Евразия24Басты бетҚазақстанда отын дағдарысының туындау қаупі

Қазақстанда отын дағдарысының туындау қаупі

|

|

Үкімет өкілдері мен квазимемлекеттік сектор сарапшылары Қазақстанда отын дағдарысының орын алмағанын мәлімдеуде. Алайда ресми тараптың бұл мәселеде бірыңғай ұстаным танытуы белгілі бір деңгейде алаңдаушылық туғызады. Егер жағдай ресми мәліметтерге сәйкес тұрақты болып, мұнай өнімдерінің барлық түрлері бойынша қажетті қорлар қалыптасса және жеткізілім штаттық режимде жүзеге асырылса, мұндай қарқынды ақпараттық мәлімдемелердің жиілеу себебі түсініксіз. Отандық басқару аппаратының қалыптасқан тәжірибесіне сәйкес, әдетте мәселе алдымен қордалану сатысынан өтіп, содан кейін дағдарыстық жағдайға ұласады, ал басқарушы органдар тек осыдан кейін ғана проблеманың бар екенін растап, тиісті шешімдер қабылдауға көшеді.

Шешім қабылдау — басқарушы органдардың тікелей функциясы болып табылады. 2026 жылғы 21 маусым мен 21 қараша аралығында Қазақстан Республикасында бензин мен дизель отынын автомобиль көлігімен, соның ішінде ЕАЭО елдеріне шығаруға мораторий қолданылады.

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев отынды заңсыз шығаруға қарсы іс-қимыл мақсатында көршілес мемлекеттерден Қазақстан аумағына жүк және жеңіл автомобиль көлігінің кіруі тәулігіне бір рет болып шектелгенін хабарлады. Шетелдік автокөлік құралдарының иелеріне бензин мен дизель отынын канистрлерге (Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында гитлерлік Германияда жасалған өнертабыс) құйып сатып алуға және қосымша отын бактарын пайдалануға тыйым салынады.

Белсенді іс-қимылдар 6 шілдеден кейін, атап айтқанда Украина Қарулы Күштерінің ұшқышсыз ұшу аппараттары Омбы қаласындағы бензин өндіретін Ресейдегі соңғы — он бірінші — ірі мұнай өңдеу зауытына (қуаттылығы жылына 5 млн тонна) соққы бергеннен соң басталды. Бұған дейін Кстово (4,8 млн тонна бензин), Мәскеу (2,9 млн т), Ярославль (2,6 млн т), Рязань (2,2 млн т), Пермь (2 млн т), Кириши (2 млн т), Волгоград (1,9 млн т), Ново-Уфа (1,2 млн т), Новокуйбышевск (1,1 млн т) және Сызрань (0,8 млн тонна бензин) қалаларындағы мұнай өңдеу кәсіпорындары да ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған болатын.

Ресей Федерациясындағы отын дағдарысына дейін бензиннің тәуліктік тұтыну көлемі шамамен 110 мың тоннаны құрады. Қазіргі уақытта елде жеке автокөліктердің саны 50 миллион бірліктен асады.

Жағдайдың ушығуына Ресейде 2014–2017 және 2018–2024 жылдары екі кезеңмен жүргізілген «салықтық маневр» де әсер етті. Соның салдарынан елде мұнай өнімдерін шығару экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып қалды. Үкімет экспорттық баж салығын жойғаннан кейін, тігінен интеграцияланған мұнай компаниялары шикі мұнайды жаппай шетелге сатпауы үшін мемлекет оларды ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз еткені үшін субсидиялап келген болатын.

Алайда 2026 жылы мемлекеттік бюджет тапшылығының күрт ұлғаюы субсидия көлемінің қысқаруына әкелді. Дәл осы кезеңде украиндық ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққылары да жиілей түсті. Ал ішкі нарықта бәсекелестердің пайда болуын қаламайтын ресейлік мұнай-газ алпауыттарының қарсылығынан, 2023 жылдан бері айтылып келе жатқан шағын мұнай өңдеу зауыттарын салу туралы ұсыныс соңғы апталарға дейін тек қағаз жүзінде қалып келді.

2025 жылы Қазақстанда 5,7 млн тонна автокөлік бензині, 6,1 млн тонна дизель отыны және 0,8 млн тонна авиациялық керосин өндірілді. Өндіріс көлемінің 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскені байқалғанымен, ел ішінде жанар-жағармай материалдарын тұтыну көрсеткіші де тұрақты түрде артып келеді. Бұған автопарктің кеңеюі, транзиттік логистика мен авиатасымалдың жандануы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен тау-кен өндірісі салалары тарапынан сұраныстың жоғарылауы тікелей әсер етуде.

Қазіргі уақытта Қазақстанның солтүстігінде Ресей Федерациясымен, ал оңтүстігінде Қырғызстанмен арадағы шекаралас аймақтарда отын тапшылығы қаупі туындады. Соңғы оқиғаларға дейін Бішкек импортталатын бензин мен дизель отынының шамамен 95%-ын Ресейден алып келген болатын. Қырғызстаннан әрі қарай орналасқан Тәжікстанда да тұтынылатын отынның басым бөлігі ресейлік өнімдердің үлесіне тиіліп отыр. Сонымен қатар Өзбекстан нарығында да бензин мен дизель бағасының өсу үрдісі байқалады.

Қазіргі уақытта жанар-жағармай материалдарының заңсыз шығарылуына тосқауыл қою мақсатында қазақстан-ресей шекарасында бақылау-өткізу пункттері орнатылғанымен, шекараны толықтай жауып тастау мүмкін емес. Ресейлік жанармай құю станцияларындағы бензин бағасы (рубльді ағымдағы бағаммен есептегенде) литріне 600 теңгеге жуықтады, ал Қазақстан Республикасында оның құны 300–350 теңге көлемінде сақталып отыр. Нарықтық экономика жағдайында мұндай баға айырмашылығы болған кезде, Қазақстаннан Ресей Федерациясына қарай отын ағынының кез келген тәсілмен бағытталуы объективті заңдылық болып табылады.
Мысал ретінде 20 тонна бензин тиелген бензовозды алсақ: баға айырмашылығынан түсетін 6 миллион теңге көлеміндегі пайданың 3 миллион теңгесі шекара маңындағы түрлі «қосымша шығындарға» жұмсалған күннің өзінде, мұндай жағдайда тауардың мемлекеттік шекарадан өтпей қалуы екіталай.

Ресей аумағындағы Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына Украина Қарулы Күштерінің ұшқышсыз ұшу аппараттары тарапынан жасалған шабуылдар Қазақстанның мұнай-газ саласына әлі де теріс ықпал етуде, бұл мемлекеттік бюджет түсімдеріне айтарлықтай нұқсан келтіріп отыр. Сонымен қатар Дональд Трамп Иранмен арадағы барлық уағдаластықтар мен құжаттардан бас тартып, Тегеранға қарсы әскери іс-қимылдарды қайта бастады.

Егер Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы күрт сипат алса, Ислам революциясы күзетшілерінің корпусы АҚШ-тың қолжетімді аймақтардағы мұнай-газ активтеріне соққы беру туралы ескертуін іске асыруы мүмкін. Қазақстанға қатысты айтар болсақ, бұл қауіп отандық мұнай өндірісінің негізі саналатын Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарына төнуі ықтимал. Иранның басқарушы элитасының өз мәлімдемелерін орындауға бейімділігін ескерсек, бұл жағдай белгілі бір деңгейде алаңдаушылық туғызады.

Қалыптасқан жағдайда Астана тарапынан қысқа мерзімді шұғыл шаралар қолдану жеткіліксіз, бұған кем дегенде бірнеше қадам ілгері есептелген таяу мерзімді стратегия қажет. Жанар-жағармай материалдары нарығы — ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде де, көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасты реттеуде де өте сезімтал мәселе болып табылады. Осыған байланысты, «жағдай толық бақылауда» деген сенім мен «үрей» арасындағы тұрақсыздыққа жол бермей, жүйелі (дұрысы, орта мерзімді) стратегия әзірлеу талап етіледі.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Шымкентте 46 мың оқушы жаңа оқулықпен қамтамасыз етілді

Шымкентте прокуратураның араласуынан кейін 46 мыңнан астам оқушы оқулықпен қамтамасыз етілді. «Тексеру барысында қаладағы мемлекеттік мектептерге 170 мыңнан астам оқулық жетіспейтіні анықталды.

Үкімет 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмек берудің жаңа тәртібін бекітті

Қазақстан Үкіметі атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері мен оны тағайындау шарттарын, сондай-ақ азаматтың мұндай көмекке мұқтаж емес екенін анықтау өлшемшарттарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылы 19 қазанда қол қойды. Құжат Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес қабылданған және 2027 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Ларри Джонсон және Америка

«Купол юрты» арнасының платформасында АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бұрынғы қызметкері Ларри Джонсонның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде сөйлеген сөзі жарияланды. Оның бұл мінберден сөз сөйлеуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Джонсонның өз айтуынша, ол кезінде КСРО-ға қарсы ақпараттық операцияларға тікелей қатысқан. Бұл салада мол тәжірибе жинақтап, ақпараттық соғыстың қалай жүргізілетінін жақсы меңгерген.

Қазақстанда тағы бір қылмыскерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді

Павлодар облысында кәмелетке толмаған апалы-сіңлілі екі қызды зорлап, оларға АИТВ жұқтырған ер адамға сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.