АСТАНА. 15 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Ұлттық банкі ұлттық крипторезерв үшін 700 млн долларлық инвестициялық портфель қалыптастырды. Оның шамамен 200 млн доллары инвестицияға бағытталды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді.
«Өткен жылы портфельге 350 млн доллар бөлінді. Биыл тағы 350 млн доллар бағытталды. Осылайша инвестициялық портфельдің жалпы көлемі 700 млн долларға жетті», – деді Бинұр Жәленов сейсенбі күні Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, портфельді Ұлттық банктің толық еншілес ұйымы – Ұлттық инвестициялық корпорация басқарады.
«Менің білуімше, 700 млн доллардың 200 млн доллары инвестицияланды. Қаражат негізінен криптонарықтағы өтімділікті басқаратын түрлі хедж-қорларға салынды», – деді ол.
Бинұр Жәленов қаражаттың бір ғана криптовалютаға салынбайтынын атап өтті. Крипторезерв әртүрлі цифрлық активтерден құралған инвестициялық портфель ретінде басқарылады.
«Бұл бір ғана криптовалюта емес. Нарықтағы жағдайға қарай биткоин, Solana және басқа да криптовалюталар кіретін қоржын қалыптастырылады», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, Ұлттық банк әзірге биткоинді тікелей сатып алған жоқ. Инвестицияның бір бөлігі әртүрлі цифрлық активтерге негізделген ETF құралдары арқылы жүзеге асырылған.
Бинұр Жәленовтің сөзінше, Ұлттық банктің мақсаты – нарықтағы үрдіске ілесіп, қандай да бір криптовалютаны жай ғана иелену емес, табыс әкелетін инвестициялық құралдарды таңдау.
«Біздің негізгі міндетіміз – сәнге еріп, биткоин немесе басқа активтерді ұстап отыру емес. Біз инвестициялық тұрғыдан тартымды әрі түптеп келгенде табыс әкелетін қорларды таңдауымыз керек», – деді ол.
Сонымен қатар Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, крипторезервті толықтырудың жаңа жолдарын қарастырып жатыр. Соның бірі – құқық қорғау органдары тәркілеген криптоактивтерді резервке беру.
Бұдан бөлек, Орталық депозитарий базасында ұлттық криптоактивтерді сақтау жүйесі құрылды. Ол биткоин, эфир және басқа да цифрлық активтерді сақтауға мүмкіндік береді.
«Мысалы, тәркіленген криптоактивтерді бөлу мәселесі толық реттелгеннен кейін олардың белгілі бір бөлігі биткоин немесе USDT түрінде болуы мүмкін. Біз оларды қабылдай аламыз», – деді Бинұр Жәленов.
Оның айтуынша, Ұлттық банктің міндеті – инвестициялық басқару және резервті толықтыратын жаңа көздер есебінен ұлттық крипторезервтің көлемін біртіндеп ұлғайту.
Қазақстанда ұлттық крипторезерв 2026 жылғы маусымда құрылды. Оның жоспарланған көлемі – 1 млрд доллар. Крипторезерв Ұлттық қор қаражатының табыстылығын арттыру үшін балама қаржы құралдарына инвестиция салуға және қаражаттың бір бөлігін ел экономикасының жоғары технологиялық салаларына бағыттауға арналған.




