Евразия24ЖаңалықтарТоқаев: Кәсіпорындар табыс тапқан жерде салық төлеуі тиіс

Тоқаев: Кәсіпорындар табыс тапқан жерде салық төлеуі тиіс

|

|

АСТАНА. 28 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар мен ауылдық округтердің кіріс дербестігін арттыру мақсатында төртінші деңгейдегі бюджеттерді нығайтуды тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Президент атап өткендей, ауылдық округтердің дербестігін арттыру үшін төртінші деңгейге 25 түрлі салық пен төлемдер берілді. Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізімге кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық қосылды. 2018 жылдан бері ауылдық округтер бюджетіне түсетін кіріс төрт есеге өсіп, 130 млрд теңгеден асты.

“Оң динамика байқалғанымен, ауылдық округтер әлі де әлеуметтік-экономикалық мәселелерді аудан мен облыс тарапынан бюджеттiк қолдаусыз шешуге қауқарсыз. Сонымен қатар, өңірлер арасында халық саны мен экономикалық құрылымға байланысты жергілікті бюджеттерде теңгерімсіздік бар”, – деді Тоқаев жұма күні өткен ауыл әкімдерінің форумында.

Мемлекет басшысы салықтардың басым бөлігін аудан деңгейіне беру дұрыс шешім болғанын атап өтті. Алайда, қазіргі уақытта жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттері жеткілікті дәрежеде қаржыландырылмағанын айтты.

“Көп жағдайда кәсіпорындар ауылдық округтерде табыс табады, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартады, бірақ салықты тіркелген жері бойынша – ауданға немесе қалаға төлейді. Үкімет бұл мәселені әділетті түрде шешіп, табыс тапқан жерде салық төлеу принципін қарастыруы қажет. Яғни ‘қайда жұмыс істеп, табыс тапсаң – сол жерде салық төле’ қағидатын енгізу қажет”, – деді Президент.

“Үкіметке нақты тапсырма: кемінде осы табыстың бір бөлігі жергілікті жерде қалуы тиіс”, – деді Тоқаев.

Президент сондай-ақ салық-бюджет процесін жетілдіру бойынша бірқатар бастама ұсынды. Оның ішінде заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігін төртінші деңгейлі бюджетке аудару үшін аудандар арқылы қосымша трансферттер енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

“Көптеген өңір тұрғындары үшін экологиялық айыппұлдардың толық көлемде жергілікті бюджетке түсуі – өзекті мәселе. Экологиялық жүктемесі жоғары өндіріс орындары орналасқан елді мекендер халқы бұл қаражаттың бір бөлігі өз жерінде қалуын талап етуге хақылы”, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ, ол бюджетаралық деңгейлер арасында қаражат алып қоюға шектеу (лимит) белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төртінші деңгейлі бюджет енгізілді. Бұл – халық саны 2 мыңнан асатын аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар және ауылдық округтерге қатысты. Бұған дейін бюджет үш деңгейден – республикалық, облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалаларды қоса алғанда) деңгейден тұрған.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Иран Пикакс тауындағы жерасты нысанының қорғанысын күшейтіп жатыр

Иран Пикакс тауының астындағы ядролық бағдарламамен байланыстырылатын нысанның кіреберістерін қосымша бекіте бастаған. Вашингтондағы Ғылым және халықаралық қауіпсіздік институты (ISI) 11 қыркүйекте түсірілген спутниктік суреттерді зерттеп, осындай қорытындыға келді.

SpaceX 28 қыркүйекте Starship-ті алғаш рет Жер орбитасына ұшырады

Ай мен Марсқа адам ұшыру үшін жасалып жатқан Starship ғарыш кемесі 28 қыркүйекте алғаш рет Жер орбитасына шығады. SpaceX мәліметінше, бұл жолы кеме бұған дейінгі сынақтардағыдай суборбиталық бағытпен шектелмей, Жерді толық айналып ұшады.

Азия қор нарықтарының басым бөлігі өсіп жатыр

Жұма күні Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі қор индекстерінің басым бөлігі жоғарылап келеді. Австралия нарығында ғана аздаған төмендеу байқалды.

Еурокомиссия Украинаға дрондар мен зымырандар сатып алуға 3,3 млрд еуро бөледі

Еуропалық комиссия Украинаға қару-жарақ сатып алуға 3,3 млрд еуро аударатынын мәлімдеді. Қаражат Украинаға қолдау көрсетуге арналған 90 млрд еуролық несие бағдарламасы аясында жұма күні Киевке беріледі.