Астана. 29 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан парламенті сенатының депутаттары дүйсенбі күні өткен жалпы отырыста «Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуін қаржыландыруға арналған даму саясатын қолдаудың екінші қарызы) ратификациялау туралы» және «Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі бағдарламасы) ратификациялау туралы» заңдарды мақұлдады.
Аталған заңдарды бұған дейін мәжіліс қабылдаған. Осылайша олар парламентте түпкілікті қабылданып, мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Қазақстанның қаржы министрі Мәди Такиевтің бұған дейін хабарлауынша, жалпы сомасы 154,7 млрд жапон иенасын құрайтын қарыз келісімдеріне биылғы 20 мамыр мен 15 маусымда қол қойылған.
«Қарыз валютасы ретінде жапон иенасының таңдалуына Жапониядағы базалық пайыздық мөлшерлеменің төмен болуы және теңге мен иена бағамдарының өзара жоғары корреляциясы себеп болды», – деген еді министр.
Оның айтуынша, тартылатын қаражат үкіметтің экономиканың маңызды бағыттарын қаржыландыруға арналған шараларын қолдауға мүмкіндік береді.
«Аталған банктердің қарыздары 11 жыл мерзімге, оның ішінде бес жылдық жеңілдікті кезеңмен беріледі. Қарыздарды өтеу республикалық бюджет қаражаты есебінен, келісімдерде белгіленген қаржылық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады», – деді Такиев.
Қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесі TONA + өзгермелі спрэд формуласы бойынша айқындалады. Бұдан бөлек, қарыз сомасының 0,25%-ы көлемінде біржолғы комиссия және игерілмеген қаражат қалдығына жылдық 0,25% мөлшерінде резервтеу комиссиясы қарастырылған.




