Берлин. 22 тамыз. ИНТЕРФАКС – Қуаңшылық салдарынан Дунайдағы су деңгейі рекордтық көрсеткішке дейін төмендеген. Осыған байланысты Румыния билігі Чернаводэ атом электр станциясының салқындату жүйесіне қажетті су көлемін қамтамасыз ету үшін қосымша шұғыл шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды Bloomberg.
Атап айтқанда, станция маңында өзен арнасын жоспардан тыс тереңдету жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Дунай суын АЭС-тің салқындату жүйесіне су беретін арнаға көбірек бұруға мүмкіндік беретін арнайы құрылыс салу жоспарланған.
Румыниядағы ең ірі гидроэнергетикалық компания Hidroelectrica SA Дунайдың сол жақ саласы – Олт өзеніндегі су қоймаларынан бес күн бойы қосымша су жібереді. Бұл Дунайдағы су көлемін арттыруға бағытталған.
Агенттік мәліметінше, шілде айының соңында және тамызда салқындатуға қажетті су жетіспегендіктен Чернаводэ АЭС-індегі екі реактор да уақытша тоқтатылған.
Дунаймен қатар Еуропаның басқа да ірі өзендерінде су деңгейінің төмендеуі кеме қатынасына және атом электр станцияларының жұмысына қиындық туғызды. Соның салдарынан электр энергиясын өндіру азайып, оның бағасы өскен.
Мәселен, Венгрия билігі Дунайдағы су деңгейін көтеру үшін өзен арнасына арнайы бөгет салуды жоспарлап отыр. Бұл елдегі жалғыз «Пакш» АЭС-інің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет. Венгрия тұтынатын электр энергиясының шамамен үштен бірін өндіретін станция қазір өз қуатының небәрі 10%-ын ғана пайдаланып отыр.
Су тапшылығы Болгариядағы «Козлодуй» АЭС-іне де әсер етті. Станция операторы электр энергиясын өндіру көлемін қысқартуды жоспарлап отырғанын хабарлады.




