Астана. 9 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Түрікменстандағы «Аваза» ұлттық кешеніне келді. Бұл туралы жұма күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президентін Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов қарсы алды.
Бұған дейін Ресей Президентінің көмекшісі Юрий Ушаков биылғы ТМД саммитінің екі маңызды оқиғамен тұспа-тұс келіп отырғанын мәлімдеген еді. Біріншісі – Достастықтың құрылғанына 35 жыл толуы. Екіншісі – Иран Президентінің ұйым тарихында алғаш рет кеңейтілген отырысқа қатысуы.
Кремль мәліметінше, саммиттің күн тәртібіне 16 мәселе енгізілген. Дәстүр бойынша алдымен мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөз өткізеді. Онда ТМД аясындағы ынтымақтастық, Өзбекстанның келесі жылғы төрағалығы және мемлекет басшыларының келесі кездесуінің мерзімі талқыланады.
«Жабық форматтағы отырыста көшбасшылар кез келген мәселені талқылай алады. Соның ішінде мемлекет басшылары өтініш білдірсе, біздің президент Украинадағы қақтығыстың қазіргі жағдайы туралы ақпарат беруі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз», – деді Ушаков.
Одан кейін келіссөздер кеңейтілген құрамда жалғасып, ТМД басшылары бірқатар баяндаманы тыңдайды.
Саммит барысында Достастықтың құрылғанына 35 жыл толуына байланысты мемлекет басшыларының мәлімдемесін қабылдау жоспарланған. Көшбасшылар ұйымның биылғы жұмысын қорытындылап, алдағы міндеттерді белгілейді, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасады.
Сонымен қатар қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы бірқатар құжатты талқылап, мақұлдау көзделген. Олардың қатарында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы күрестегі ақпарат алмасуды дамыту тұжырымдамасы бар.
Достастықтың халықаралық деңгейдегі беделін арттыру мақсатында ақпараттық кеңістікте ТМД мен оған мүше мемлекеттердің жағымды имиджін қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы шешім қабылданбақ.
Сондай-ақ ТМД аясында 2028 жылды Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылы, ал 2029 жылды Көлік байланысын дамыту жылы деп жариялау туралы шешімдер қабылдау жоспарланып отыр.




