Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше: «Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 4,8 млрд теңге қайтарылды. Полиция киберқылмысқа қарсы күресті күшейтіп келеді. Жыл басынан бері мұндай қылмыстар саны 7%-ға азайды. Бүгінде кибералаяқтық ең кең таралған қылмыс түрлерінің бірі болып отыр. Қылмыскерлер өз әрекет ету тәсілдерін үнемі өзгертіп, заманауи технологияларды пайдаланады, психологиялық қысым көрсетеді және азаматтардың қаражатын заңсыз иемденуге тырысады. (…) Ұлттық банкпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде тағы 2,6 млрд теңгенің заңсыз шығарылуына жол берілмеді. Алдын алу шараларына да ерекше назар аударылуда. Жетекші цифрлық платформалармен бірлесіп, азаматтарға кең таралған алаяқтық тәсілдері туралы ақпарат беріп, ықтимал қауіптер жөнінде ескертіп, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Байланыс операторларымен бірлесіп 150 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталды. Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және олардың қызметін тоқтату бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Шетелдік әріптестермен бірлескен операциялардың нәтижесінде бірнеше халықаралық алаяқтық call-орталығының қызметі тоқтатылып, қазақстандықтардың қаражатын жымқырған ондаған күдікті ұсталды. Сондай-ақ азаматтардың жеке деректері заңсыз таратылған қылмыстық интернет-ресурстың жұмысы тоқтатылды», – деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Әлібек Оразалы.
Еуразия24 пікірі:
Әлемнің көптеген елінде киберқылмыс ең жылдам өсіп келе жатқан қылмыс түрлерінің бірі саналады. Генеративті жасанды интеллектінің, дипфейк технологияларының, дербес деректердің жаппай таралуының және трансшекаралық алаяқтық желілердің кеңеюі интернет-алаяқтықты қылмыстық топтар үшін бұрынғыдан да қолжетімді әрі ауқымды заңсыз табыс көзіне айналдырып отыр. Осындай жағдайда Қазақстанда тіркелген киберқылмыстар санының 7%-ға төмендеуі өз алдына оң көрсеткіш ретінде бағалануы мүмкін. Алайда сөздің «тіркелген» қылмыстар туралы болып отырғанын ескерген жөн. Өйткені интернет-алаяқтықтың барлық фактісі құқық қорғау органдарына жетпейді: кейбір азаматтар полицияға жүгінбейді, енді біреулері алаяқтардың арбауына түскенін жария етуден тартынады.
Сонымен қатар құқық қорғау органдарының жұмысы тек жасалған қылмысты тергеумен шектелмей, оның алдын алуға және жедел әрекет етуге бағыттала бастағаны байқалады. Бұған заңсыз шығарылуына жол берілмеген 2,6 млрд теңге көлеміндегі қаражат дәлел бола алады. Киберқылмысқа қарсы күресте мұндай тәсілдің маңызы ерекше, өйткені заңсыз иемденілген қаражат көбіне бірнеше минуттың ішінде бірнеше мемлекеттің қаржы жүйесі арқылы өткізіліп, оны кейін қайтару едәуір күрделене түседі.




