Мәскеу. 13 шілде. ИНТЕРФАКС – Жылдың алғашқы жартысында мұнай фьючерстері нарығында құбылмалылық жоғары болды. Бұған нарық қатысушыларының геосаяси оқиғалар мен олардың әлемдік мұнай жеткізіліміне ықпалын үнемі қайта бағалап отыруы себеп болған. Бұл туралы ОПЕК өзінің ай сайынғы есебінде мәлімдеді.
Ұйымның бағалауынша, бағаның құбылмалылығына алыпсатарлар мен инвестициялық қорларды басқарушы компаниялардың да әсері болды. Олар мұнай бағасына қатысты күтулердің өзгеруіне қарай алыпсатарлық позицияларын жиі қайта қарап отырған.
Сонымен қатар, жоғары құбылмалылыққа қарамастан, мұнайдың нақты физикалық нарығындағы іргелі көрсеткіштер тұрақты болып қалды. Парсы шығанағы елдерінен мұнай экспорты мен теңіз тасымалына қатысты белгісіздік спот-нарықтағы бағаны қолдап отырды.
Алайда мамыр мен маусым айларында мұнай фьючерстерінің бағасы өңірлік мұнай ағындарының ұлғаюы және қысқа мерзімді ұсыныстың артуы туралы күтулердің күшеюіне байланысты төмендеді. Соның нәтижесінде геосаяси тәуекелдерге байланысты қалыптасқан баға үстемесі азайды.
ОПЕК мәліметінше, маусым айында қысқа мерзімді ұсыныстың молаюына қатысты болжамдармен қатар, инвестициялық қорларды басқарушы компаниялардың мамыр айының басынан 30 маусымға дейін 357 млн баррель мұнайға баламалы көлемді сатуы мұнай бағасына елеулі төмендетуші қысым көрсетті.
Соған қарамастан, әлемдік мұнай қорының төмен деңгейде сақталуы және жазғы автокөлік маусымында мұнай өңдеу зауыттары тарапынан сұраныстың жоғары болатынына қатысты күтулер физикалық мұнай нарығын қолдауды жалғастырды.
Сарапшылар мұнай өнімдері бағасының айтарлықтай өскенін де атап өтті. Сонымен қатар сәуір айында мұнай өңдеу көлемі мұнай жеткізілімінің қысқаруы мен ауқымды көктемгі жөндеу жұмыстарына байланысты тәулігіне 7,3 млн баррельге азайды. Соның салдарынан мұнай өнімдерінің бағасы шикі мұнай бағасына қарағанда жылдамырақ өсті.
Орташа дистилляттар, әсіресе авиациялық керосин, Шығыс пен Батыс арасындағы жеткізілімдердің бұзылуына және Еуропа мен АҚШ-тың импортқа ішінара тәуелділігіне байланысты ең осал сегменттердің бірі болды. Ауыр мұнай жеткізілімінің шектеулі болуы дизель отыны өндірісінің одан әрі төмендеуіне әсер етті. Ал бензин бағасының өсуі салыстырмалы түрде баяу болды, өйткені оның қоры жеткілікті деңгейде сақталды.
2026 жылдың екінші тоқсанының ортасынан бастап барлық өңірлерде мұнай өнімдері нарығындағы теңгерімнің жақсаруына байланысты олардың бағасы біртіндеп төмендей бастады.
ОПЕК сарапшыларының пікірінше, қазіргі уақытта әлемдік мұнай өңдеу көлемі 2025 жылғы орташа деңгейден тәулігіне шамамен 5 млн баррельге төмен болғандықтан, алдағы кезеңде мұнай өнімдерінің ұсынысы артып, нарықтағы теңгерім одан әрі жақсаруы мүмкін. Соған қарамастан, жазғы демалыс маусымында көлік отынына сұраныстың жоғары болуы мұнай өнімдері бағасының жоғары деңгейде сақталуына ықпал етеді.




