Бейжің. 9 қазан. ИНТЕРФАКС – Корея Еңбек партиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі әрі КХДР басшысы Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ё Чжон Пхеньянның Оңтүстік Корея ұсынған гуманитарлық медициналық көмекті қабылдамайтынын тағы да мәлімдеді. Ол Сеулдің бұл ұсынысын «сайқымазақ әрекет» деп атады.
«Мина жарылысына қатысты қойылым мен Корея Республикасының медициналық құралдармен көмек көрсетуге тырысуы – біздің мемлекетімізбен текетіресуге әбден дағдыланған саясаттың екі көрінісі ғана», – делінген Ким Ё Чжонның Корея орталық телеграф агенттігі (ЦТАК) таратқан мәлімдемесінде.
Ким Ё Чжонның пікірінше, Сеулдің шынайы мақсаты – «КХДР-дың абыройы мен беделіне нұқсан келтіру».
«Мемлекет басшысының тапсырмасы және корей халқының ортақ ұстанымы бойынша бұдан былай Корея Республикасының адамгершіліктен жұрдай өкілдерінен толықтай теріс айналып, оларды елемейтінімізді мәлімдеймін», – деді ол.
Бұған дейін Оңтүстік Корея гуманитарлық медициналық көмек бағдарламасы аясында Пхеньяндағы ауруханаға 166 санат бойынша 1431 медициналық бұйым жіберуді ұсынған.
Бұл ұсыныс Сеулдің КХДР-дан жуырда демилитаризацияланған аймақта болған жарылыс үшін кешірім сұрап, тиісті шаралар қабылдауды талап етіп отырған тұста жасалды. Оңтүстік Корея тарапы жарылысқа Солтүстік Кореяның миналары себеп болды деп есептейді. 21 қыркүйекте болған оқиғадан Оңтүстік Кореяның үш әскери қызметшісі зардап шекті.
Солтүстік Корея жарылысқа қатысы барын жоққа шығарып отыр. Пхеньян Сеулді тергеу нәтижелерін бұрмалады деп айыптап, өз әскеріне оқ атылған жағдайда «дереу әрі аяусыз» жауап қайтаратынын ескертті.




