Zakon.kz хабарлауынша, Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мемлекеттік зейнетақы кепілдігін алып тастау мәселесіне қатысты тараған пікірлерге түсініктеме берді. Ведомство өкілдері 2003 жылдан бері қолданыста болған бұл тетіктің неліктен өзектілігін жоғалтқанын түсіндірді. Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік кепілдік алғаш енгізілген кезде оның негізгі мақсаты азаматтардың зейнетақы жинақтарын инвестициялау стратегиясына өз бетінше ықпал ету мүмкіндігінің болмауын өтеу болған. «Инвестициялық саясатты мемлекет айқындап, салымшылардың өз қаражатын басқару құқығын шектегендіктен, нақты инвестициялық табыстылық пен инфляция деңгейі арасындағы айырманы өтеу міндетін де мемлекет өз мойнына алды», – деп атап өтті министрлік. Министрліктің түсіндіруінше, салымшыларға инвестициялық басқарушы компанияны және инвестициялау стратегиясын өз бетінше таңдау құқығы берілгеннен кейін мемлекеттік кепілдіктің құқықтық әрі экономикалық негіздемесі біртіндеп өз маңызын жоғалта бастаған.
Еуразия24 пікірі:
2026 жылы 11 маусымда Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізілді. Түзетулерге сәйкес, 2027 жылы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдік тетігі өзгереді. Біздіңше, мемлекет осы өзгерістер арқылы ұзақ жылдар бойы жүргізген инвестициялық саясаттың нәтижесі үшін жауапкершілікті біртіндеп өзінен алыстатуға тырысып отырғандай. Өйткені инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдіктің енгізілуі кездейсоқ шешім емес еді. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық саясатын іс жүзінде Ұлттық банк айқындады, ал азаматтардың өз зейнетақы жинақтарының қалай инвестицияланатынына ықпал ету мүмкіндігі болған жоқ. Енді Еңбек министрлігі басқарушы компанияны таңдауға мүмкіндік берілгендіктен, мемлекеттік кепілдіктің бастапқы құқықтық әрі экономикалық негізі өзектілігін жоғалтты деп түсіндіреді. Алайда бір маңызды жайт назардан тыс қалып отыр. Басқарушы компанияны таңдау құқығы салымшыларға тек кейінгі жылдары ғана берілді. Ал зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі инвестициялық шешімдерді мемлекет қабылдап келген кезеңде қалыптасты. Оның үстіне бұл инвестициялық басқарудың нәтижесін де жоғары бағалау қиын. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2014 жылы құрылғаннан бері алынған жиынтық инвестициялық табыс жинақталған инфляция деңгейінен шамамен екі пайызға ғана жоғары болды. Демек, он жылдан астам уақыт ішінде мемлекеттік басқару жүйесі салымшылардың зейнетақы жинақтарының нақты сатып алу қабілетін өте мардымсыз деңгейде ғана арттыра алды. Жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың нарыққа жіберілуіне де осы жағдайлардың ықпал еткені анық.




