Евразия24ЖаңалықтарQazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салады

QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салады

|

|

АСТАНА. 15 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan Қазақстанның батысында газ өңдеу зауытын салу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Келісімдер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Hyundai Motor Group президенті әрі стратегия және жоспарлау бөлімінің басшысы Сунг Киммен кездесуі аясында алмасылды.

Кездесуде Қазақстан мен компания арасындағы инвестициялық, өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ елде жаңа ірі жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Сунг Ким Hyundai Motor Group-тың Қазақстандағы қызметін одан әрі кеңейтуге ниетті екенін айтты. Сонымен қатар мұнай-газ саласы, өнеркәсіп және инфрақұрылым бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді.

Бұған дейін Hyundai Engineering Co., Ltd. және SICIM Kazakhstan LLP компанияларынан құралған консорциум Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының EPC-мердігері болып таңдалған еді. 2026 жылғы шілденің басында консорциум QazaqGaz компаниясынан зауыт құрылысына келісімшарт берілгені туралы ресми хат (Letter of Award, LOA) алды.

Қарашығанақ – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Мұндағы мұнай қоры 1,2 млрд тоннаға, газ қоры 1,35 трлн текше метрге бағаланады. Кен орнын игеру 1997 жылы 40 жылға жасалған өнімді бөлу туралы келісім негізінде жүзеге асырылады.

Қарашығанақты Karachaganak Petroleum Operating B.V. халықаралық консорциумы игеріп жатыр. Жобада Shell компаниясының үлесі – 29,25%, Eni – 29,25%, Chevron – 18%, «ЛУКОЙЛ» – 13,5%, «ҚазМұнайГаз» – 10%. Shell өз үлесіне еншілес «Би Джи Карачаганак Лимитед» компаниясы арқылы иелік етеді.

QazaqGaz Қазақстанның ішкі және сыртқы газ нарығында мемлекет мүддесін білдіреді. «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін компания магистральдық газ құбырлары мен тарату желілері арқылы тауарлық газ тасымалдау инфрақұрылымын басқарады.

Hyundai Engineering – Hyundai Motor Group құрамындағы Оңтүстік Кореяның ірі халықаралық EPC-мердігері. Компания жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу және құрылыс жұмыстарын бір кешенде атқарып, ірі өнеркәсіп нысандарын толық іске қосуға маманданған.

SICIM Kazakhstan LLP – мұнай-газ нысандарын салу және оларға қызмет көрсетуге маманданған италиялық ірі EPC-компания.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ормуз бен Баб-эль-Мандеб: ғасырларға созылған тартыс

Байқаушылар Конгреске өткен аралық сайлаудан кейін АҚШ Иран мен Йемендегі хуситтерге қарсы әскери қимылдарын қайта бастайды деп болжайды. Пентагон мен Израильдің Қорғаныс армиясы бәрін келісіп қойған, енді Ақ үйдің саяси шешімін күтіп отыр. Ормуз бен Баб-эль-Мандеб бұғаздарын АҚШ бақылауына алу үшін Дональд Трамп қандай да бір тың тәсіл ұсына ала ма? Екіталай. Әлем үшін айрықша маңызды осы екі теңіз жолы соңғы бірнеше ғасырда не көрмеді дейсіз.

Қазақстан екінші АЭС құрылысы жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр – Энергетика министрі

Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Путин Ресейдің өзге елдермен ынтымақтасуға мүдделі екенін, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейтінін айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей өзге елдерге бұрын да қоқан-лоқы көрсетпеген, қазір де көрсетіп отырған жоқ. Ол елінің басқа мемлекеттермен ынтымақ орнатуға мүдделі екенін айтты.

Литва мен Германия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.