Мәскеу. 27 қазан. ИНТЕРФАКС – «Газпром» (MOEX: GAZP) басшысы Алексей Миллер Газ экспорттаушы елдер форумының саммиті аясында Мозамбик президенті Даниэл Франсишку Чапомен жұмыс кездесуін өткізді. Оған Мозамбиктің Ресейдегі елшісі Жозе Матеуш Муария Катупха мен Мозамбиктің Ұлттық көмірсутек компаниясының (ENH) директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас директоры Руденсиу де Родолфу Новайш Мораиш қатысты. Бұл туралы «Газпром» хабарлады.
Кездесуде тараптар Мозамбиктің газ өнеркәсібін дамытуға бағытталған ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Биыл қазан айында Мозамбик елшісі Катупха: «Біз «Роснефть» (MOEX: ROSN) компаниясымен жұмысты жалғастырып келеміз. Алайда газ кен орындарын игеру саласында бізге қосымша мамандар қажет. Бұл ретте «Газпром» мен «НОВАТЭК» (MOEX: NVTK) компанияларымен байланысты нығайтуға үміттенеміз. Әсіресе жергілікті мамандарды газ кен орындарын игеру ісіне даярлау маңызды», – деген еді.
Ол сондай-ақ ресейлік мұнай-газ компаниялары Ровума бассейніндегі жобаларға қызығушылық танытып отырғанын айтқан.
Елшінің сөзінше, Мозамбик сұйытылған табиғи газ (СТГ) өндірісі мен экспортын ұлғайту жоспарларын жүзеге асыруға ресейлік мамандар мен компанияларды тартуды көздейді. «Біз ресейлік мамандарды шақырып, Ресей компанияларының көмегіне жүгінеміз. Өйткені Ресей – біздің стратегиялық серіктестеріміздің бірі. Батыс компаниялары да бар, бірақ Ресейге ерекше басымдық беріледі», – деген болатын ол.
Қазіргі уақытта Мозамбикте табиғи газды сұйылтуға бағытталған үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Ровума бассейніндегі Area 4 концессиясы аясында жылына 3,4 млн тонна газ өндіруге қауқарлы Coral Sul FLNG жобасы іске қосылған. Оның операторы – италиялық Eni компаниясы. Сонымен қатар жылдық қуаты 3,55 млн тонна болатын Coral Norte FLNG жобасы мақұлданды. Ал жылына 15,2 млн тонна сұйытылған газ өндіруге арналған Rovuma LNG жобасының операторы, америкалық ExxonMobil (SPB: XOM) компаниясы 2026 жылы түпкілікті инвестициялық шешім қабылдауды жоспарлап отыр. Франциялық TotalEnergies (SPB: TOT) компаниясы болса, биылғы жылдың басында Мозамбиктегі жылдық қуаты 13 млн тонна болатын сұйытылған табиғи газ зауытының құрылысын ресми түрде қайта бастады. Кәсіпорынды 2029 жылы іске қосу көзделген.




