Астана. 26 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанда 2027 жылдан бастап мемлекеттік бюджеттен бөлінетін әлеуметтік төлемдерді шамамен 860 млрд теңгеге оңтайландырып, босайтын қаражатты білім беру, денсаулық сақтау және ғылым салаларын дамытуға бағыттау жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
«Келесі жылдан бастап бюджеттегі әлеуметтік төлемдердің кемінде 860 миллиард теңгесі белгілі бір деңгейде оңтайландырылып, мен айтқан салаларға бағытталады. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау және ғылым арқылы халыққа қолжетімді болып, адами капиталдың сапасын арттыруға жұмсалады», – деді Жұманғарин жұма күні Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, бұл әлеуметтік қолдау көлемін қысқарту емес, оны көрсету қағидаттарын қайта қарау. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау ең алдымен оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілетін болады.
«Мемлекеттің әлеуметтік саясаты бұдан былай әлеуметтік көмекке шынымен мұқтаж азаматтарға көбірек бағытталады. Оңтайландырылған қаражат халықтан алынбайды. Бұл қаржы адамдарға басқа арналар арқылы – мәдениет, ғылым, білім беру және денсаулық сақтау салалары арқылы қайта оралады», – деп түсіндірді Серік Жұманғарин.
Ол қазіргі уақытта әлеуметтік шығыстар республикалық бюджет шығыстарының 50,2 пайызын құрайтынын айтты. Сонымен қатар соңғы алты жылда әлеуметтік төлемдердің көлемі 3,3 трлн теңгеден 6,7 трлн теңгеге дейін өскен.
26 маусымдағы ресми валюта бағамы – 1 АҚШ доллары үшін 485,4 теңге.




