Астана. 16 шілде. INTERFAX-ҚАЗАҚСТАН – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайға жұмыс сапары аясында China Communications Construction Company (CCCC) компаниясының президенті Чжан Биньнаньмен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы сапар барысында Қазақстандағы алғашқы гидроаккумуляциялық электр станциясын салу жобасын бірлесіп іске асыру жөніндегі келісімге қол қойылуын құптады. Оның айтуынша, бұл нысан ұлттық энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыруға ықпал етеді.
Ақпаратқа сәйкес, қуаты 600 МВт болатын гидроаккумуляциялық электр станциясы CCCC компаниясының еншілес кәсіпорны – China International Water & Electric Corporation қатысуымен Алматы облысындағы Қарғалы өзенінің аңғарында салынады.
Кездесу барысында Тоқаев пен CCCC басшысы бірлескен жобалардың іске асырылу барысын да талқылады. Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік беретін Бақты – Аягөз теміржол желісінің стратегиялық маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Каспий теңізінің акваториясында түбін тереңдету жұмыстарын жүргізетін бірлескен кәсіпорын құрудың маңыздылығы сөз болды.
Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы мұндай бірлескен кәсіпорынның құрылуы Каспий маңы елдерінде және одан тыс өңірлерде кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтерін көрсететін өңірлік орталық қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
China Communications Construction Company көлік инфрақұрылымы нысандарын салуға маманданған Қытайдың мемлекеттік корпорациясы болып табылады.




