Евразия24Үздік бестікке енген ақпараттарЖасырын табысқа тосқауыл: алимент төлеуден жалтаруға қарсы жаңа қадам

Жасырын табысқа тосқауыл: алимент төлеуден жалтаруға қарсы жаңа қадам

|

|

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлайды: Алматы қаласының прокуратурасы қала прокуроры Серік Қаріпбековтің және Yandex Qazaqstan компаниясының басшысы Тимур Шалекеновтің қатысуымен алимент төлеуден жалтаруға қарсы іс-қимыл және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қала прокурорының айтуынша, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, тәжірибеде алимент төлеуден әдейі жалтарушылардың нақты табыстарын жасыру деректері анықталып отыр. Мұндай тұлғалар ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде цифрлық платформалар арқылы, соның ішінде Yandex Taxi сервистері арқылы табыс табады. 2025 жылы осындай 110 дерек анықталған. Оның ішінде 57 адамға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, 10 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қол қойылған меморандум заң аясында жүйелі ақпараттық өзара іс-қимылды, деректермен жедел алмасуды, сондай-ақ табысты жасыру және алименттік берешектің қалыптасу фактілерін анықтау мен алдын алуға жәрдемдесуді көздейді. Аталған келісім балалардың құқықтарын қорғауға, алименттік міндеттемелердің бұлтартпай орындалуын қамтамасыз етуге және мемлекет пен әлеуметтік жауапты бизнестің өзара тиімді серіктестігін дамытуға бағытталған.

Еуразия24 пікірі:

2025 жылы сәуір айында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында алимент төлеуден жалтарған, цифрлық агрегаторлар арқылы жұмыс істейтін борышкерлердің жасырын табыстарын анықтау жөніндегі жұмыстың басталғанын мәлімдеген болатын. Министрдің айтуынша, алимент берешегін өндіріп алу үшін өзге де ықтимал табыс көздерін айқындау және оларды заңды түрде пайдалану мүмкіндіктері талданып жатыр. Сонымен қатар Конституциялық соттың нормативтік қаулысында кәсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлғалардан алимент есептеу және өндіріп алу тәртібін жетілдіру қажеттігі атап өтілген. Осы ұсынымдарды іске асыру аясында «Неке және отбасы туралы» кодекске өзгерістер әзірленіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген борышкерлер үшін алимент мөлшерін соттың тұрақты ақшалай сома түрінде белгілеуі көзделген. Алайда қоғамдық талқылауларда сот орындаушылары жиі сынға ұшырап жүр. Оларға алимент төлемей жүрген, көлеңкелі табыс табатын борышкерлердің нақты кірістерін анықтауға шамадан тыс көп уақыт жұмсайтыны, соның салдарынан алимент төлемдері көбіне нақты табысқа емес, орташа жалақы мөлшеріне қарай есептелетіні айтылуда. Осы жағдайда мәселені түбегейлі шешу жолдары қандай болуы мүмкін? Мәселен, сот орындаушыларына алимент төлеуден жалтарушылардың банк шоттарындағы қаржы қозғалысы туралы ақпаратқа заңды қолжетімділік беру бұл проблеманы едәуір жеңілдетер ме еді? Бұл сұрақ алимент өндіріп алу жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін тағы да күн тәртібіне шығарып отыр.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Құрылтай сайлауы басталмай жатып мәреге жетті

Құрылтай сайлауына арналған ресми үгіт-насихат өткен бейсенбіде, 23 шілдеде басталды. Соның аясында партиялардың сайлауалды бағдарламалары жарияланып қана қоймай, алғашқы «қорытындылар» да шығып үлгерді. Әзірге олар Орталық сайлау комиссиясының хаттамалары емес, әлеуметтік сауалнама нәтижелері түрінде ұсынылды. Алайда мұндай сауалнамаларға деген сенім деңгейі партиялардың сайлауалды уәделерінен кем емес. Шынында, кейбір елдердегідей әлеуметтану саяси технологтардың құралына айналған жоқ. Бізде бұл үдеріс заң талаптарына сай әрі нақты жауапкершілік негізінде жүргізіледі. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-платформалар сайлауға қатысты қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижесін жариялаған кезде сауалнаманы жүргізген заңды тұлғаны, оған тапсырыс берушіні, қаржыландырған тарапты және өзге де қажетті мәліметтерді көрсетуге міндетті. Ал мұндай сауалнамаларды Қазақстанда тіркелген, қоғамдық пікірді зерттеу саласында кемінде бес жылдық тәжірибесі бар ұйымдар ғана жүргізе алады. Ол үшін алдын ала Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде хабардар ету қажет. Хабарламаға зерттеуге қатысатын мамандардың біліктілігі мен жұмыс тәжірибесі, сауалнама жүргізілетін өңірлер және қолданылатын зерттеу әдістері туралы мәліметтер қоса ұсынылады.

АҚШ Қазақстанға 12,5 пайыздық кедендік баж енгізді

Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік туралы сөз болғанда, еріксіз езу тартасың. Бір жағынан, миллиардтаған долларды құрайтын ұзақ мерзімді келісімдер бар.

Педагогтардың жеке деректері желіге тарап кетті

Шығыс Қазақстан облысында мектептер мен балабақшалар мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыруларды жариялау кезінде қызметкерлерінің жеке деректерін ашық қолжетімділікке шығарып жіберген. Нәтижесінде 600-ден астам педагогтың ЖСН-і, тұрғылықты мекенжайы мен байланыс телефондары интернетте жарияланған.

«Ақ жол» партиясы сайлауалды бағдарламасын бекітті

«Ақ жолдың» басты ерекшелігі – бұл сайлаудағы ең тәжірибелі саяси күштердің бірі саналуында. Әрине, бұған бұрынғы «Нұр Отан» мен Amanat партияларын қоспағанда. Алайда олардың саяси алаңдағы бұрынғы орны өзгерген. Сондықтан «Ақ жол» бұл сайлауға өзін көпшілікке қайта таныстыруды қажет етпейтін саяси жоба ретінде қатысып отыр.