Астана. 20 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың атымен арнайы марапат тағайындауды ұсынды.
«Бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі елеулі жетістіктерін мойындау белгісі ретінде Бейбітшілік кеңесінің қамқорлығымен Президент Трамптың атымен арнайы марапат тағайындауды ұсынғым келеді. Сіздің батыл әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің игі миссиясын табысты жүзеге асырады деп сенемін», — деді Тоқаев Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы саммитінде сөйлеген сөзінде.
Ол сондай-ақ мұндай тарихи іс-шараны өткізгені үшін АҚШ президентіне алғыс білдірді.
«Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтіп жатқан кездесуіміз шешуші әрі прагматикалық іс-қимылдардың маңызы арта түскен кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Шын мәнінде, әңгіме тек игі ниеттерге негізделген шексіз конференциялар мен резолюциялар арқылы емес, нақты әрі мақсатты шаралар арқылы берік бейбітшілік қалыптастыру туралы болып отыр. Құрметті Президент, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуге қатысты Сіздің айқын ұстанымыңыз бен көреген көзқарасыңыз елімізді Бейбітшілік кеңесіне қосылуға жігерлендірді», — деді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Бейбітшілік кеңесі жаңа геосаяси шындықтарға сай келіп, қолданыстағы көпжақты күш-жігерді нығайтуға ықпал етеді.
«Әлем бұған дейін мұндай бастамаларды көрген жоқ. Мазмұны жағынан бұл — бұрын-соңды болмаған қадам, өйткені “Жасампаздық арқылы бейбітшілік” атты инновациялық тұжырымдама немесе жоба бірлескен күш-жігеріміздің арқасында нақты іске асуы әбден мүмкін. Сондықтан, құрметті Президент, берік бейбітшілік нақты іс-әрекеттерге негізделуі тиіс деген Сіздің ұстанымыңызды толық қолдаймын», — деп атап өтті Қазақстан басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, Таяу Шығыстың орнықты дамуы бейбітшілікті ілгерілетуге, ынтымақтастықты кеңейтуге және өңірдегі сенімді нығайтуға бағытталған жаңа тетіктерді талап етеді.
«Осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл өңірде және одан тыс жерлерде прагматикалық экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді. Аталған қағидаттар Бейбітшілік кеңесінің игі миссиясына толық сәйкес келеді», — деді ол.
Кеңес күн тәртібінің жаһандық сипатын ескере отырып, Тоқаев практикалық қолдау көрсетуге, соның ішінде Қазақстанда түрлі деңгейдегі және форматтағы кездесулер өткізуге дайын екенін растады.




