Астана. 9 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2027–2030 жылдарға арналған ТМД-ның ірі индустриялық-технологиялық жобалар топтамасын қалыптастыруды ұсынды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«2027–2030 жылдарға арналған ТМД-ның ірі индустриялық-технологиялық жобалар топтамасын қалыптастыруды ұсынамын», – деді Тоқаев жұма күні ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында.
Президент саммитке қатысушыларға Қазақстанның Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстанмен шекарада индустриялық-сауда орталықтарының желісін құрып жатқанын айтты. Өнеркәсіп пен сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін қажетті құқықтық негіз қалыптастырылған.
«ТМД кеңістігінің едәуір бөлігінде іскерлік байланыстарды дамытуға және жаңа өндірістер ашуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті толық пайдалану. Басқаша айтқанда, өзара саудадағы негізсіз әрі жасанды кедергілерді азайтып, қызмет көрсету нарығын кеңейту және өзара инвестиция салуға қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл жұмыстың заңды жалғасы Достастық аясында ірі бірлескен бастамаларды жүзеге асыру болуға тиіс», – деді Тоқаев.
Оның пікірінше, қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық берген жөн. Бұл өңір экономикасының дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.
«Сонымен бірге бұл міндеттің күрделі екенін түсіне отырып, Қазақстан экономикалық салада қолда бар мүмкіндіктер мен жетістіктерді тиімді пайдаланудан бас тартпай, прагматикалық әрі шынайы ұстанымды басшылыққа алады. Бұл жұмысқа даму институттарын, қаржы ұйымдары мен бизнесті тарту қажет», – деді Президент.
Ынтымақтастықты кеңейтудің тағы бір келешегі зор бағыты ретінде көлік байланыстарын дамыту және транзиттік әлеуетті арттыру аталды.
«Қазақстан үшін «Солтүстік – Оңтүстік», «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәліздері, сондай-ақ Транскаспий бағыты басымдыққа ие. Оларды өзара тиімді байланыстыру құрлықтағы тасымал жүйесінің тиімділігін едәуір арттырады. Осы мақсатта еліміздің бастамасымен биыл мамыр айында ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін негізгі көлік дәліздерін өзара байланыстыру тұжырымдамасы бекітілді. Қазақстан аталған тұжырымдаманы жүзеге асыруға нақты үлес қосып келеді», – деді Тоқаев.
Ол тамыз айында жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын жаңа Арал – Каспий автожолының құрылысы басталғанын еске салды. Бұл стратегиялық жоба пайдалануға берілгеннен кейін Қытайдан Еуропаға баратын автокөлік бағыты шамамен 1000 шақырымға қысқарып, транзиттік жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін азаяды.
«Басқа да ірі жобалар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар тасымалды цифрландыру, электронды құжат айналымы және шекарадағы рәсімдерді өзара үйлестіру секілді тетіктердің маңызы артып келеді», – деді Президент.
Ол «бірыңғай цифрлық дәліз» қалыптастыру негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Біздің ұсынысымызбен Өзбекстан және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электронды түрде алмасу жүйесі енгізілді. Ресей және Беларусьпен де осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл мамыр айында Ресей тарапымен бірлесіп, жүргізушісіз жүк көліктері арқылы алғашқы трансшекаралық тасымал іске қосылды. Тиімділігін көрсеткен мұндай шешімдерді бүкіл ТМД кеңістігіне енгізу орынды деп санаймын», – деп Мемлекет басшысы қорытындылады.




