әскери операциясы болып тарихқа енді және бұл ұрыс қимылдарының толық тоқтауына негіз болды.

Куриль операциясына Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасынан аттанған жауынгерлер зор үлес қосты. Олардың саны шайқасқа қатысушылардың арасында ең көп топтардың бірі болды:

  • Құрманғаз Ыбыраев — жаудың нөсерлеткен оғының астында жол ашты. Пулеметші ретінде ол қарсыластың от нүктелерін тұншықтырып, жаяу әскердің алға жылжуын қамтамасыз етті;
  • Ыбыраев Көкқаз Ибрагимұлы — аға лейтенант, 101-атқыштар дивизиясының жауынгері. 1918 жылы Қазақ КСР-інде дүниеге келген. Десанттық операцияның белсенді қатысушысы. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған;
  • Бодынов Әбілтай Бодықұлы (Бодыков Әлбитай) — аға лейтенант, 101-атқыштар дивизиясының 373-атқыштар полкінде қызмет етті. 1912 жылы Қазақ КСР-інде туған. «Жапонияны жеңгені үшін» медалінің иегері;
  • Зайнутдинов Хайрут Малютдинович – қатардағы жауынгер. 1915 жылы Қазақ КСР-інде, Петропавл қаласында дүниеге келген. Қызыл Әскер қатарында 1939 жылдан бастап қызмет етті. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Қызыл Жұлдыз орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған;
  • Мұхамедияров Қазы – медицина қызметінің майоры. 1916 жылы Қазақ КСР-інде туған. Қызыл Әскер қатарына 1937 жылы шақырылған. №1063 эвакуациялық госпитальда қызмет етті. «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған;
  • Леонид Дмитриевич Блинов – 101-атқыштар дивизиясының 373-атқыштар полкінде миномет взводының командирі болды. Қазақ КСР-інің тумасы. 1945 жылғы 5 қыркүйекте Парамушир аралында, Васильев мүйісі маңында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты;
  • Төлегенов Киждар (Скандар, Скейдер) – қызыл әскер, 138-атқыштар полкінің жауынгері. БЛКЖО (ВЛКСМ) мүшесі. 1916 жылы Қазақ КСР-інің Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызыл Әскер қатарында 1939 жылдан бастап қызмет етті. 1945 жылғы 18 тамызда Шумшу аралындағы шайқаста қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне алынды;
  • Әбдіхамедов Мақсұт – қатардағы жауынгер. 1916 жылы Қазақ КСР-інде туған, десанттық операцияға қатысушы;
  • Аймұхамедов Қадыр – қызыл әскер. 1898 жылы Қазақ КСР-інде дүниеге келген, десанттық операцияға қатысушы. 101-атқыштар дивизиясының 138-атқыштар полкі құрамында майдан жолынан өткен;
  • Әбдіхалықов Мақсұт – қызыл әскер. 1916 жылы Қазақ КСР-інде туған, десанттық операцияға қатысушы. 101-атқыштар дивизиясының 138-атқыштар полкі құрамында майдан жолынан өткен;
  • Аналбаев Шалмұ – қызыл әскер. 1913 жылы Қазақ КСР-інде туған, десанттық операцияға қатысушы. 101-атқыштар дивизиясының 138-атқыштар полкі құрамында майдан жолынан өткен;
  • Қоқызов Ақсейіт – лейтенант. 1920 жылы Қазақ КСР-інде дүниеге келген, десанттық операцияға қатысушы. Қызыл Әскер қатарында 1940 жылдан бастап қызмет етті. 101-атқыштар дивизиясының 373-атқыштар полкі құрамында майдан жолынан өткен;
  • Аблахов Харахаджа – қызыл әскер. 1914 жылы Қазақ КСР-інде туған, десанттық операцияға қатысушы. Қызыл Әскер қатарына 1941 жылы шақырылған. 101-атқыштар дивизиясының 373-атқыштар полкі құрамында майдан жолынан өтті;
  • Мамышев Жолдыбай – қызыл әскер, телефоншы. 1919 жылы Қазақ КСР-інде дүниеге келген, десанттық операцияға қатысушы. 1945 жылғы 18 тамызда қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты. Шумшу аралының солтүстік жағалауында жерленген;
  • Чекотило Николай Сергеевич – сержант, атқыштар бөлімшесінің командирі. 1918 жылы Қазақ КСР-інде туған, десанттық операцияға қатысушы. 1945 жылғы 18 тамызда қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты, Шумшу аралында жерленген;
  • Сас Михаил Федорович – қызыл флотшы, белгі беруші (сигнальщик). 1918 жылы Қазақ КСР-інде дүниеге келген, десанттық операцияға қатысушы. 1945 жылғы 18 тамызда қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты, Шумшу аралының Кокутан мүйісінде жерленген;
  • Сергеев Федор Васильевич – кіші сержант, старшина. 1915 жылы Қазақ КСР-інде туған, десанттық операцияға қатысушы. Шумшу аралында жерленген;
  • Чирков Николай Петрович – аға сержант, бөлімше командирі. 1918 жылы Қазақ КСР-інде дүниеге келген, десанттық операцияға қатысушы. 1945 жылғы 18 тамызда десант түсіру кезінде қаза тапты, Шумшу аралының Кокутан мүйісінде жерленген;
  • Озеров Анатолий Константинович – қатардағы жауынгер, РПД (қол пулеметі) көздеушісі. 1915 жылы дүниеге келген, Қазақ КСР-інен әскерге шақырылған, десанттық операцияға қатысушы. 1945 жылғы 18 тамызда десант түсіру кезінде хабар-ошарсыз кеткен;
  • Опарин Федор Григорьевич – аға сержант, взвод командирінің көмекшісі. 1918 жылы Қазақ КСР-інде туған, десанттық операцияға қатысушы. Шумшу аралындағы аэродромда жерленген;
  • Слобода Яков Матвеевич – қызыл әскер, атқыш. 1918 жылы дүниеге келген. Қазақ КСР-інен әскерге шақырылған, десанттық операцияға қатысушы. 1945 жылғы 18 тамызда десант түсіру кезінде қаза тапты, Шумшу аралының Кокутан мүйісінде жерленген;
  • Төлегенов Скиждар (Окиндер) – қызыл әскер, РПД (қол пулеметі) есептобының мүшесі. 1916 жылы Қазақ КСР-інде туған, десанттық операцияға қатысушы. 1945 жылғы 18 тамызда қаза тапты, Шумшу аралында жерленген.

«БАТЫРЛАР ЖОЛЫМЕН – ДОРОГОЙ СЛАВЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУЫ ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА

«Батырлар жолымен – Дорогой славы» жобасы Ұлы Отан соғысы қаһармандарының есімін мәңгілікке қалдыруды ғана емес, сонымен бірге жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруды, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі барлық халықтар арасындағы достықты нығайтуды мақсат етеді.

2009 жылдан бастап павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағы Ұлы Отан соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен отандастарымызды іздеу бойынша экспедициялар өткізіп, тарихи жадыны сақтау және оны келешек ұрпаққа аманаттаумен айналысып келеді. 17 жыл ішінде Жұмысшы-шаруа Қызыл Әскерінің (РККА) есімі белгісіз болып келген 358 сарбазы мен офицері табылып, жерленді.
Қазақ КСР-інен аттанған (Павлодар, Абай, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының тумалары) 9 жауынгердің сүйегі атамекеніне қайтарылып, туған-туыстарының жанына жерленді. Жерлеу рәсімдері мұсылмандық және христиандық дәстүрлерге сай, әскери құрмет көрсетіле отырып ұйымдастырылды.

Іздестіру экспедициялары географиясының Беларусь, Украина, Молдова аумақтарына, сондай-ақ Ресейдің Ленинград, Псков, Мәскеу, Новгород, Волгоград және Сахалин облыстарына дейін кеңеюі — бұл қызметтің ауқымдылығы мен тарихты халықаралық деңгейде сақтауға деген ұмтылысты айғақтайды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқиярлықпен шайқасқан қазақстандықтардың тарихи ерліктері мен ерен тұлғаларының есімін ұлықтау мақсатында 26 ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан орнатылды.

Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру жасағының мекенжайына соғыс жылдарында жоғалған ондаған жауынгерлік медальдар мен ордендер тапсырылды. Іздестірушілер наград иесін анықтап, оның туыстарын табады. Содан кейін мемлекеттік марапаттар ардагердің отбасына салтанатты жағдайда табысталады.

Жыл сайын 22 маусымда 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы басталған қасіретті күнге орай «Еске алу шырағы» атты митингілер ұйымдастырылады. Акцияға қатысушылар шырақ жағып, ескерткіштер мен мәңгілік алауға гүл шоқтарын қояды. Біз бабалар рухына тағзым етіп қана қоймай, бостандықтың қандай бағамен келгенін сезінетін, патриоттық рухтағы жаңа ұрпақты қалыптастыруға атсалысамыз.

Білім беру және тәрбие саласына да қосып жатқан үлесіміз қомақты: «Майдан жолы» жасағы өткен күннің жәдігерлерін тауып қана қоймай, оларды мұражайларға, қорғаныс департаменттеріне және білім беру мекемелеріне тапсырады. Бұл жәдігерлер мұражай төрінен лайықты орын алып, жас ұрпақтың тарихқа, ата-бабаларына және Отанына деген сүйіспеншілігі мен құрметін оятады. Осы уақытқа дейін Қазақстанға соғыс кезіндегі мыңға жуық әскери жәдігер әкелінді.

Сонымен қатар «Жас іздестірушілер мектебі» жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда болашақ экспедиция мүшелері — мектеп оқушылары психологиялық дайындықтан өтеді. Жоба аясында теориялық сабақтар жүргізіліп, құжаттармен, мұрағаттармен және электронды мәліметтермен жұмыс істеу дағдылары үйретіледі. Бұл жұмыстар Отан қорғау жолында қаза тапқандардың, соның ішінде тұтқында көз жұмған жауынгерлердің тағдырын анықтауға бағытталған.

Балаларды қорғау күніне орай 8 жыл қатарынан «Вертикаль» туристік клубымен бірлесіп, балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін «Жетістік шыңына» атты спорттық турнир ұйымдастырылып келеді. Далалық жағдайда жылдамдыққа, тапқырлық пен ептілікке арналған эстафеталар, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жаттығулар мен музыкалық байқаулар өткізіледі.

Іздестірушілер өскелең ұрпаққа арнап жүйелі түрде «Ерлік сабақтарын» өткізеді. Бұл шаралардың басты мақсаты — жастардың бейбіт өмір мен жарқын болашақ үшін борыштар екенімізді ұмытпауына, Отан қорғаушыларға қаншалықты ауыр тигенін және олардың басына қаншама ауыртпалық түскенін сезінуіне ықпал ету. Сабақ барысында өткен шайқас далаларынан әкелінген жәдігерлер көрсетіледі.

Қазіргі таңда әрбір қазақстандық соғыстан оралмаған аталарын түрлі жолдармен іздестіруде. Осыған орай, жасақ майдангерлердің тағдырын анықтау мақсатында мұрағаттық зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.

Жас іздестірушілер жасөспірімдер мен жастар аудиториясына Ұлы Отан соғысы кезінде басып алынған аумақтардағы әскери қылмыс құрбандары туралы тарихи жадыны сақтау мақсатында «Мерзімі шектелмеген» халықаралық жобасын таныстыруда.

Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен студенттерді қатыстыра отырып, ескерткіштер мен ардагерлер зираттарын, бауырластар зираттарын ретке келтіру мақсатында «Біз өз батырларымызды ұмытпаймыз» атты сенбіліктер ұйымдастырылады. Бұл шаралар жастарды асқақ құндылықтарға баулып, ортақ тарихымыздың қаһармандық беттеріне ұқыптылықпен қарауға тәрбиелейді.

Жас суретшілер арасында да патриоттық жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті, ұлттық бірегейлікті және өз Отанына деген мақтаныш сезімін қалыптастыру мақсатында шығармашылық байқаулар өткізіліп тұрады.

«Майдан жолы» жасағы «Отбасылық мұрағат» атты жаңа жобаны қолға алды. Бұл бастама аясында мектеп оқушылары өз әулетінің шежіресін жасауға атсалысып, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жақындарының күрделі тағдыры туралы мәліметтер жинақтауда.

Тарихи оқиғалар мен «Майдан жолы» жасағының қызметі негізінде 6 деректі фильм түсірілді:

2024 жылғы фильм: https://www.youtube.com/watch?v=sEJ30786RWQ

2024 жылғы ток-шоу: https://www.youtube.com/watch?v=l16dcOR2Wbc

«Батырлар жолымен» фильмі, 2023 ж: https://youtu.be/HVbz4_1g29U

«Батырлар жолымен», 2022 ж: https://www.youtube.com/watch?v=WcS-JDK6kmM

«Батыр үйге оралуы тиіс» («Герой должен вернуться домой»), 2021 ж: YouTube 

«Өз адамдарымызды тастамаймыз» («Своих не бросаем»), 2019 ж: https://youtu.be/Yt1xHoEz6yI

«Даңқ жолымен» («Дорогой славы»), 2018 ж: https://www.youtube.com/watch?v=Ft-KexWy0GA

Сұхбат, 2025 ж: https://vecher.kz/ru/article/v-kajdoi-voronke-chia-to-jizn-kazahstanskie-poiskoviki-vozvrashaiut-iz-nebytiia-pavshih-soldat.html

Жасақтың ерен еңбегі жоғары бағаланып, 2021, 2022, 2023, 2025 жылдары «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығының лауреаты атанды, ал 2024 жылы республикалық «Қайрымдылық керуені» байқауының жүлдегері болды. Бұл марапаттар жасақ қызметіне халықаралық қоғамдастық пен еліміз тарапынан берілген жоғары бағаның дәлелі.

Қосымша ақпарат алу үшін байланыс деректері: 

Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағының командирі: Шитов Александр Владимирович Тел.: 8777-461-73-78 (WhatsApp), alex.shitov@mail.ru

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Денсаулық сақтау министрлігі балаларға “салауатты” болашақ уәде етті

Ақмарал Әлназарова жетекшілік ететін министрлік балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған «Бастау» атты кешенді іс-шаралар бағдарламасын ұсынды. Шенеуніктер балалар денсаулығын жүйелі түрде жақсартуды, мектеп медицинасын цифрландыруды және профилактикалық бағытты дамытуды уәде етуде. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы балаларды қорғау мәселесі «ерекше бақылауда» екенін атап өтті. Алайда соңғы 20 жылдағы реформаларды қадағалап жүргендер үшін бұл бастама ауқымды мәлімдемелермен басталып, «қамту көрсеткіштері» туралы әдемі есептермен жалғасып, кейін министр ауысқанда немесе бюджет қайта қаралған кезде ұмыт қалып жататын бұрыннан таныс үрдістің кезекті көрінісіндей әсер қалдырады.

ЕАДБ бөлінген энергетиканың қарқынды дамуын болжап отыр

Бүгінде күн генерациясының, күштік электроника мен сақтау жүйелерінің құны біртіндеп төмендеп, ал цифрландыру мен жасанды интеллект есебінен бөлінген энергия жүйелерін басқару тиімділігі артып келеді.

Субсидияның орнына кэшбэк: жанармай бағасын қалыптастырудың жаңа тәсілі

Жанармайды нарықтық бағамен сатып, кейін азаматтардың шығынының бір бөлігін атаулы түрде өтеу идеясының өзінде қисын бар. Көптеген мемлекет дәл осындай тәсіл арқылы жасырын жаппай субсидиялау жүйесінен бас тартып келеді.

Қазақстан президенті орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу туралы жарлыққа қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды.