Брюссель. 13 шілде. ИНТЕРФАКС – Дүйсенбі күні Брюссельде өткен Еуроодақтың Сыртқы істер жөніндегі кеңесі Арменияға арналған Еуроодақтың серіктестік миссиясының (EUPM Armenia) іске қосылғанын жариялады.
«Еуроодақ сарапшылары Армения билігіне киберқауіптер мен жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ заңсыз қаржы ағындарының жолын кесуге қолдау көрсетеді», – деді Еуроодақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас.
ЕО Кеңесінің хабарламасында миссия Еуропалық одақтың Ортақ қауіпсіздік және қорғаныс саясаты аясында құрылғаны атап өтілген.
«Бұл азаматтық консультативтік миссияның мақсаты – Армения билігіне елдің гибридтік қатерлерге төзімділігін арттыруға және қауіпсіздік саласындағы өзгермелі сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау әлеуетін күшейтуге жәрдемдесу», – делінген құжатта.
Миссия Арменияның түрлі мемлекеттік мекемелеріне осындай қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін стратегиялық кеңес беріп, техникалық сараптамалық қолдау көрсетеді және институционалдық әлеуетті нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар миссия практикалық операциялық кеңестер беріп, өз мандаты шеңберіндегі мақсатты жобаларды жүзеге асыратын арнайы жұмыс тобын құрады. Бұл жұмыстар халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастықта жүргізіледі.
Брюссельдің мәліметінше, EUPM Armenia атқарушы өкілеттігі жоқ миссия болып табылады және Армения билігінің шешім қабылдау процестеріне қатыспайды.




