Евразия24Басты бетҚазақстан киноиндустриясы: жүйелік дағдарыс пен басқарудағы мәселелер

Қазақстан киноиндустриясы: жүйелік дағдарыс пен басқарудағы мәселелер

|

|

Қазақстандық кинематографистер саладағы жемқорлық тәсілдерді, институционалдық ашықтықтың жоқтығын және басқару жүйесінің құлдырауын алға тартып, саланың жүйелі дағдарысқа ұшырағанын жаппай мәлімдеуде. Шенеуніктердің киноиндустриядағы жұмыстың «қалыпты режимі» мен даму деңгейі туралы ресми мәлімдемелері нарық қатысушыларының бағалауына қайшы келеді. Өз кезегінде мамандар бұл саланы сыртқа жабық әрі көзбояушылықпен айналысатын жүйе ретінде сипаттауда.

СЕНІМ ЖОҚ ЖҮЙЕ

Мәдениет және ақпарат министрлігі жағдайдың тұрақты екені туралы ұстанымды жүйелі түрде мәлімдеуде.

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі бүгінгі таңда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлайды. Ұлттық киностудия президентінің міндетін уақытша атқару Айдар Омаровқа жүктеледі», — деп ведомствоның баспасөз қызметі 2024 жылғы 1 тамызда мәлімдеді. Содан бері жағдай өзгерген жоқ.

Бұл мәлімдеме сол уақытта атқарылған жұмыс үшін бір жыл бойы жалақы алмаған «Қазақфильм» аниматорларына қатысты туындаған мәселелермен тұспа-тұс келді. Алайда Мәдениет министрлігінің өз құзыретіндегі құрылымдардың «штаттық» жұмысына қатысты өз ұстанымы болды.

Дегенмен, ведомствоның бағалауымен киноиндустрия өкілдері келіспейді.
Продюсер Андрей Кузьмин жақында бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәлімдемесінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің кино саласын реформалауға қатысты ресми ұстанымын қатаң сынға алды. Ол «Қазақфильм» АҚ мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығындағы (ҰКҚМО) жүйелі жемқорлық пен жымқыру деректері бойынша ведомствоға бірнеше мәрте шағым түсірген. Алайда, мемлекеттік органның берген жауаптарына қарағанда, ведомство жемқорлықпен нақты күресудің орнына, көзбояушылықпен айналысуды таңдаған секілді көрінеді. Біздің ойымызша, егер наразылық бар болса, жүйелі мәселелерді шешу жолдары ұсынылуы тиіс. Бірақ нақты шешімдердің орнына «үстірт белсенділік» қана байқалады.

Андрей Кузьминнің мәлімдемесінен кино қауымдастығында салалық институттарды қайта ұйымдастыру, оның ішінде ҰКҚМО-ны таратуға қатысты мәселелердің үлкен наразылық тудырып отырғанын аңғаруға болады.

Продюсер өз мәлімдемесінде: «2026 жылы ҰКҚМО-ны (ГЦПНК) асығыс тарату туралы шешім — жауапты тұлғаларды өткен жылдардағы қаржылық тексерістен құтқару үшін жасалған жымысқы әрекет болуы мүмкін», — деп қауіптенеді. Мұндай жағдай тиімді мемлекеттік басқару жүйесінде жан-жақты тексеру жүргізуге негіз болуы тиіс.

Алайда мемлекет пен киноиндустрия арасындағы өзара қатынастар тәжірибесі көрсеткендей, бақылаушы органдар жүйелі заңбұзушылықтарды, қаражаттың тиімсіз жұмсалуын және қаржыландырудың ашық емес тетіктерін қанша рет тіркесе де, кино саласын басқарудың институционалдық моделі өзгеріссіз қалып отыр – бақылау әлсіз, ал жауапкершілік нақты айқындалмаған.

Айта кетерлігі, Андрей Кузьмин — Мәдениет министрлігімен қарым-қатынастағы және саладағы түйткілдерді көтеріп жүрген кино қауымдастығының жалғыз өкілі емес.
Бұған дейін продюсер Зарина Кисикова БАҚ-та кинематографистердің өтініштеріне көбіне формалды жауаптар берілетінін, ал шешімдер жабық түрде қабылданатынын айтқан болатын. Бұл өз кезегінде жүйенің жабықтығы туралы түсінікті күшейтіп, жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімді әлсіретеді.

СЦЕНАРИЙДЕН ПРОКАТҚА ДЕЙІНГІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

Eurasia24-ке берген эксклюзивті пікірінде Андрей Кузьмин сыбайлас жемқорлық киноиндустрияның жұмыс істеу жүйесіне сіңіп кеткенін айтты.

«Сыбайлас жемқорлық схемасы алғашқы кезеңнен басталады. Сценарий бөлімімен келісу арқылы жобаны ілгерілету жүзеге асырылады. Бұған дейін «Қазақфильм» бөлген бюджеттің шамамен 40%-ы пара беруге жұмсалатын. Сонымен қатар, режиссерлер мен продюсерлер барлық техникалық жабдықты тек «Қазақфильмнен» алуға міндетті болған. Жоба сценарий мазмұнына қарай емес, бөлінген сома шеңберіне бейімделіп жасалады», — деді Кузьмин.

Мұны қалай түсінуге болады? Бұл болашақ туындының көркемдік құндылығы бюджеттік құрылымнан кейінгі екінші кезектегі мәселе екенін білдіреді.
Кинотанушы, кинорежиссер, өнертану ғылымдарының магистрі Айбек Құдабаев жуырда бұл жағдайға бұдан да өткір баға берді. Ол «Қазақстандағы киноиндустрия бүгінде алаяқтыққа әбден батқан» деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол мәселенің бірнеше деңгейін атап өтті: мемлекеттік қаржыландыруды бөлу кезіндегі манипуляциялар, сараптамалық комиссиялардағы мүдделер қақтығысы, прокат желілері тарапынан қысым, кастингтердің коммерциялануы және актерлердің еңбегін пайдалану.
Кинотанушы институционалдық мүдделер қақтығысына мысал ретінде «Кадет» фильмінің «Оскар» сыйлығына ұсынылу жағдайын атап көрсетті.

Айбек Құдабаевтың мәлімдеуінше, режиссер Әділхан Ержановтың биылғы танымал туындысы саналған «Кадет» фильмін Қазақстанның оскар комитеті тарапынан ұсыну барысында заңсыз іс-әрекеттерге жол берілген. Атап айтқанда, аталған комитет төрағасының осы фильмде қоюшы-оператор болуы, ал дауыс беруші мүшенің режиссермен жеке байланысы мүдделер қақтығысын айқындайды. Сарапшы бұл фактінің ресми түрде мойындалмауын алаяқтық белгілері ретінде бағалайды.

Андрей Кузьмин Eurasia24-ке берген сұхбатында кино саласындағы сыбайлас жемқорлық тек фильм өндірісімен шектелмейтінін айтты. Ол қосылған құн тізбегінің барлық кезеңін қамтиды: өндіріс барысында бюджеттің негізсіз ұлғаюы мен «қайтарымдар», дайын фильмдерді жарнамалау кезінде тиімді маркетингтің болмауы, сондай-ақ қазақстандық фильмдерді таратудың дербес индустрия ретінде дамымауы. Продюсердің пікірінше, тіпті сапалы туындылардың өзі 1–2 кинотеатр шеңберінен аса алмайды, ал табысты жобалардың да елден тыс нарыққа шығу мүмкіндігі шектеулі.
Әңгіме, әрине, жеке киностудиялар туралы емес, бюджет қаражаты есебінен түсірілетін өнім жөнінде болып отыр.

Осылайша, салаға бөлінген қомақты бюджеттік қаржының мәдени немесе экономикалық нәтижеге айналмауы парадоксалды жағдай ретінде сипатталады. Мұны 2024 жылға арналған үкімет есебіне қатысты Жоғары аудиторлық палатаның қорытынды деректері де растайды.

Жоғары аудиторлық палата қорытындысында былай делінген: «033.118 «Ұлттық фильмдерді қолдау және ілгерілету жұмыстарын ұйымдастыру» бюджеттік кіші бағдарламасы бойынша «Жаңа фильмдер саны» көрсеткіші алғашқы бекітілген 22 бірліктен іс жүзінде орындалған 15 бірлікке дейін азайтылған (2024 жылғы 18 желтоқсандағы түзету). Ұлттық киноның мәдени бірегейлікті сақтау, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсету, мемлекеттік тілді дамыту және елдің халықаралық имиджін ілгерілетудегі маңызы ерекше. Осыны ескере отырып, Мәдениет және ақпарат министрлігіне жоспарланған көрсеткіштерді уақтылы орындау үшін тиісті шаралар қабылдау ұсынылады. Себебі ұлттық фильмдер өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеудің негізгі құралы болып табылады».

Сонымен қатар, аудиторлық есепте бюджетті түзету барысында 22 ұлттық фильм өндірісіне бөлінген 5,4 млрд теңгенің 3 млрд теңгеге дейін қысқартылғаны айтылған. Осылайша, шығыстар алғашқы бекітілген сомадан 2,4 млрд теңгеге немесе 45%-ға азайған.

БАСҚАРУ ДАҒДАРЫСЫ ЖӘНЕ КИНО САЛАСЫ МӘН-МАҒЫНАСЫНЫҢ ЖОҒАЛУЫ

Айбек Құдабаев шешім қабылдаушы тұлғалардың кадрлық құрамына қатысты мәселені де атап көрсетті:
«Бүгінгі таңда «Қазақфильм» және ҰКҚМО (ГЦПНК) сияқты негізгі мемлекеттік кино ұйымдары тиісті кинематографиялық білімі, тәжірибесі және кәсіби құзыреті жоқ тұлғалардың басқаруында отыр. Киностудия басшысының міндетін уақытша атқарушы Айдар Омаров жалған ақпарат бергені және деректерді жасырғаны үшін екі рет жауапкершілікке тартылып, оған жалпы сомасы 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Ал ҰКҚМО-да мемлекеттік қаражатты бөлу жөніндегі сарапшылық кеңестің төрағалығына кино саласында тәжірибесі жоқ Бауыржан Шөкенов бекітілген. Бұдан бөлек, питчинг кезінде қоюшы-режиссерсіз қорғалған күмәнді жобаға бюджеттен 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Мұндай әрекеттердің барлығы алаяқтықтың жасырын нысаны болып табылады».

Андрей Кузьмин де мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салаларында кәсіби біліктілігі жоғары мамандар қызмет етуі тиіс деген ұстанымды қолдайды.

«Салалық лауазымдарға экономистерді немесе бейінді емес мамандарды тағайындау тәжірибесі байқалады. Кино индустриясын басқару ісімен оның ерекшелігін терең меңгерген, кәсіби түйсігі жоғары шығармашылық өкілдері айналысуы қажет. Олар нарықтық жағдайды жан-жақты бағалап, жобаға мүдделі тұлғаларды емес, талантты мамандарды тарта алады. Кәсіби мамандардың ұжымдық жұмысы өнімнің тиімділігін айтарлықтай арттырады. Ал саладан хабары жоқ маман фильмнің экономикалық көрсеткіштерін, дистрибуциясын немесе сұранысқа ие болу деңгейін болжап, есептей алмайды», — деп мәлімдеді продюсер.

Кино саласын басқарудағы мемлекеттік тәсілдердің жүйелі түрде қате қалыптасқаны айқын: кино креативті индустрия емес, әкімшілік жоба ретінде қарастырылады. Соның салдарынан бұл сала экспорттық әлеуетін жоғалтып, тек ішкі нарықпен шектелді.
Кино саласының қазіргі жұмыс моделін өзгертпеудің негізгі қатері неде? Ең басты тәуекел — кинематографтың халықаралық деңгейдегі коммерциялық тиімділігін жоғалтуында ғана емес, оның мәдени саясат пен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру құралы ретіндегі маңызды функциясынан айырылуында. Сапалы отандық туындыларды халықаралық алаңдарда көрсетуден келетін экономикалық пайданың ескерусіз қалуы — осы стратегиялық олқылықтың бір көрінісі.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Previous article

Читать далее:
Related

Ашыған Айран

«Айран» ақпараттық ресурсының қызметінде басылым белсенділігінің төмендеуі байқалады. Негізгі беттегі «Өзекті» айдары бос.....

Данияда парламент сайлауына арналған дауыс беру басталды

Сейсенбі күні Дания азаматтары парламент – Фолькетингтің жаңа құрамын сайлау үшін дауыс беруде, деп хабарлайды еуропалық БАҚ.

Еуроодақта ақпанда автокөлік сатылымы 1,4%-ға артты

Еуропалық одақта ақпан айында автокөлік сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4%-ға өсті.

Вьетнамда жанармай тапшылығына байланысты ішкі рейстер қысқартылады

Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан жанармай тапшылығы мен оның бағасының өсуіне байланысты Вьетнамның бірнеше әуе компаниясы бірқатар ішкі бағыттар бойынша рейстерді уақытша тоқтатады