BES.media хабарлауынша, Қазақстанда жануарларға қатыгездік көрсету үшін көзделген жауапкершілік күшейтіліп, үй жануарларын асыраушылар үшін жаңа айыппұлдар енгізілді. (…) Өзгерістер Қылмыстық кодекстің 316-бабына – «Жануарларға қатыгездік көрсету» бабына енгізілді. Жануардың мертігуіне әкеп соққан қатыгездік үшін жаза қатаңдатылды. Атап айтқанда, айыппұл мөлшері 120 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін, яғни 519 мың теңгеден 648 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Қоғамдық жұмыстардың мерзімі 120 сағаттан 150 сағатқа, ал қамауға алу мерзімі 30 тәуліктен 40 тәулікке дейін ұзартылды. Өзгерістер жануардың өліміне әкелген қатыгездік әрекеттерге де қатысты болды. Бұған дейін мұндай құқық бұзушылық үшін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан бір жылға дейін айыру қарастырылса, енді бұл мерзім екі жылға дейін ұзартылды. Сондай-ақ екі немесе одан да көп жануарға қатысты, адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған, бірнеше рет қайталанған, кәмелетке толмағандардың көзінше жасалған, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілері немесе онлайн-платформалар арқылы жария түрде жасалған қатыгездік әрекеттер үшін жаза күшейтілді. Мұндай жағдайларда айыппұл көлемі 1 000 АЕК-тен 2 000 АЕК-ке дейін, яғни 4,3 млн теңгеден 8,6 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Қоғамдық жұмыстардың мерзімі 400 сағаттан 800 сағатқа дейін арттырылды. Бас бостандығын шектеу немесе одан айыру мерзімі бір жылдан үш жылға дейін ұлғайтылды. Белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру мерзімі де екі жылдан бес жылға дейін ұзартылды.
Еуразия24 пікірі:
Қазақстанда жануарларға қиянат жасауға деген көзқарас өзгеріп келеді. Бұрын мұндай әрекеттер көбіне болмашы бұзақылық немесе үй жануары иесінің өз шаруасы ретінде қабылданса, енді ол қоғамға қауіп төндіретін іс ретінде бағаланатын болды. Жаңа нормалардың ішінде ауырлататын мән-жайларға ерекше назар аударылған. Егер жануарларға қиянат бірнеше адамның қатысуымен жасалса, қайталанса, көпшілікке жария етілсе, балалардың көзінше орын алса немесе әлеуметтік желілерге жариялау мақсатында жасалса, жаза айтарлықтай қатаңдайды. Мұның өзіндік себебі бар. Қазір зорлық-зомбылықты видеоға түсіріп, оны көпшілік назарына ұсыну әдеттегі құбылысқа айналып барады. Кей жағдайда қаралым мен танымалдыққа ұмтылу қарапайым адамгершілік сезімінен де басым түсіп жатады. Жануарларға қиянат жасаушыларды жақтап сөйлейтіндерге айтарымыз: жануарларға қамқорлық жасау адамдарға деген немқұрайлылықпен тең емес. Керісінше, қорғансыз тіршілік иелеріне жасалған озбырлықты қабылдамайтын қоғам, әдетте, адам қасіретіне де бейжай қарамайды. Eurasia24 жаңа жазалау шараларының қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты қолданылатынына үміт артады. Жануарларға әдейі жасалған әрбір қиянат дер кезінде анықталып, жан-жақты тергеліп, сотқа дейін жетсе, заңдағы өзгерістер адамдардың мінез-құлқына да әсер етуі әбден мүмкін.




