Астана. 10 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан «Дружба» мұнай құбыры арқылы мұнай транзитін қайта бастауға үмітті. Алайда Ресей бұл жөніндегі сұрауға әзірге жауап берген жоқ, деп хабарлады Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
«Бұл мәселені өзім де көтердім, ресми сұрау жолданды. Әзірге жауап жоқ. Үміт бар, осы бағытпен мұнай тасымалын қайта бастаймыз деп сенеміз. Бұл біз үшін коммерциялық тұрғыдан өте тиімді бағыт», – деді Ақкенженов сейсенбіде Астанада үкіметтегі баспасөз конференциясында.
Бұған дейін Энергетика министрлігі 2026 жылғы қараша мен желтоқсанда Қазақстан мұнайын Германияға экспорттау жоспарланбағанын хабарлаған.
«Қазіргі техникалық шектеулер жойылып, тасымалдауға қажетті жағдай жасалса, осы бағытпен Қазақстан мұнайын жеткізуді қайта бастау мүмкіндігі қарастырылады», – деп мәлімдеген ведомство.
Өткен аптада министрлік Қазақстан мұнайын «Дружба» жүйесі арқылы тасымалдауды және Усть-Луга порты арқылы жөнелтуді қайта бастау жөнінде Ресей Энергетика министрлігіне хат жолдағанын хабарлады.
2026 жылғы мамырдан бері «транзит еліндегі инфрақұрылымға байланысты техникалық шектеулер» салдарынан Қазақстаннан Германияға «Дружба» құбыры арқылы мұнай жеткізілмей отыр. 2026 жылғы қаңтар–сәуірде Қазақстан осы бағытпен Германияға 1,02 млн тонна мұнай жөнелткен. Биыл ел аталған бағыт арқылы шамамен 3 млн тонна мұнай экспорттауды жоспарлаған еді.
2025 жылы Қазақстан «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияның Шведт қаласындағы зауытқа 2,1 млн тонна мұнай жеткізді.




