Ташкент. 21 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Италиялық Bonifiche Ferraresi компаниясы Қарақалпақстан Республикасында (Өзбекстанның солтүстік-батысы) қызанақ пен дәнді дақылдар өсіру жөніндегі құны $50 млн болатын жобаға қатысады. Бұл туралы Өзбекстан президентінің сайтында хабарланды.
Аталған дақылдар 2 мың гектар алқапта өсіріледі. Өнім терең өңдеуден өткізіліп, Еуропаға экспортталады.
Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен Нүкіс қаласында Қарақалпақстанды әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Жиында қолда бар жер, минералдық және энергетикалық ресурстарды тиімді пайдаланып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге ерекше назар аударылды.
Bonifiche Ferraresi компаниясымен бірлескен жобадан бөлек, өзге де бастамаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бау-бақша шаруашылығында 30 мың гектар жерге сортаң топыраққа төзімді қара өрік пен кеш пісетін өрік сорттарын егу жөніндегі үш жылдық бағдарлама іске қосылады. Биыл жыл соңына дейін 10 мың гектар алқапта жұмыс басталады. Өңірлерге жер телімдері бөлініп, тұрақты сумен қамту мәселесі шешіледі. Сондай-ақ жергілікті климатқа бейімделген көшеттер мен қажетті технологиялар ұсынылады.
«Жобаға фермерлер мен агрономдар тартылып, өнім өңдейтін кәсіпорындар құрылады. Соның нәтижесінде 20 мың адамды жұмыспен қамтып, үш жыл ішінде жеміс-жидек экспортын кемінде $500 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.
2027 жылдың көктемінен бастап 10 мың гектар алқапқа қауын егіледі. Испания, АҚШ, Нидерланд және Қытайдан жаңа сорттар әкелініп, шетелдік мамандар тартылады. Өнімді өңдеу және экспорттаумен айналысатын холдинг құру да жоспарланған.
Ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалану үшін су ысырабының алдын алу шаралары қолға алынбақ. Жалпы, су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуға тартылатын гранттар көлемін $100 млн-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.
UzDaily.uz мәліметінше, Өзбекстан мен Италия биыл шілдеде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісті. Римде өткен екі елдің ауыл шаруашылығы министрлері Иброхим Абдурахмонов пен Франческо Лоллобриджиданың кездесуінде Bonifiche Ferraresi қатысатын бірлескен жобаларды жеделдету мәселесі талқыланды. Сонымен қатар өндіріс пен өнім өткізу тізбектерін және агроөнеркәсіптік кластерлерді дамытуда қолданылатын италиялық келісімшарттық тетіктерді Өзбекстан жағдайына бейімдеу мүмкіндігі қарастырылды.
Бұған дейін, 2025 жылғы қазанда Абдурахмонов Bonifiche Ferraresi басшылығымен кездескен. UzDaily.uz дерегінше, тараптар ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу, тыңайтқыштар мен тұқым өндіру жүйесін дамыту, ауылдық жерлердегі агроөнеркәсіп секторын жаңғырту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Келіссөз қорытындысында Bonifiche Ferraresi мен Өзбекстанның ауыл шаруашылығы саласы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісімге қол жеткізілді.




