Париж. 28 маусым. ИНТЕРФАКС – Францияның қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі Santé publique France (Денсаулық сақтау министрлігі жүйесіне кіреді) соңғы бес күнде аптап ыстыққа байланысты тәуліктік өлім-жітім санының артқанын хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, 24 маусымнан бері елде алдыңғы айлармен салыстырғанда шамамен 1 мыңға көп өлім тіркелген.
«Бұл алдын ала көрсеткіш, алдағы уақытта тағы да өсуі мүмкін», – деп агенттіктің бюллетеніне сілтеме жасап хабарлады BFMTV телеарнасы.
Құжатқа сәйкес, 24 маусымда барлық себептер бойынша 1,2 мыңнан астам адам қайтыс болған. Ал 25 және 26 маусымда тәулігіне 1,4 мыңнан астам өлім тіркелді. 26 маусымдағы деректер әлі толық өңделмеген. Салыстыру үшін айтқанда, сәуір-мамыр айларында тәулігіне орта есеппен 900-1000 адам қайтыс болған.
Santé publique France өлім-жітімнің ең көп өсуі соңғы күндері ең жоғары – қызыл деңгейдегі ауа райы қаупі жарияланған өңірлерде байқалғанын атап өтті. Атап айтқанда, Иль-де-Франс, Жаңа Аквитания, Бретань, Орталық – Луара аңғары, Нормандия және Луара Пеи өңірлерінде көрсеткіш айтарлықтай артқан.
Агенттіктің мәліметінше, тіркелген өлім жағдайларының 85 пайызы 65 жастан асқан адамдардың үлесіне тиесілі.
Өлім-жітімнің өсуі қарттар үйлері мен ауруханаларда да байқалғанымен, ең үлкен өсім үй жағдайында қайтыс болғандар арасында тіркелген. Бұл көрсеткіш шамамен 40 пайызға артқан. Әсіресе Иль-де-Франс өңірінде жағдай күрделі.
Сонымен бірге агенттік жарияланған мәліметтердің толық емес екенін атап өтті. Өйткені Франция өңірлерінде өлім-жітімді есепке алу жүйесі әлі де біріздендірілмеген.
«Сондықтан нақты өлім-жітім деңгейі қазіргі алдын ала көрсеткіштерден жоғары болуы мүмкін», – деп ескертті Santé publique France.
BFMTV хабарлауынша, Францияда қалыптан тыс ыстықтың салдарынан өлім-жітімнің көбеюіне байланысты өзге де мекемелер алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәселен, 27 маусым, сенбі күні Париждің жедел медициналық көмек қызметі (SAMU) соңғы тәулікте қоғамдық орындарда және тұрғын үйлерде 109 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұл қалыпты деңгейден төрт есе жоғары.
Сондай-ақ Франция астанасындағы Ұлттық жерлеу қызметтері федерациясы сенбі күнінен бастап Париждегі екі негізгі жерлеу кешенінің де толық толғанын хабарлады.




