Вашингтон. 25 шілде. ИНТЕРФАКС – АҚШ президенті Дональд Трамп 2020 жылғы президент сайлауында жеңілмегенін тағы да айтып, әзіл ретінде 2028 жылғы сайлауға қайта түсетінін мәлімдеді.
«Мен АҚШ президенттігіне төртінші мерзімге үміткер болуды жоспарлап отырмын», – деді ол Ақ үйде тіркелген журналистерге арналған дәстүрлі кеште сөйлеген сөзінде. Осы сөзден кейін Трамп «Trump 2028» деген жазуы бар кепканы киіп шықты.
АҚШ-та қалыптасқан дәстүр бойынша президенттер жыл сайын журналистермен өтетін бұл кеште әзіл-қалжың аралас сөз сөйлейді.
АҚШ Конституциясына сәйкес, бір адам президент қызметін екі мерзімнен артық атқара алмайды. Трамптың «төртінші мерзім» туралы әзілі оның 2020 жылғы сайлауда жеңіске жеткені жөніндегі бұрыннан айтып жүрген пікіріне негізделген. Оның пайымынша, сол кезде президент қызметіне Джо Байден емес, өзі сайлануы тиіс болған.
Сөз арасында Трамп өзінің саяси қарсыластарының бірі – демократ конгрессмен Адам Шиффті де әжуалады.
«Ақ үй тілшілерінің қауымдастығы бұл кешке сайқымазақ шақырмақ болған екен. Бірақ Адам Шиффтің қолы тимепті», – деп қалжыңдады АҚШ президенті.
Ол сондай-ақ Шиффтің «өзі көрген адамдардың ішіндегі ең үлкен басқа және қарындаштай жіңішке мойынға ие» екенін айтып, мысқылдады.
Бұдан бөлек, Трамп журналистерді өзінің қызметі туралы біржақты ақпарат таратады деп сынап, президенттік мерзімі аяқталған соң олардың «жазатын тақырыбы қалмайтынын» әзілге қосты.
Президент Денсаулық сақтау министрі Роберт Кеннеди-кіші туралы да қалжың айтты.
«Бүгін тартылған керемет сиыр етінен жасалған ас ұнады деп ойлаймын. Айтпақшы, дәл осы жерде отырған Бобби Кеннеди әлгі сиырды өзі көлігімен қағып кеткен. Кейін өзі сойып, етін осында әкеліпті. Сондықтан ет өте жас», – деді Трамп.
Бұл кеш бұған дейін Вашингтондағы қонақүйлердің бірінде өтуі тиіс еді. Алайда қарулы адамның қонақтар отырған залға кіруге әрекет жасауына байланысты іс-шара тоқтатылып, кейінгі мерзімге ауыстырылған болатын.




