Евразия24ЖаңалықтарТоқаев Каспийдің тартылу салдарын азайту үшін Каспий маңы елдерін күш біріктіруге шақырды

Тоқаев Каспийдің тартылу салдарын азайту үшін Каспий маңы елдерін күш біріктіруге шақырды

|

|

Астана. 9 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің тартылу салдарын азайту үшін Каспий маңы мемлекеттерінің басшыларын күш біріктіруге шақырды.

«Қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз. Енді теңіздің тартылу салдарын азайту және жеңілдету, сондай-ақ экономикамыз бен экожүйелерімізді болып жатқан өзгерістерге бейімдеу үшін келісілген іс-қимылға көшетін уақыт келді», – деді Тоқаев жұма күні Түрікменстанда өткен Каспий экологиялық саммитінде.

Қазақстан Президентінің айтуынша, экологиялық қатерлерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алу үшін ортақ ғылыми тәсіл қажет. Ол сондай-ақ Қазақстанда құрылған Каспий теңізін зерттеу ғылыми институтының әлеуетін пайдалануды ұсынды.

«Оның әлеуетін Каспий маңы елдерінің ғылыми орталықтарымен бірлесіп, кешенді зерттеулер жүргізуге және өзгерістерге бейімделудің ортақ жолдарын әзірлеуге пайдалануға болады», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы су ресурстарының жай-күйі, жағалау сызығының өзгеруі, биоалуантүрлілік, ластану деңгейі, өзен ағыны және басқа да маңызды көрсеткіштер туралы деректерді өңдеп, талдауға арналған ортақ цифрлық бағдарлама құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл жұмыста спутниктік технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға болады.

«Мұндай платформа ғалымдарымыз, салалық мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар үшін ортақ цифрлық негіз бола алар еді», – деді Президент.

Сонымен қатар Тоқаев Каспий маңы мемлекеттерін теңіздің биоалуантүрлілігін сақтау үшін қосымша шаралар қабылдауға шақырды.

«Теңіздің тартылуы, табиғи мекендеу ортасының өзгеруі, ластану және адам әрекетінен түсетін салмақ бірлескен жұмысты күшейтуді талап етеді. (…) Солтүстік Арал тәжірибесі инженерлік шараларды табиғи үдерістерді ескеретін ғылыми тәсілмен ұштастыру су шаруашылығы мен экологиялық мәселелерді тиімді шешуге, жағалау аумақтарының тұрақтылығын арттыруға және климат өзгерісінің салдарын азайтуға мүмкіндік беретінін көрсетті», – деді Тоқаев.

Қазақстан Президенті браконьерлікпен күреске де көбірек көңіл бөлу қажет деп санайды. Осы мақсатта ол құқық қорғау органдары мен табиғатты қорғау мекемелері арасындағы ақпарат алмасуды жандандырып, бірлескен жедел іс-шаралар өткізуге және цифрлық бақылау құралдарын пайдалануға шақырды.

Мемлекет басшысының пікірінше, Каспий итбалығының тіршілік айналымын сақтау үшін теңіздегі экологиялық дәліздерді қорғау маңызды.

«Каспий теңізін итбалықтарсыз елестету мүмкін емес», – деді Тоқаев.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев 2027–2030 жылдарға арналған ТМД-ның ірі индустриялық-технологиялық жобалар топтамасын қалыптастыруды ұсынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2027–2030 жылдарға арналған ТМД-ның ірі индустриялық-технологиялық жобалар топтамасын қалыптастыруды ұсынды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Азия қор индекстері өсті

Жұма күні Азия-Тынық мұхиты өңірінің қор индекстері негізінен өсті.Оңтүстік Корея нарығы мемлекеттік мерекеге байланысты жұмыс істемеді.

ТМД елдері 2030 жылға дейінгі негізгі міндеттерді белгіледі

ТМД мемлекеттерінің басшылары Авазада өткен саммитте Достастықтың құрылғанына 35 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Бұл туралы жұма күні Түрікменстан Мемлекеттік телерадио хабарларын тарату комитетінің жаңалықтар порталы хабарлады.

Тоқаев ТМД саммитіне қатысу үшін «Аваза» кешеніне келді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Түрікменстандағы «Аваза» ұлттық кешеніне келді. Бұл туралы жұма күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.