Евразия24Ушыққан мәселе«Жасыл» энергия үшін артық төлем

«Жасыл» энергия үшін артық төлем

|

|

inbusiness.kz сайтында «Қазақстандықтар «жасыл» электр энергиясы үшін 71 млрд теңге артық төлеген» деген тақырыппен сенсациялық мақала жарияланды. «Атамекен бизнес» кәсіпкерлік медиахолдингінің өзі осындай мәселені ашық жазып, дабыл қаққанына қарағанда, жағдайдың шынымен де ушыққаны байқалады.

Бұдан шығатын қорытынды — жиырма миллион қазақстандықтың әрқайсысынан ешқандай келісімсіз, белгісіз мақсаттар үшін үш мың теңгеден астам артық қаражат алынған. Бұл ақша жаһандық климаттың өзгеруімен күреске жұмсалса бір жөн, бірақ, сірә, халықтың онсыз да жұтаң қалтасынан жылыстап, әлдебір жеке тұлғалардың табысына айналған сыңайлы.

Мәселенің мәніне тереңірек үңілер болсақ, бұл ақпаратты нақтылай түсу қажет.

Жаңартылатын энергия көздері үшін төленетін артық қаражат қатардағы азаматтардың тұтыну көлеміне қарай есептеледі, ал бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары емес. Негізгі қаржылық жүктеме шағын, орта және ішінара ірі бизнес өкілдеріне түседі. Мұнда «ішінара» деп көрсетілуінің себебі — «Еуразиялық топ», «Қазцинк» сияқты алпауыт компаниялардың Бірыңғай сатып алушы жүйесінен тыс қалуында. Дегенмен, олар да ортақ энергия жүйесіне қосылған және оның игілігін толық көріп отыр.

Алайда «іріктелген» кәсіпорындар үшін тарифтерді төмендету мәселесі негізгі тақырыптан алшақтатып жіберетін сияқты. Басты түйткіл басқада: шағын, орта және ірі бизнес өндіретін тауарлар мен қызметтердің бағасы арқылы inbusiness.kz сайты жариялаған миллиардтаған шығынды түптеп келгенде бәрібір де қарапайым халық өз қалтасынан өтеп отыр.

Бұл тұста ақпаратты тағы да нақтылай түсу қажет. Алайда бұл жолғы түсініспеушілік біздің емес, inbusiness.kz сайтындағы мақала авторларының кінәсінен туындап отыр. Мәселенің мәнісі мынада: сөз болып отырған 71 миллиард теңге «артық төленген қаражат» емес, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында «жасыл» электр станциялары өндірген 2 миллиард кВт-сағат энергияның нақты құны ғана.

Мақала авторы КОРЭМ (Қазақстандық электр энергиясы мен қуатының көтерме сауда нарығы) сайтындағы «Сатып алынған электр энергиясы өзіндік құнының жиынтық шығындары» кестесіндегі мәліметтерді өте сауатты пайдаланғанымен, бір жайтты ескермеген: тегін электр энергиясы болмайды. Егер «жасыл» энергия өндірісінің тұсына нақты төленген сома көрсетілсе, бұл — шығынның көлемі емес, өнімнің өз құны екені айқын.

Бұл тұста жоғарыда айтылған пікірлер қайталанғандай көрінгенімен, inbusiness.kz авторымен толықтай келісеміз: бұл жерде артық төлем бары анық!

Мұны дәлелдеу үшін аталған кестедегі келесі деректерге назар аудару жеткілікті. Мәселен, бірінші тоқсанда дәстүрлі электр станциялары 17,8 млрд кВт-сағат энергия өндіріп, Бірыңғай сатып алушыдан ҚҚС-сыз 286,5 млрд теңге алған. Бұл әр кВт-сағат үшін орташа есеппен 16,1 теңгені құрайды.

Ал егер «жасыл» энергияға бағытталған 71,06 млрд теңгені өндірілген 2,02 млрд кВт-сағатқа бөлсек, тариф құны 35,2 теңгеге жетеді. Демек, мұнда екі еседен астам артық төлем бар екені айқын көрінеді.

Қорыта айтқанда, жаңартылатын энергия көздерінің құны қазақстандықтар мен отандық бизнес үшін дәстүрлі энергия қуатымен салыстырғанда екі еседен де қымбатқа түсіп отыр.

Бұл ретте артық төленген қаражат жер шарының жылынуымен күресуге емес, нақты тұлғалардың — жел және күн электр станциялары иелері мен олардың басқарушыларының қалтасына түсіп жатыр.

Сонымен қатар, бұған электр энергетикасын реттеуге жауапты шенеуніктердің де қатысы болуы әбден мүмкін. Себебі олар ештеңеге қарамастан, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) үшін «бірінші кезектегі құқық» тәртібін бекітті және оны жоюды жоспарлап отырған жоқ. Диспетчер ЖЭК өндірген энергияны бірінші кезекте қабылдауға міндетті. Ал бұл өз кезегінде одан екі-үш есе, тіпті он есе арзан электр станцияларын нарықтан ығыстырып шығаруда.

Тақырыпты жалғай отырып, аталған кестеден тікелей ЖЭК-ке қатысы бар тағы бірнеше көрсеткішке тоқтала кетейік: Ресейден 530 млн кВт-сағат импортталып, оған 37,7 млрд теңге төленген, ал Өзбекстаннан 1,4 млрд теңгеге 67 млн кВт-сағат энергия сатып алынған.

Нәтижесінде, көршілес Өзбекстаннан келетін көмек отандық тұтынушылар үшін кВт-сағатына 20,9 теңгеден түсіп отыр. Бұл біздегі дәстүрлі станциялардың тарифінен сәл ғана жоғары болғанымен, сатып алу көлемінің аздығына байланысты айтарлықтай шығын әкелмейді.

Ал Ресейдің бірыңғай энергожүйесінен (РАО ЕЭС) жеткізілетін қуат құны бірінші тоқсанда әр кВт-сағат үшін орташа есеппен 71,13 теңгені (ҚҚС-сыз) құраған. Бұл біздегі онсыз да қымбат «жасыл» энергия бағасынан тағы екі есе жоғары көрсеткіш.

Ресейлік импорт пен қазақстандық баламалы энергия көздерінің арасындағы байланысқа келсек, бұл екі фактор бір-бірімен тығыз астарласып жатыр. Ресей энергожүйесінен келетін қымбат импортқа тәуелділік кешкі сағат 19:00-ден кейінгі, яғни электр қуатын тұтыну ең жоғары шегіне жететін пиктік кезеңде туындайды. Дәл осы уақытта күн батып, еліміздегі КЭС-тер жұмысын тоқтатады. Бұл — қуат жинақтаушы құрылғылардың қаралмауынан, КЭС жобаларының жүйесіз әрі тиісті есепсіз жүзеге асырылуының тікелей салдары.

Ал жел электр станцияларының ең жоғары тұтыну сағаттарындағы өндірісі жалпы орнатылған қуаттылықтың төрттен біріне әрең жетеді. Бұл да — жоғарыда айтылғандай, қуат жинақтаушы құрылғылардың қаралмауынан, ЖЭС жобаларының тиісті есепсіз әрі жүйесіз жүзеге асырылуының тікелей салдары.

Жалпы алғанда, отандық энергожүйенің орташа тәуліктік қуаты жалпы тұтыну көлемін толық өтеуге қауқарлы, тіпті артығымен жетеді. Соған қарамастан, пиктік кезеңдегі генерацияның жетіспеушілігі — тікелей осы «жасыл» энергетика секторындағы олқылықтардан туындап отыр. Жаңартылатын энергия көздерінің тиісті есепсіз енгізілуі халықаралық қауымдастық алдында ұпай жинау мақсатын немесе тарифтік жоғары табысты көздеуі мүмкін. Ал бұл орасан пайда ЖЭК-тің жеке қожайындары мен осы жүйесіздікке жол берген, тіпті қуат жинақтағышсыз «көгалдандыру» процесіне тоқтау салмаған жауапты тұлғалардың арасында бөліске түсуде.

Қорыта айтқанда, егер «Ресей бірыңғай энергожүйесінен» (РАО ЕЭС) келетін бес есе қымбат энергияның шығынын жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) есебіне тікелей жазатын болсақ, inbusiness.kz сайты жариялаған сенсациялық материалдың тақырыбындағы миллиардтаған артық төлем сомасы нақ осыдан шығады. Демек, мақала авторы ешқандай қателік жібермеген, біз оның бұл тұжырымымен толықтай келісеміз.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

АҚШ пен Иранның келесі келіссөзі Пәкістанда немесе Швейцарияда өтуі мүмкін

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің келесі кезеңі Пәкістан астанасы Исламабадта немесе Швейцарияның Бюргеншток курортында өтуі ықтимал. Бұл туралы жексенбі күні Пәкістанның Dawn порталы дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Тоқаев Алжир халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алжир Халық Демократиялық Республикасының президенті Абдельмаджид Теббунға жеделхат жолдап, оны және Алжир халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Трамп АҚШ-та коммунизмге орын жоқ екенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты сөзінде америкалықтарды әсіре солшыл идеологиядан сақтандырды.