Астана. 16 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Құрылтайының депутаттары Корея Республикасымен парламентаралық байланысты одан әрі дамытады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Жалпы, соңғы жылдары парламентаралық диалог айтарлықтай нығая түсті. Қазақстан Парламенті мен Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясы арасында тұрақты байланыс орнады. Енді бұл жұмысты Құрылтай депутаттары белсенді жалғастырады», – деді Тоқаев Сеулде Оңтүстік Корея Ұлттық Ассамблеясының спикері Чо Чжон Шикпен кездесуде.
Президент екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарымыз нығайып келеді. Қазақстанда корей капиталының қатысуымен мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Чо Чжон Шик Қазақстанның Орталық Азиядағы Оңтүстік Кореяның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың маңызы зор.
Ұлттық Ассамблея спикері 2027 жылдың көктемінде Қазақстанда Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері парламенттері төрағаларының төртінші кездесуі өтетінін және оған қатысуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Алдағы уақытта Қазақстан мен Корея Республикасы өзара тиімді ынтымақтастық пен ортақ өркендеу жолында бұрынғыдан да белсенді қадам жасайды деп сенемін. Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясы бұл бағыттағы жұмыстарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Сонымен қатар келесі жылдың көктемінде Қазақстанда Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері парламенттері төрағаларының төртінші кездесуі өтеді. Мен де осы форумға қатысуды жоспарлап отырмын және Сізбен Қазақстанда қайта жүздесемін деп үміттенемін», – деді Чо Чжон Шик.




