Вашингтон. 24 шілде. ИНТЕРФАКС – АҚШ әскері Иранға қарсы операция барысында алыс қашықтықтағы зымырандар мен әуе шабуылына қарсы қорғанысқа арналған тосқауылдаушы зымырандарды жоғары қарқынмен пайдаланып жатыр. Бұл жағдай АҚШ әкімшілігіндегі бірқатар лауазымды тұлғаның алаңдаушылығын күшейткен. Бұл туралы CBS телеарнасы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, жағдайға қатысты ішкі бағалаулармен таныс әскери және барлау қызметінің өкілдері АҚШ-тың Таяу Шығыста ең заманауи тосқауылдаушы зымырандары мен дәлдігі жоғары оқ-дәрілерді өте жылдам жұмсауы ел басшылығы арасында елеулі алаңдаушылық туғызғанын айтады. Әсіресе президент Дональд Трамптың Иранға қарсы әскери іс-қимылды қайта күшейтуі жағдайды күрделендіріп отыр.
Сонымен қатар АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы ықтимал қақтығысқа қаншалықты дайын екеніне қатысты күмән де күшейіп келеді.
Дереккөздердің айтуынша, АҚШ енді Иранға қарсы әскери науқанның алғашқы кезеңіндегідей қарқынмен оқ-дәрі жұмсай алмайды. АҚШ-пен одақтас өңір елдерінің біріндегі ақпарат көзі, әсіресе Иранның Кувейт пен Бахрейнге жасаған соққыларынан кейін әскери іс-қимылдарды уақытша тоқтату қажет екенін мәлімдеген.
CBS мәліметінше, АҚШ әскери қолбасшылығы қазір негізінен JDAM басқарылатын авиациялық бомбалары мен Small Diameter Bomb үлгісіндегі шағын калибрлі авиациялық бомбаларды қолдануға көшкен. Ал JASSM және Tomahawk қанатты зымырандарын пайдалану айтарлықтай қысқарған.
АҚШ негізінен Иран жағалауына жақын аумақтарға соққы беруге ден қойып отыр. Бұл ұшақтардың Иранның әуе кеңістігіне кірмеуіне және қуатты әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің ықпалына түспеуіне мүмкіндік береді.
Телеарнаға сұхбат берген америкалық шенеуніктердің айтуынша, АҚШ армиясының жерүсті нысандарына арналған ATACMS тактикалық баллистикалық зымырандарының қоры шектеулі. Ал GMLRS реактивті снарядтарының қоры біршама жеткілікті.
Дереккөздердің мәліметінше, АҚШ әскері қазіргі кезде ең алдымен тосқауылдаушы зымырандарға мұқтаж. Әскери күштер Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен THAAD зымыранға қарсы қорғаныс кешендеріне арналған мұндай зымырандардың едәуір бөлігін пайдаланып қойған.
Таяу Шығыстағы операцияларды қамтамасыз ету үшін Пентагон тосқауылдаушы зымыран қорын, оның ішінде Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы қоймалардан да қайта жеткізуге мәжбүр болған.




