Брюссель. 14 шілде. ИНТЕРФАКС – Сейсенбі күні Брюссельде Украинаның Еуропалық одаққа (ЕО) қосылуы жөніндегі Үкіметаралық конференцияның үшінші отырысы өтті. Оның барысында келіссөздердің алтыншы кластері – «Сыртқы қатынастар» бағыты ресми түрде ашылды. Бұл туралы ЕО Кеңесінің хабарламасында айтылды.
«Бірінші кластер ашылғаннан кейін небәрі бір ай өткен соң және Ирландияның ЕО Кеңесіне төрағалығы басталғанына екі апта толғанда, біз Украинаның Еуроодаққа мүшелік жолындағы тағы бір маңызды кезеңге қол жеткіздік. Бүгін сыртқы қатынастарға арналған тағы бір негізгі келіссөздер кластерін аштық», – деді Ирландияның Еуропа істері және қорғаныс жөніндегі мемлекеттік министрі Томас Бирн.
Ол Ирландияның ЕО Кеңесіне төрағалығы атынан Еуроодақ делегациясын басқарды. Келіссөздерге Еурокомиссияның кеңею мәселелері жөніндегі мүшесі Марта Кос та қатысты.
Томас Бирннің айтуынша, Еуроодақтың кеңеюі – ЕО мен Украина үшін бейбітшілікке, қауіпсіздікке, тұрақтылық пен өркендеуге бағытталған стратегиялық инвестиция.
ЕО Кеңесінің түсіндіруінше, алтыншы кластер екі келіссөз тарауын қамтиды. Оның ішінде 30-тарау Еуроодақтың ортақ сауда саясатына, гуманитарлық көмекке және даму саласындағы ынтымақтастыққа арналған. Ал 31-тарау ЕО-ның ортақ сыртқы саясаты, қауіпсіздік және қорғаныс саясатын қамтиды.
«Еуроодаққа қосылу үдерісі үміткер елдің нақты жетістіктеріне негізделеді. Еуроодақ заңнамасы мен еуропалық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізу және оларды іске асыру барысындағы ілгерілеу келіссөздердің бүкіл кезеңі бойы тұрақты бақылауда болады», – деп атап өтті ЕО Кеңесі.
Алтыншы кластер бойынша келіссөздердің басталуы 2026 жылғы 15 маусымда Люксембургте жарияланған «Негіздер» атты бірінші кластердің ашылуынан кейінгі келесі кезең болды.
2020 жылы енгізілген жаңартылған әдіснамаға сәйкес, Еуроодаққа мүшелік жөніндегі келіссөздер алты тақырыптық кластерге бөлінген. Олар: «Негіздер», «Ішкі нарық», «Бәсекеге қабілеттілік және инклюзивті экономикалық өсім», «Жасыл келісім және орнықты байланыстылық», «Ресурстар, ауыл шаруашылығы және өңірлік үйлесім», сондай-ақ «Сыртқы қатынастар». Бұл кластерлер жалпы 33 келіссөз тарауын қамтиды.




