Евразия24ЖаңалықтарМәжіліс медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолдану үшін жазаны қатаңдататын заң жобасын бірінші...

Мәжіліс медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолдану үшін жазаны қатаңдататын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

|

|

АСТАНА. 26 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Мәжілісі сәрсенбі күнгі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті әзірлеген қорытындыда бұл заң жобасы медициналық қызметкерлердің кәсіби қызметін құқықтық және ұйымдық тұрғыда қорғауды жетілдіруге бағытталғаны айтылған.

Атап айтқанда, заң жобасында Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізу көзделген. Ол медицина қызметкерлерінің және жедел жәрдем бригадалары жүргізушілерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғушылық үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді. Бұл норма олардың қызметтік міндеттерін атқару барысында қолданылмақ.

Құжатқа сәйкес, өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірмейтін күш қолдану немесе ондай күш қолдану қаупімен қорқыту үшін 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылып отыр. Егер бұл әрекеттер ауырлататын мән-жайларда жасалса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыруға дейін күшейтіледі.

Ал өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану үшін 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге, ауырлататын мән-жайларда – 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Қылмыстық кодекске 380-3-бапты енгізіп отырмыз. Енді медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілері ерекше мәртебеге ие болады. Біз бұл арқылы жаңа нәрсе ойлап тауып отырған жоқпыз. Бүгінде полиция қызметкерлері, құтқарушылар, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар, әкімдер, прокурорлар, депутаттар мен өзге де билік өкілдері заңмен қорғалған. Тіпті орман инспекторларына қатысты жеке бап бар», – деді Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасауға қатысты 280 оқиға тіркелген.

Сонымен қатар, заң жобасында аталған санаттағы істер бойынша алдын ала тергеу және анықтау жүргізу өкілеттігін ішкі істер органдарының құзыретіне беру көзделіп отыр.

Айта кетейік, қазіргі уақытта 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері – 3932 теңге.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Сауд Арабиясының мұнайын тиеген Қытайдың екі танкері Баб-эль-Мандеб бұғазына бет алды

Қытайдың Cosco Shipping компаниясына тиесілі, Сауд Арабиясының мұнайын тиеген екі танкер Баб-эль-Мандеб бұғазына жақындап келеді. Бұған дейін хуситтер Қызыл теңізде Сауд Арабиясына тиесілі екі танкерге шабуыл жасаған болатын. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Азия қор биржалары өсім көрсетіп жатыр

Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ірі елдердің қор нарықтары бейсенбі күні оң динамика көрсетті. Инвесторлар жаңа макроэкономикалық деректерді бағалап, Жапония мен Оңтүстік Кореяның жартылай өткізгіштер өндіретін компанияларының акцияларын белсенді сатып алуда.

Пәкістан премьері хуситтердің Қызыл теңіздегі шабуылдарын айыптады

Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шариф Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен телефон арқылы сөйлесу барысында хуситтердің саудиялық мұнай танкерлеріне жасаған шабуылдарын қатаң айыптады.

Рубио: Иран АҚШ-пен келісім жасауға әзір емес

АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранмен келіссөздерді жалғастырудың әзірге мәні жоқ деп есептейді, өйткені Иран келісім жасауға дайын емес. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді.