Евразия24ЖаңалықтарҰлттық банк Алатаудағы Iconic Tower мен Birlik жобаларын токендеуді жоспарлап отыр

Ұлттық банк Алатаудағы Iconic Tower мен Birlik жобаларын токендеуді жоспарлап отыр

|

|

АСТАНА. 15 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылдың соңына дейін Алатау қаласындағы Iconic Tower көпфункционалды кешені мен Birlik логистикалық орталығын токендеу жобасын іске қоспақ. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

«2026 жылдың соңына дейін Iconic Tower кешенін 50 млн долларға дейінгі сомаға токендеу жоспарланып отыр. Тағы бір жоба – құны 10 млн долларға дейін жететін Birlik логистикалық орталығы. Екі жоба да KASE инфрақұрылымы арқылы жүзеге асырылады», – деді Тимур Сүлейменов сейсенбі күні Үкімет отырысында.

Екі нысан да Алматы облысындағы Алатау қаласында (Alatau City) салынады.

Ұлттық банк төрағасы бұған дейін Alatau City үшін Tokenization by Default тұжырымдамасы әзірленгенін еске салды. Оның аясында қала инфрақұрылымы мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға цифрлық құралдар пайдаланылмақ.

Бұған дейін Алатау қаласында жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 32 инвестициялық жоба әзірленгені хабарланған. Солардың ішіндегі ең ірілерінің бірі – «тік қала» үлгісіндегі Iconic Towers кешені. Жоба кеңселер, апартаменттер мен бес жұлдызды қонақүй орналасатын екі мұнарадан тұрады. Мұнаралардың төменгі бөлігін мәдени орындар мен сауда ойын-сауық орталығы бар үш қабатты кешен біріктіреді.

Нысанды салу туралы келісімге Мемлекет басшысының Қытайға мемлекеттік сапары кезінде, 2025 жылғы қыркүйекте қол қойылған. Жобаға 800 млн доллардан астам инвестиция салынады. Архитектуралық тұжырымдаманы әзірлеуге америкалық SOM компаниясы тартылған. Кешеннің жалпы аумағы 276,8 мың шаршы метр болады.

Жобалау-сметалық құжаттаманы 2027 жылғы сәуірге дейін аяқтау көзделген. Құрылыс жұмыстарын биыл мамырда бастап, 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Birlik – Алатау қаласындағы «Бірлік» арнайы индустриялық аймағында орналасатын индустриялық-логистикалық парк. Мұнда өндіріс орындары, қоймалар, электрондық саудаға және тауар таратуға арналған инфрақұрылым салынады. Жоба сайтындағы мәліметке сәйкес, паркке шамамен 110 гектар жер бөлінген, ал нысандардың жалпы аумағы 316 мың шаршы метрге дейін жетеді.

Алатау қаласы Алматы облысында 2024 жылғы қаңтарда құрылды. Қаланы дамыту үшін арнайы құқықтық режим туралы конституциялық заң қабылданған. Онда салықтық жеңілдіктер, инвесторларға қызмет көрсетудің «бір терезе» қағидаты, сондай-ақ инновациялық және инвестициялық жобаларды сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін арнайы жағдай қарастырылған. Билік Алатауды болашақта бизнес, технология, логистика және туризмнің халықаралық орталығына айналдыруды көздеп отыр.

15 қыркүйектегі ресми бағам – 1 АҚШ доллары үшін 447,80 теңге.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев Hanwha Group компаниясына Қазақстанда бірлескен технологиялық жобаларды жүзеге асыруды ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулге мемлекеттік сапары аясында Hanwha Group төрағасының орынбасары Ким Дон Вонмен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың келешегін талқылады, деп хабарлады Ақорда.

Кедейлік шегін белгілеу Еңбек министрлігінің құзыретіне берілмек

ҚазТАГ мәліметінше, Қазақстанда кедейлік шегін айқындау тәртібіне өзгеріс енгізілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұйрығының жобасында Әлеуметтік кодекстен алынып тасталған бірқатар норманы ведомстволық құжатқа енгізу көзделген. 

Қазақстан экономикасы: ЕАДБ сарапшыларының бағасы

Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) қыркүйек айындағы макроэкономикалық шолуы көпшіліктің назарынан тыс қалды. Ал құжатта энергетика нарығындағы күйзелістердің әлі де жалғасып жатқаны және соның салдарынан әлемдік экономикада елеулі өзгерістер жүріп жатқаны айтылады. Маусым айында біз ЕАДБ-ның 2026–2028 жылдарға арналған болжамына тоқталған едік . Сарапшылардың күмәніне қарамастан, банк Қазақстанда да, жалпы өңірде де экономикалық тұрақтылық сақталып, өсім жалғасады деп болжаған болатын. Содан бері үш ай өтті. Осы аралықта геосаяси ахуал әлі де тұрақталған жоқ. Ендеше ЕАДБ сарапшыларының бағалауынша, осы үш айда экономикалық жағдай қаншалықты өзгерді?

Бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігі азаймай тұр

Kursiv мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында республикалық бюджет тапшылығы 2,683 трлн теңгеге жеттіЖоспарда осы кезеңге 2,929 трлн теңге қарастырылған еді. Нақты көрсеткіш жоспардан 246,6 млрд теңгеге төмен болды.